Вторник, 6 октября, 2026
13.3 C
Shymkent
Курс доллара США к тенге в Республике Казахстан Курс евро к тенге в Республике Казахстан Курс российского рубля к тенге в Республике Казахстан
Жалпыұлттық аза тұту күні

Редакция таңдауы

ШЫМКЕНТТЕ КӨП БАЛАЛЫ АНА ГРАНТ ҚАРЖЫСЫНА ТҮЗЕТУ-ДАМЫТУ ОРТАЛЫҒЫН АШТЫ

Шымкент қаласында биыл әлеуметтік осал топтар санатындағы 431 тұрғынға комиссия шешімімен 400 АЕК-ке дейінгі қайтарымсыз грант берілді. Қолдау алған азаматтардың басым бөлігі қаржыны мақсатты жұмсап, бизнес-жобаларын жүзеге асырып жатыр. Солардың бірі – қала тұрғыны, көп балалы ана Ақмейір Қабылбек. Ол биылғы алғашқы лекте грантқа өтінім беріп, комиссия алдында бизнес-жобасын сәтті қорғап шыққан. Нәтижесінде 400 АЕК мөлшеріндегі мемлекеттік грантқа қол жеткізіп, ерекше балаларды түзету-дамыту орталығын ашты.

2025 жылғы айлық есептік көрсеткішке сәйкес, 400 АЕК 1 572 800 теңгені құрайды. Кәсіп иесі бұл қаржыға ерекше балаларға арналған велосипед-тренажер, электрлі жүру жолағын, батут, татами, орындықтар және логопедиялық құрал-жабдықтар сатып алған. Ал орталыққа арналған ғимаратты өз қаржысы есебінен жалға алып, ісін бастап отыр.

Бүгінде орталықта 5 жасқа дейінгі ерекше күтімді қажет ететін 20 балаға логопед, АВА-терапевт, сенсорлық интеграция және АФК мамандары қызмет көрсетіп жатыр. Айта кетейік, гранттарды бекіту кезінде комиссия жобаның өміршеңдігіне, жаңа жұмыс орындарының құрылуына, нарықтағы сұранысына және үміткердің сала бойынша тәжірибесіне ерекше мән береді. Сонымен қатар қайтарымсыз грант үй мен жер телімін сатып алуға, несиені өтеуге, сондай-ақ, акциздік тауарларды өндіруге берілмейді.

Осындай әлеуметтік бағыттағы бастамалар өңірде кәсіпкерлікті дамытумен қатар, қоғамдағы инклюзивті орта қалыптастыруға да ықпал етуде. Ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған түзету-дамыту орталықтарының ашылуы ата-аналарға қолдау көрсетіп қана қоймай, балалардың ерте жастан бейімделуіне, сөйлеу, қимыл-қозғалыс және әлеуметтік дағдыларын дамытуға мүмкіндік береді.

Мамандардың жүйелі жұмысы арқылы әр балаға жеке дамыту бағдарламалары құрылып, олардың әлеуетін ашуға бағытталған кешенді қызметтер ұсынылуда. Алдағы уақытта мұндай орталықтардың санын арттыру және мемлекеттік қолдау тетіктерін кеңейту арқылы ерекше балаларға көрсетілетін қызмет сапасын одан әрі жақсарту жоспарлануда. Осылайша, гранттық бағдарламалар әлеуметтік жауапкершілігі жоғары жобалардың жүзеге асуына нақты серпін беріп отыр.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар