
Бүгін қалалық Достық үйінде қоршаған ортаны қорғау және тұрақты өмір салтын қалыптастыру мақсатында «Дармарка» және «ЭкоКүн» атты экологиялық жәрмеңке ұйымдастырылды.
Аталған шара — Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай және «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясын қолдауға бағытталды. «Дармарка» – тұтыну мәдениетін өзгертуге бағытталған әлеуметтік бастама. Жәрмеңкеге қатысушылар өз үйлеріндегі жақсы күйдегі, бірақ өздеріне қажетсіз заттарды әкеліп, басқалармен тегін алмасты. Шара аясында таза және ұқыпты киімдер, кітаптар, балалар ойыншықтары және тұрмыстық заттар қабылданды. Мұндай бастама артық заттарды кәдеге жарату арқылы экологиялық жауапкершілікті арттыруға бағытталған.
«ЭкоКүн» – қайта өңдеуге жарамды қалдықтарды қабылдау акциясы. Қала тұрғындары пластик (ПЭТ бөтелкелер), шыны, қағаз, картон және алюминий банкаларды өткізуге мүмкіндік алды.
Бұл акция – тұрғындарды қалдықтарды сұрыптауға үйрету және экологиялық мәдениетті қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылды.
Іс-шараға «New Wave» жастар қозғалысы, Шымкент қаласындағы «Неміс» мәдени орталығы, «Екінші өмір» үйсіз жануарларға көмек көрсететін қайырымдылық қоры, «Добряки Шымкента» және «28 ілмек» әлеуметтік бастамасы қатысты.
Шара барысында ұйымдастырушылар экологиялық мәдениетті дамытудың маңыздылығын атап өтті. Қатысушыларға қалдықтарды дұрыс сұрыптау, қайта өңдеуге тапсыру жолдары және тұрмыста экологиялық әдеттерді қалыптастыру бойынша пайдалы кеңестер берілді. Сондай-ақ, жиналғандар арасында түрлі викториналар, балаларға арналған шеберлік сағаттары өткізіліп, жеңімпаздарға экологиялық тұрғыдан таза сыйлықтар табысталды.
Мұндай жәрмеңкелер қала тұрғындарын табиғатты қорғау ісіне белсенді араласуға, экосана мен жауапкершілік сезімін арттыруға ықпал етеді. Алдағы уақытта ұйымдастырушылар бұл бастаманы тұрақты түрде өткізіп, ауқымын кеңейтуді жоспарлап отыр.




