Воскресенье, 4 октября, 2026
18.3 C
Shymkent
Курс доллара США к тенге в Республике Казахстан Курс евро к тенге в Республике Казахстан Курс российского рубля к тенге в Республике Казахстан
Жалпыұлттық аза тұту күні

Редакция таңдауы

САЙРАМ АУДАНЫНА ЖАҢА ӘКІМ САЙЛАНДЫ: ТҰРҒЫНДАР СЕНІМІ – ДАМУДЫҢ БАСТЫ КЕПІЛІ

Түркістан облысында халықтың тікелей дауыс беруі арқылы Сайрам ауданының жаңа әкімі сайланды. Бұл – еліміздегі саяси жаңғыру мен жергілікті басқару жүйесіндегі ашықтықтың нақты көрінісі. Сайлау нәтижесі бойынша сайлаушылардың басым дауысына ие болған Мадияр Мұхтарұлы Оразалиев Сайрам ауданының әкімі болып сайланды.

Облыс әкімі Нұралхан Көшеров аудан активімен кездесуде жаңа әкімді таныстырып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларына сәйкес өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету бағытындағы негізгі басымдықтарды атап өтті.

📌 «Сайрам ауданы – халық тығыз қоныстанған, экономикалық әлеуеті жоғары өңір. Ендігі міндет – тұрғындардың сенімін ақтап, нақты нәтижелі жұмыс істеу. Президентіміз жергілікті әкімдерге үлкен жауапкершілік жүктеп отыр. Әрбір шешім тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға бағытталуы қажет. Ауданның даму жоспары нақты көрсеткіштерге негізделіп, әр салада жүйелі өзгеріс болуы тиіс», – деді облыс әкімі.

Аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Сәбит Реметов сайлау үдерісінің заң талаптарына толық сай өткенін мәлімдеді. Оның айтуынша, сайлау барысына барлық байқаушылар мен сенімді өкілдер қатысып, ешқандай заңбұзушылық анықталмаған. Сайлау нәтижесінде Мадияр Мұхтарұлына ресми түрде әкім куәлігі тапсырылды.

Жиын барысында облыс басшысы жаңа әкімге аудан экономикасын дамыту, жаңа өндіріс орындарын ашу, инвестиция тарту, ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеру және тұрғындардың әлеуметтік сұраныстарын дер кезінде шешу бағытында нақты тапсырмалар берді.

Сондай-ақ, Нұралхан Көшеров Президенттің биылғы Жолдауында айтылған стратегиялық бағыттарға ерекше тоқталып өтті. «Қазақстан үш жыл ішінде толық цифрлық елге айналуы тиіс» деген Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, цифрландыру және жасанды интеллект технологияларын енгізу Сайрам ауданының даму басымдықтарының бірі болатынын атап өтті.

Жаңа әкімнің өмірбаянына тоқталсақ, Мадияр Мұхтарұлы Оразалиев 1986 жылы Сайрам ауданының Қарасу ауылында дүниеге келген. Үш жоғары білімі бар:

2008 жылы М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін инженер-технолог мамандығы бойынша тәмамдаған;

2010 жылы құқықтану,

2012 жылы Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде қаржы мамандығын игерген.

Еңбек жолын 2003 жылы газ саласында бастаған ол, кейін «ҚазТрансГаз Аймақ» акционерлік қоғамында түрлі басқарушылық қызметтер атқарды. 2016–2025 жылдары Сайрам және Қазығұрт аудандарында әкімнің орынбасары лауазымында қызмет етіп, өңірдің әлеуметтік және инфрақұрылымдық дамуына үлес қосты.

Мадияр Оразалиев өзіне сенім білдірген тұрғындарға алғысын айтып, артылған жауапкершілікті абыроймен атқаруға уәде берді.
📌 «Бұл – үлкен сенім әрі зор міндет. Ауданның дамуы жолында бар күш-жігерімді жұмсаймын. Халықпен тығыз байланыс орнатып, әрбір мәселені нақты шешіммен аяқтау – басты мақсатым. Сайрам ауданының әлеуеті зор, осы мүмкіндікті тиімді пайдалана отырып, экономика мен әлеуметтік саланы қатар дамытамыз», – деді жаңа әкім.

Сайрам ауданы бүгінде облыс экономикасында маңызды орын алады. 241 мыңнан астам тұрғыны бар өңірдің негізгі тірегі – ауыл шаруашылығы, шағын және орта бизнес, өндіріс және қызмет көрсету салалары. Соңғы жылдары аудан аумағында инфрақұрылымдық жобалар қолға алынып, жолдар жөнделіп, әлеуметтік нысандардың құрылысы қарқын алған.

Облыс әкімінің айтуынша, алдағы уақытта Сайрам ауданында инвестициялық жобаларды қолдау, жергілікті кәсіпкерлерге жеңілдетілген несие беру, жастарды жұмыспен қамту және тұрғын үй құрылысы бағытында ауқымды іс-шаралар жүзеге аспақ.

Бұл ретте өңір басшысы мемлекеттік бағдарламаларды тиімді пайдаланып, ауылдық округтерде кәсіп ашуға ниетті азаматтарға қолдау көрсету қажеттігін атап өтті.

Айта кетейік, 2025 жылдан бастап елімізде аудан және облыстық маңызы бар қалалардың әкімдері тікелей сайлау жүйесі арқылы халықтың дауысымен сайлануда. Бұл – саяси реформалардың жаңа кезеңі. Тікелей сайлау азаматтардың белсенділігін арттырып, мемлекеттік басқару жүйесінің ашықтығын күшейтеді.

Бұған дейін Түркістан облысының Бәйдібек, Мақтаарал, Созақ және Шардара аудандарында пилоттық сайлаулар сәтті өткен болатын. Сол тәжірибе негізінде Сайрам ауданында да ашық және демократиялық жағдайда сайлау ұйымдастырылды.

Тұрғындар белсенділік танытып, өз таңдауларын жасады. Бұл – қоғамның саяси мәдениеті мен азаматтық жауапкершілігінің жоғары екенінің айқын дәлелі.

Сайрам ауданының дамуы алдағы уақытта жаңа серпін алады деп күтілуде. Жаңа әкімнің тәжірибесі мен іскерлігі өңірдің әлеуметтік-экономикалық өркендеуіне, тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталмақ.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар