
2025 жылғы 19 шілде күні Шымкент қаласының саябақтарында дәстүрлі түрде жалғасып келе жатқан «Шымқала кештері» аясында кең ауқымды мәдени іс-шаралар өтті. Жазғы демалыс күндері қала тұрғындары мен қонақтары үшін арнайы ұйымдастырылған кештер Шымкенттің көрікті орындарының бірі — «Shym City» саябағында жалғасын тапты.
Аталған шарада «Шымкент концерт» ұйымының талантты өнерпаздары ашық аспан астында концерттік бағдарлама ұсынып, көрермендерге ерекше көңіл-күй сыйлады. Қалалық филармонияның әртістері сахнада өнер көрсетіп, кешкі самалмен тыныстап жүрген қала тұрғындарына шынайы музыкалық әсер тарту етті.
Кеш барысында Тәттібек Бегалиев, Эльмира Амирова, Абзал Молдабеков, Гүлзина Шорабекова, Саддаулет Сүлейменов және Қуаныш Абжаппар сынды танымал әншілер эстрадалық әндерді орындап, шымкенттіктердің ыстық ықыласына бөленді. Келушілер әншілермен бірге ән айтып, сахнаға шығып би билеп, естелік суреттерге түсіп, көңілді кештің куәсі болды.
Айта кету керек, «Шымқала кештері» жобасы қала тұрғындарының мәдени демалысын жандандыру мақсатында әр сенбі және жексенбі күндері күз айларына дейін жалғасын табады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, алдағы уақытта бұл жобаға жергілікті шығармашылық ұжымдармен қатар, еліміздің басқа өңірлерінен және шетелден шақырылған қонақтар да қатыспақ. Сондай-ақ, кеш бағдарламасына театрландырылған көріністер, қолөнер шеберлерінің көрмелері мен балаларға арналған анимациялық қойылымдар енгізіледі. Мұндай кештер қала тұрғындары мен қонақтарының бос уақытын мәнді өткізуіне ғана емес, Шымкенттің мәдени өмірін байытуға да ықпал етеді. Сонымен қатар, жобаның туристік әлеуеті де жоғары, өйткені мұндай шаралар қаланың имиджін көтеріп, өңірге келетін меймандар санын арттыруға мүмкіндік береді.




