Шымкент қаласында төтенше жағдайлардың алдын алу және тұрғындардың қауіпсіздігін күшейту мақсатында өрт сөндіру инфрақұрылымын дамытуға ерекше назар аударылып отыр. Бүгінде қала аумағындағы бірқатар шағын аудандарда жаңа өрт сөндіру деполарының құрылысы қарқынды жүргізілуде. Бұл нысандардың салынуы шалғай аймақтардағы тұрғындарға уақытылы көмек көрсетіп, төтенше жағдай кезінде оқиға орнына жедел жетуге мүмкіндік береді.
Атап айтқанда, қазіргі таңда Таскен, Елтай және Сәуле шағын аудандарында өрт сөндіру деполарының құрылыс-монтаж жұмыстары қызу жүріп жатыр. Жоба толық аяқталған соң әрбір бекетте 20-ға дейін қызметкер еңбек етіп, 2 өрт сөндіру көлігі тұрақты түрде жұмылдырылатын болады. Сонымен қатар, тұрғындардың қауіпсіздігін кешенді қамтамасыз ету үшін нысан аумағында учаскелік полиция пункті, медициналық пункт, өрт сөндіру бекеті және жол-патрульдік полиция қызметкерлері де орналасады. Бұл шағын аудандардың әлеуметтік инфрақұрылымын жақсартып қана қоймай, тұрғындардың қауіпсіз өмір сүруіне кепіл болмақ.
Құрылысы жүріп жатқан бір қабатты ғимараттардың жобасында қызметтік кабинеттер, асхана, оқу сыныбы қарастырылған. Бұл өрт сөндірушілердің кәсіби даярлығын арттыруға, сондай-ақ тәуліктік қызмет барысында қолайлы жағдай жасауға бағытталған. Құрылыс жұмыстарын мердігер мекемелер жыл соңына дейін аяқтауды жоспарлап отыр.
Айта кетейік, жыл соңына дейін Бозарық және Жаңаталап шағын аудандарында да осындай нысандардың құрылысы басталмақ. Бұл өз кезегінде қаланың әр аймағында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Ал 2026 жылы Ынтымақ, Базарқақпа, Қайнарбұлақ, Шымсити және Ақжар шағын аудандарында өрт сөндіру деполарының құрылысын қолға алу жоспарланып отыр.
Сондай-ақ, Тұран шағын ауданында 4 өрт сөндіру көлігіне арналған заманауи өрт сөндіру депосының құрылысы 2024 жылдың мамыр айында басталған еді. Қазіргі таңда құрылыс-монтаж жұмыстарының 25 пайызы орындалып, нысан 2026 жылға өтпелі жоба ретінде қарастырылуда.
Жалпы алғанда, атқарылып жатқан бұл жұмыстар Шымкент қаласының қауіпсіздік деңгейін арттырып, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға елеулі үлес қосады. Өрт сөндіру деполарының көбеюі тек төтенше жағдай кезінде ғана емес, күнделікті қоғамдық тәртіп пен тыныштықты сақтауға да ықпал етпек.




