Шымкент қаласында цифрлық инфрақұрылымды дамыту мен тұрғындарды сапалы интернетпен қамтамасыз ету бағытында ауқымды және жүйелі жұмыстар атқарылуда. Бұл бағыттағы басты мақсат – заманауи байланыс технологияларын енгізу арқылы қала халқының өмір сүру сапасын арттыру, білім беру мен бизнесті цифрландыру процесін жеделдету және барлық әлеуметтік нысандарды тұрақты интернетпен қамту.
Қазіргі таңда мегаполис аумағында мобильді байланыс операторларына тиесілі 1740 базалық станция жұмыс істейді. Оның ішінде «Кселл» АҚ – 784, «Кар-Тел» ЖШС (Beeline) – 506 және «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС (Tele2/Altel) – 450 станцияны пайдалануда. Бұл станциялар қала тұрғындары мен қонақтарына үздіксіз байланыс пен жоғары жылдамдықтағы интернет қызметін ұсынуда маңызды рөл атқарып отыр.
2023 жылы жүргізілген кешенді талдау нәтижесінде қала аумағында байланыс сапасы төмен 147 нүкте анықталған болатын. Атап айтқанда, «Кселл» бойынша – 53, «Кар-Тел» бойынша – 33 және «Мобайл Телеком-Сервис» бойынша – 41 нүкте тіркелген. Осы мәселелерді шешу мақсатында арнайы Жол картасы қабылданып, жоспарлы түрде іске асырылды. Нәтижесінде соңғы үш жылда қалада 295 жаңа базалық станция орнатылып, оның ішінде «Кселл» – 215, «Кар-Тел» – 80 жаңа нүктені іске қосты. Сонымен қатар, 398 станцияда жаңғырту жұмыстары жүргізілді, бұл олардың қуатын және интернет жылдамдығын айтарлықтай арттырды.
Заманауи технологияларды кезең-кезеңімен енгізу нәтижесінде 361 базалық станция бүгінде 5G желісінде жұмыс істеуде. Бұл — жоғары жылдамдықтағы мобильді интернет пен тұрақты байланысқа қол жеткізудің маңызды қадамы. Жүргізілген жұмыстардың арқасында байланыс сапасы төмен аймақтар саны 147-ден 11 нүктеге дейін қысқарды, оның ішінде «Кселл» бойынша – 6 және «Кар-Тел» бойынша – 5 нүкте ғана қалды.
Бүгінгі таңда операторлар тарапынан базалық станцияларды орнату мерзімін қысқарту және олардың тиімділігін арттыру үшін 18 жаңа антенна-мачталық құрылғы мен қос мақсатты 1 тірек орнату жұмыстары қолға алынған. Бұл құрылғылар шағын аудандар мен жаңа тұрғын алаптарда интернет жылдамдығын арттыруға және сигнал сапасын тұрақтандыруға мүмкіндік береді.
Жалпы, атқарылып жатқан шаралар Шымкент қаласының тұрғындарын жоғары сапалы байланыс және жылдам интернетпен толық қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл қадамдар мегаполистің «ақылды қала» концепциясын жүзеге асыруға, электронды қызметтер мен онлайн білім беру жүйелерін дамытуға және кәсіпкерлікті цифрландыруға кең жол ашпақ.
Болашақта мобильді операторлармен бірлесіп, 5G желісін қала маңындағы елді мекендерге дейін кеңейту және интернет инфрақұрылымын жаңа деңгейге көтеру жоспарланып отыр.
Толығырақ: https://www.youtube.com/live/hrIwC_E42JA?si=mztrveEgzmp5LIyM
#РСКШЫМКЕНТ #БРИФИНГ




