Среда, 30 сентября, 2026
19.3 C
Shymkent
Курс доллара США к тенге в Республике Казахстан Курс евро к тенге в Республике Казахстан Курс российского рубля к тенге в Республике Казахстан
Жалпыұлттық аза тұту күні

Редакция таңдауы

Қошқар-Ата өзенінің жағалауы абаттандырылуда

Шымкент қаласында экологияны жақсарту және тұрғындар үшін қолайлы қоғамдық кеңістіктерді дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Осы мақсатта қала әкімдігінің бастамасымен Қошқар-Ата өзенінің жағалауын бекіту және абаттандыру жобасы қолға алынды.

Қазіргі таңда Жангелдин көшесінен Алпысбаев көшесіне дейінгі 3,5 шақырымдық аумақта жағалауды инженерлік тұрғыда бекіту, инфрақұрылымды дамыту және жасыл аймақтар құру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Бұл жобаның басты мақсаты – табиғи нысанды эрозиядан қорғау және қала тұрғындары үшін жайлы, қауіпсіз демалыс кеңістігін қалыптастыру.

Жоба аясында жаяу жүргіншілерге арналған жолдар төселіп, жарық шамдары, қоқыс жәшіктері мен орындықтар орнатылады. Сонымен қатар, аумақты көгалдандыру және санитариялық тазалықты сақтау бағытында да нақты шаралар қабылданған. Қала қызметтеріне өзен жағалауындағы жасыл желекті сақтау, қоқысты уақтылы жинау және шығару бойынша нақты тапсырмалар жүктелді.

Қошқар-Ата өзені – Шымкент қаласы үшін маңызды экологиялық және рекреациялық аймақ. Жағалауды абаттандыру жобасы бұл аумақты заманауи демалыс орнына айналдыруға бағытталған. Жаңа серуендеу аймағы тұрғындарға отбасылық демалыс, серуендеу мен белсенді тынығу үшін барлық жағдайды ұсынатын болады.

Қала басшылығы тұрғындарды өзен маңындағы тазалықты сақтауға, қоғамдық кеңістіктерге жанашырлықпен қарауға шақырады. Табиғи аумақты қорғау – әрбір шымкенттіктің ортақ жауапкершілігі.

Алдағы уақытта жобаның екінші кезеңінде өзен бойына балалар ойын алаңдары, веложолдар және спорттық жаттығу аймақтары салу жоспарлануда. Бұл бағытта қала әкімдігі жергілікті кәсіпкерлермен және демеушілермен ынтымақтастық орнатып, қосымша инвестиция тартуды көздеп отыр. Сондай-ақ, жағалауда шағын мәдени іс-шаралар өткізу мүмкіндігі қарастырылып, қала тұрғындары мен қонақтары үшін жаңа туристік тартымдылық нүктесін қалыптастыру межеленген. Мамандардың айтуынша, бұл жоба экологиялық мәдениетті арттырумен қатар, қаладағы жасыл аймақтардың көлемін ұлғайтып, ауаның сапасын жақсартуға да оң әсерін тигізеді.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар