Шымкент қаласының әкімдігі мен «Қазақтелеком» АҚ арасында «Ақылды қала» (Smart Shymkent) жобасын іске асыру жөнінде өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжатқа қала әкімі Ғабит Сыздықбеков пен компанияның Басқарма төрағасы Бағдат Мусин қол қойды.
Бұл келісімнің басты мақсаты – Шымкентті заманауи, қауіпсіз және технологиялық тұрғыдан дамыған қалаға айналдыру. Жоба «Smart Shymkent» жол картасы аясында жүзеге асырылады және ол пилоттық цифрлық шешімдерді сынақтан өткізу мен енгізуді көздейді. Цифрлық сервистердің көмегімен қалалық орта сапасын жақсарту, тұрғындардың қауіпсіздігін арттыру және инфрақұрылымды тиімді басқару жоспарлануда.
Жаңа жүйенің маңызды бағыттарының бірі – қалалық инфрақұрылымды бақылаудың орталықтандырылған жүйесін құру. Бұл жүйе нақты уақыт режимінде деректер жинап, талдап, жедел шешім қабылдауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, дрондардың бірыңғай инфрақұрылымын енгізу, қауіпсіздік процестерін автоматтандыру, экологиялық жағдайды үздіксіз бақылау және төтенше жағдайларға шұғыл ден қою сияқты бағыттарға ерекше назар аударылатын болады.
Мысалы, дрондардың бірыңғай инфрақұрылымы арқылы жол жөндеу жұмыстарының барысын, қоқыс шығару үдерісін, жол белгілерін орнату сапасын, сондай-ақ заңсыз құрылыстар мен стихиялық қоқыс үйінділерін бақылау мүмкіндігі пайда болады. Мұндай технологиялар басқару тиімділігін арттырып қана қоймай, азаматтардың өтініштеріне жедел әрекет етуге жол ашады. Айта кетейік, «Қазақтелеком» АҚ осыған ұқсас жобаны Ақмола облысында сәтті іске асырған болатын. Енді дәл осындай цифрлық шешімдер кезең-кезеңімен Шымкент қаласында енгізіледі.
Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков компания басшылығына және мамандарына озық технологияларды енгізудегі серіктестігі үшін ризашылығын білдіріп, жобаның қала өмірін айтарлықтай жақсартатынына сенім білдірді.
«Цифрлық шешімдер мен инновациялық технологияларды енгізу – бұл жай ғана техникалық жаңарту емес, бұл тұрғындардың өмір сапасын арттыру жолындағы маңызды қадам. „Ақылды қала“ жобасы қаланы басқару тиімділігін жаңа деңгейге көтереді», — деді әкім.
Жол картасы аясында Шымкентте заманауи цифрлық шешімдерге негізделген 13 пилоттық жоба жүзеге асырылатын болады. Олардың қатарында:
дрон инфрақұрылымы;
жасанды интеллекті бар бейнебақылау жүйелері;
«ақылды» есептегіштер;
экологиялық мониторинг;
ұлттық бейнемониторинг жүйесі;
медициналық жасанды интеллект шешімдері («ЖИ-терапевт», CerebraAI);
жол сапасын бақылау жүйесі;
GovTech платформасы;
смарт-бейнежетондар;
және азаматтарға арналған бірыңғай байланыс орталығы «Jardem 109».
Бұл жобалар қалалық инфрақұрылымды басқаруды автоматтандыруға, ресурстарды үнемдеуге және тұрғындармен тиімді өзара іс-қимылды қамтамасыз етуге бағытталған. «Ақылды қала» бастамасы Шымкентті елдегі цифрлық трансформацияның жетекші орталықтарының біріне айналдыруға мүмкіндік береді.




