Шымкент қаласында жер телімдерін түгендеу және құрылыс нысандарын тексеру жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Бұл бағыттағы негізгі мақсат – қала аумағындағы заңсыз иелену жағдайларын болдырмау, құрылыс жүргізу кезінде заң талаптарының сақталуын қамтамасыз ету және тұрғындардың құқықтық мәдениетін арттыру.
Жүргізілген кешенді зерделеу нәтижесінде бірқатар заң бұзушылықтар анықталды. Нақтырақ айтқанда, қала аумағында құжатсыз тұрғызылған 2 314 нысан тіркелді. Бұл деректер қаланың барлық ауданында бар. Атап айтқанда, олардың басым бөлігі Абай ауданында – 1 493 нысан, Тұран ауданында – 283, Еңбекші ауданында – 251, Қаратау ауданында – 234, ал Әл-Фараби ауданында – 53 нысан.
Мамандардың сараптамалық бағалауы бойынша анықталған нысандардың 1 831-і тұрғын үй ретінде пайдалануға жарамды, ал 483-і техникалық және санитарлық тұрғыда жарамсыз деп танылған. Қала әкімдігі мен тиісті мекемелер бұл нысандарға қатысты нақты шаралар қабылдауда.
Мәселен, бүгінде жарамсыз деп табылған 187 құрылыс бұзылды, ал үй салу үшін құйылған 63 іргетас жойылды. Бұл – заңсыз салынған құрылыстардың алдын алу және қаланың сәулеттік келбетін сақтау бағытындағы маңызды қадамдардың бірі. Ал тұрғындардың тұрақты өмір сүруіне жарамды деп танылған нысандар бойынша құқықтық рәсімдеу жұмыстары жүргізілуде.
Атап айтқанда, мұндай нысандардың меншік құқығын реттеу Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 244-бабына сәйкес сот тәртібімен қаралады. Бұл тәсіл заңдылықты сақтай отырып, азаматтардың құқықтарын қорғауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, қала әкімдігі мен Жер ресурстарын басқару департаменті тарапынан жер учаскелерін нысаналы мақсатына сай пайдалану, мемлекет меншігіндегі жерлердің заңсыз иелену фактілерінің алдын алу және жер қатынастары саласындағы құқықтық тәртіпті күшейту бойынша тұрақты бақылау орнатылған.
Мамандардың айтуынша, алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстар күшейтіледі. Заманауи геоақпараттық жүйелерді пайдалана отырып, жер мониторингі жүйелі түрде жүргізілмек. Әрбір анықталған бұзушылық бойынша жауапты тұлғаларға заң аясында тиісті шара қолданылады.
Бұл бастама – Шымкент қаласының аумақтық дамуын жүйелеуге, жер ресурстарын тиімді пайдалануға және құрылыс саласында ашықтықты қамтамасыз етуге бағытталған. Тәртіп пен заң үстемдігі сақталған жағдайда ғана қала инфрақұрылымы тұрақты дамып, тұрғындарға қолайлы өмір сүру жағдайы жасалатыны анық.
Толығырақ: https://www.youtube.com/live/mP9jccfb70g?si=stxI4OA3bx20rutd
#РСКШЫМКЕНТ #БРИФИНГ




