2022 жылы ҚР Үкіметі тарапынан баспана жағдайын жақсарту шараларының бірі ретінде үйді жалдау ақысын субсидиялау енгізілген. Ереже бойынша жалға алынған тұрғын үй төлемінің 50 пайызы – мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен, ал қалған жартысы қызмет алушылардың есебінен төленеді.
Субсидия алу үшін мемлекеттік қолдаудың 4 санаты бойынша кезекте тұрған қазақстандықтар «Отбасы банк» арқылы өтініш бере алады:
- * І және ІІ топтағы мүгедектер;
- * мүмкіндігі шектеулі балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар;
- * жетім және ата-анасының қамқорлығынан айырылған балалар;
- * көп балалы отбасылар.
Жеңілдікті алу үшін қойылатын талаптар:
- * Қазақстан Республикасының азаматтығының болуы;
- * отбасының (азаматтың) соңғы 6 (алты) айдағы жиынтық табысының отбасының әр мүшесіне қоса алғанда ең төмен күнкөріс деңгейінің 1 еселенген мөлшерінен аспауы;
- * ҚР «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңына сәйкес санаттар бойынша баспана кезегінде болуы.
Қағидаға сәйкес, субсидия сомасының 80% – республикалық бюджеттен, 20% жергілікті бюджеттен төленеді.
2025 жылы 4 394 отбасы жалпы сомасы 540 млн теңге субсидиямен қамтылған болатын. Тұрғын үй басқармасы жүргізген мониторинг нәтижесінде 1 191 азаматтың субсидиясы тоқтатылып, 1 053 азаматтың баспана жалдау мерзімі аяқталған. Қазіргі таңда 2150 азамат субсидиямен қамтылуда.
Мемлекеттік тұрғын үйді жалдау ақысын субсидиялау тетігі халықтың әлеуметтік осал топтарына нақты тұрғын үй мәселесін шешуге мүмкіндік беріп отыр. Бағдарлама арқылы азаматтар жалдамалы пәтердің қаржылық жүктемесін азайтып, отбасы бюджетінің тұрақтылығын қамтамасыз ете алады. Мамандардың айтуынша, бұл қолдау түрі тұрғын үйге деген қолжетімділікті арттырумен қатар, азаматтардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған. Сондай-ақ жүйеде заңбұзушылықтардың алдын алу мақсатында тұрақты мониторинг жүргізіліп, талаптарға сай келмейтін азаматтардың субсидиясы дер кезінде тоқтатылып отырады. Алдағы уақыттарда осы бағдарламаны жетілдіру, цифрландыру және өтініш беру рәсімдерін одан әрі жеңілдету жоспарланып, әлеуметтік қолдау шараларының тиімділігін арттыру көзделіп отыр.




