5 қазан – елімізде қоғамның рухани дамуы мен келешек ұрпақ тәрбиесіне өлшеусіз үлес қосқан ұстаздар қауымына арналған ерекше күн. Бұл мереке – ұстаз еңбегіне деген шынайы құрмет пен ризашылықтың белгісі.
Осы атаулы күнге орай Шымкент қаласында «Ұстаз – ұлттың шамшырағы» атты салтанатты іс-шара ұйымдастырылды. Мерекелік жиынға Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков, білім саласының ардагерлері мен үздік педагогтар, оқу орындарының басшылары қатысты.
Іс-шара барысында қала басшысы барша ұстаздарды кәсіби мерекелерімен құттықтап, олардың ел болашағын тәрбиелеудегі рөлін ерекше атап өтті. Әкім өз сөзінде:
«Ұстаз – ұлт келешегін қалыптастыратын тұлға. Білім мен тәрбиенің бастауы – ұстаз еңбегі. Сондықтан мұғалімнің мәртебесін арттыру – мемлекет үшін стратегиялық маңызы бар бағыт», – деді.
Мерекелік жиында үздік педагогтарға мемлекеттік және салалық марапаттар табысталды. Олардың арасында «Еңбек ардагері» медалімен, «Ы. Алтынсарин» және «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгілерімен марапатталған ұстаздар бар. Сонымен қатар, бірқатар мұғалімдер қала әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды.
Қала әкімі өз сөзінде педагогтерге көрсетіліп отырған қолдаудың маңыздылығын атап өтті. Соңғы жылдары Шымкент қаласында білім беру жүйесін жаңғырту, мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайту, ұстаздардың жалақысын арттыру бағытында нақты жұмыстар жүргізілуде.
Бүгінде Шымкент қаласында 32 мыңнан астам педагог қызмет етеді. Олардың ішінде:
1 педагог – «Қазақстанның Еңбек Ері» атағына ие,
4 ұстаз – «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағын иеленген,
4 педагог – «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған.
Бұл марапаттар ұстаздардың ерен еңбегіне берілген жоғары баға. Сонымен қатар, жас мамандардың ұстаздық жолға қызығушылығы артып, педагогикалық мамандықтың беделі жыл сайын өсіп келеді.
Мерекелік іс-шара барысында ұстаздарға арнап концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, шығармашылық ұжымдар мен жас өнерпаздар өнер көрсетті. Залда жылы лебіздер, алғыс пен қуаныш лебі есіп тұрды.
Іс-шара соңында қала басшысы барша педагогтерге қажырлы еңбегі мен ұлт болашағына қосқан зор үлесі үшін алғыс білдіріп, ұстаздарға мықты денсаулық, отбасылық амандық пен кәсіби табыс тіледі.
Ұстаз еңбегі – елдің ең қастерлі еңбегі. Себебі әр шәкірттің жүрегінде ұстазға деген құрмет мәңгі сақталады.
#ҰстаздарКүні #Шымкент #БілімБерудіңБеделі




