2025 жылдың басынан бері Шымкент қаласында қала инфрақұрылымын дамыту және жол-көлік жүйесін жетілдіру мақсатында маңызды жұмыстар атқарылуда. Осыған орай, Шымкент қаласының Жер қатынастары басқармасы мегаполис үшін қажетті жер учаскелерін мемлекет мұқтажына алу бойынша жүйелі іс-шаралар жүргізді. Қала әкімдігінің тиісті қаулыларына және қаланың Бас жоспарына сәйкес, биыл 341 жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылды.
Аталған учаскелердің 298-інің иелеріне толық ақшалай өтемақы төленіп, келісімшарттар жасалған, ал 43 жер учаскесінің иелеріне тең бағалы жер телімдері ұсынылды. Мұндай шаралар қалада инфрақұрылымдық жобаларды, жол-көлік желілерін және дамушы аудандарды ұйымдастыруға қажетті жерлерді заңды және тиімді жолмен алу мақсатында жүргізілуде.
Негізгі бағыттар бойынша атқарылған жұмыстар келесідей:
-
Қонаев даңғылының 5-кезеңі: Жобаны жүзеге асыру үшін 270 жер учаскесі қажет болған. Оның 253-іне иелеріне өтемақы төленіп, жер мемлекет мүлкіне қайтарылды. Бұл кезең қаладағы негізгі көлік артерияларының сапасын жақсартуға, жол қозғалысын жеңілдетуге бағытталған.
-
А-2 автожолы (Бадам өзенінен Қазығұрт шағынауданындағы айналма жолға дейін): Жобаны іске асыру үшін 80 жер учаскесі қарастырылған. Қазіргі таңда 25 учаске бойынша иелерге өтемақы төленіп, жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Бұл бағыт қаладағы транзиттік қозғалысты оңтайландыруға және жол инфрақұрылымын нығайтуға мүмкіндік береді.
-
С.Бәйтереков көшесінің жалғасы – Ы.Алтынсарин көшесін қайта құру: Жобаны толық іске асыру үшін 56 учаске қажет. Бүгінде 42 учаске иелерімен келісім жасалып, өтемақы төленді. Бұл жұмыс қаладағы көлік тығынын азайтуға және тұрғындардың көлік қозғалысын жеңілдетуге септігін тигізеді.
-
Қазиев көшесінің жалғасы (Арғынбеков – Төлеметов көшелерінің аралығы): Жол инфрақұрылымын дамыту үшін 25 учаске қарастырылған. Оның 21-і мемлекет мұқтажына толық қайтарылды. Бұл бағыт жаңа даму аймақтарын ашуға және тұрғындар үшін қолайлы инфрақұрылымды қамтамасыз етуге арналған.
Шымкент қаласында жүргізіліп жатқан бұл жүйелі жұмыс қаладағы жол-көлік инфрақұрылымын жақсартуға, көлік қозғалысын жеңілдетуге, жаңа дамушы аудандарды дамытуға және тұрғындарға қауіпсіз, қолайлы ортаны қамтамасыз етуге бағытталған. Алдағы уақытта қаланың Бас жоспарына сәйкес қалған учаскелерді мемлекет мұқтажына алу жұмыстары жалғастырылып, мегаполистің инфрақұрылымдық жобаларының сапалы және уақтылы жүзеге асырылуына жағдай жасалады.
Толығырақ ақпаратты мына сілтеме бойынша көруге болады: https://www.youtube.com/live/IFG7_kEq8io?si=Cf2P7LizfkcP36ze
#РСКШЫМКЕНТ #БРИФИНГ




