Вторник, 6 октября, 2026
8.3 C
Shymkent
Курс доллара США к тенге в Республике Казахстан Курс евро к тенге в Республике Казахстан Курс российского рубля к тенге в Республике Казахстан
Жалпыұлттық аза тұту күні

Редакция таңдауы

Сарыағашта мемлекетке қайтарылған активтер есебінен шалғай ауылдар орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылды

Түркістан облысының Сарыағаш ауданында халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған маңызды әлеуметтік жоба табысты жүзеге асырылды. Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні қарсаңында ауданға қарасты бірнеше шалғай елді мекенде орталықтандырылған ауыз су жүйесі іске қосылып, тұрғындар көптен күткен таза әрі қауіпсіз ауыз суға қол жеткізді. Бұл жоба Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес мемлекетке қайтарылған активтер есебінен қаржыландырылып, әлеуметтік маңызы жоғары бастамалардың нақты нәтижесін көрсетіп отыр.

Салтанатты іс-шара Әлімтау, Жылға және Дарбаза ауылдық округтеріне қарасты елді мекендерде өтті. Атап айтқанда, Әлімтау ауылдық округіндегі Тасқұдық, Жылға ауылдық округіндегі Шеңгелді және Дарбаза ауылдық округіндегі Сарысу елді мекендері орталықтандырылған ауыз су жүйесімен қамтамасыз етілді. Ашылу рәсіміне Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев, аудандық мәслихат төрағасы Рысбек Асылбекұлы, мәслихат депутаттары, салалық бөлім басшылары, мердігер ұйым өкілдері және ауыл тұрғындары қатысты.

Аудан әкімі Арман Абдуллаев өз сөзінде тұрғындарды айтулы мерекемен және аудан үшін маңызды оқиғамен құттықтады. Ол шалғай елді мекендерді таза ауыз сумен қамту мемлекеттің әлеуметтік саясатындағы басым бағыттардың бірі екенін атап өтті.

– Тәуелсіздік күні қарсаңында ауданымыздағы бірнеше елді мекеннің орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылуы – мемлекетіміздің халық игілігі үшін атқарып жатқан жүйелі жұмысының нақты нәтижесі. Президентіміздің тапсырмасына сәйкес мемлекетке қайтарылған активтерді әлеуметтік маңызы жоғары жобаларға бағыттау – халықтың әл-ауқатын арттыруға арналған маңызды әрі тиімді шешім. Бүгін іске қосылған жаңа ауыз су жүйелері мыңдаған тұрғынның тұрмысын жеңілдетіп, денсаулығын нығайтуға, санитарлық жағдайды жақсартуға мүмкіндік береді. Бұл – ауданымыздың тұрақты дамуы жолындағы үлкен жетістік, – деді аудан басшысы.

Аталған елді мекендердегі ауыз су жүйелерінің құрылыс жұмыстарын «FS Development Group» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүзеге асырды. Жоба аясында су көздері жаңартылып, магистральдық және тарату желілері тартылды, қажетті техникалық жабдықтар орнатылды. Барлық жұмыстар қолданыстағы санитарлық және экологиялық талаптарға сәйкес жүргізіліп, су сапасына тұрақты бақылау жасау мүмкіндігі қарастырылған.

Жаңа ауыз су жүйелерінің іске қосылуы тұрғындардың күнделікті өміріне оң өзгеріс әкеледі. Бұған дейін ауыз суды тасымалдап немесе жеке құдықтарды пайдалануға мәжбүр болған ауыл тұрғындары енді орталықтандырылған, сапалы сумен тұрақты түрде қамтамасыз етіледі. Бұл әсіресе балалардың, қарттардың және әлеуметтік тұрғыдан осал топтардың денсаулығын сақтауда маңызды рөл атқарады. Сонымен қатар орталықтандырылған су жүйесі тұрмыстық жағдайды жақсартып қана қоймай, ауылдық жерлерде шағын кәсіпкерліктің дамуына да серпін береді.

Бүгінгі таңда Сарыағаш ауданында 1 қала және 13 ауылдық округ бар. Аудан аумағында жалпы саны 63 елді мекен орналасқан. Соңғы жылдары өңірде инженерлік инфрақұрылымды дамытуға ерекше назар аударылып, ауыз сумен қамту деңгейін арттыру бағытында кешенді жұмыстар жүргізілуде. Бұған дейін орталықтандырылған ауыз сумен қамту көрсеткіші 79,3 пайызды құраған болатын. Кейінгі жылдары Жібек жолы, Қарабау, Зортөбе, Сарқырама және Жаңақұрылыс елді мекендеріне ауыз су желілерінің тартылуы нәтижесінде бұл көрсеткіш 85,7 пайызға дейін өсті.

Ал Сарысу, Тасқұдық және Шеңгелді елді мекендеріндегі ауыз су жүйелерінің іске қосылуымен аудан бойынша орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған ауылдар саны 59-ға жетіп, қамту деңгейі 93,7 пайызды құрады. Бұл көрсеткіш Сарыағаш ауданында халықты таза ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесінің кезең-кезеңімен және жүйелі түрде шешіліп келе жатқанын көрсетеді.

Жалпы алғанда, мемлекетке қайтарылған активтер есебінен жүзеге асырылған бұл жоба қоршаған ортаны қорғау, су ресурстарын тиімді пайдалану және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру бағытындағы маңызды қадам болып табылады. Алдағы уақытта да Сарыағаш ауданында әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған жобалар жалғасын тауып, әрбір елді мекенді сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету басты назарда болады.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар