Шымкент қаласында Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдық мерейтойына арналған маңызды мәдени іс-шара өтті. «Әзірбайжан этносының тілі, мәдениеті және салт-дәстүрі» деп аталған бұл мереке еліміздегі көпұлтты қоғамның бірлігі мен татулығын айшықтай түсті. Іс-шараны «Шымкент қалалық әзербайжан мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігі мен Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесі бірлесіп ұйымдастырды.
Мерекелік жиынға Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма басшысының міндетін атқарушы Заңғарбек Үсіпахметов, «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Нүркен Әлімқұлов, сондай-ақ қаламыздағы этномәдени бірлестіктердің төрағалары мен өкілдері қатысты.
Іс-шараның ашылуында Заңғарбек Үсіпахметов жиналғандарды Республика күнімен және Қазақстан халқы Ассамблеясының мерейтойымен құттықтап, ел бірлігін сақтау мен этносаралық келісімді нығайту бағытындағы жұмыстардың маңыздылығын атап өтті.
– Бүгінгі мереке – халқымыздың ауызбіршілігі мен мәдени әралуандығын паш ететін ерекше оқиға. Қазақстан халқының тілдік және мәдени байлығы – тәуелсіз еліміздің басты құндылығы. Республика күні қарсаңында ұйымдастырылып отырған мұндай іс-шаралар қоғамдағы келісім мен өзара құрметтің нақты көрінісі, – деді ол өз сөзінде.
Бағдарлама барысында көрермендер әзірбайжан халқының бай мәдениеті мен ғасырлардан жеткен дәстүрлерімен танысты. Шарада ұлттық би мен әндер орындалып, әзірбайжан поэзиясының үлгілері мен халықтық музыкалық мұралар ұсынылды. Балалар мен жас өнерпаздардың орындауындағы Абай Құнанбайұлының өлеңдері мен ұлттық әндер көрермен көңілінен ерекше орын алды.
Сондай-ақ жексенбілік мектептің оқушылары өздерінің шығармашылық өнерлерін көрсетіп, белсенді қатысқандары үшін арнайы грамоталармен марапатталды. Бұл қадам жастардың мәдениетке деген қызығушылығын арттырып, олардың өз этносының рухани мұрасына деген құрмет сезімін күшейтті.
Іс-шарада қонақтар әйгілі әзірбайжан композиторларының туындыларын тыңдап, ұлттық билердің көрінісін тамашалады. Әсіресе әзірбайжан халқының дәстүрлі музыкасы мен аспаптық өнері көрермендерді ерекше әсерге бөледі. Мерекенің соңында қатысушыларға ұлттық тағамдардан дәм татуға мүмкіндік беріліп, әзірбайжан дастарханының молшылығы мен қонақжайлығы паш етілді.
Мұндай мәдени шаралар еліміздегі түрлі этностардың өзара сыйластығын нығайтып қана қоймай, жастардың бойында отансүйгіштік пен азаматтық жауапкершілік сезімін қалыптастыруға да ықпал етеді. Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы аясындағы бұл мереке – ел бірлігі мен рухани тұтастықтың айқын көрінісі болды.
#ҚХА30жыл #30летАНК #Shymkent #Шымкент #ДостықПенБірлік




