Шымкент қаласындағы Кәсіпкерлер палатасында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауын талқылауға арналған кеңейтілген жиын өтті. Маңызы жоғары бұл басқосудың негізгі мақсаты – Жолдауда белгіленген басым бағыттарды талдап, оның жергілікті деңгейде нақты іске асырылу тетіктерін қарастыру, сондай-ақ кәсіпкерлік қауымдастықтың ұсыныс-пікірлерін тыңдау болды.
Жиынға Шымкент қаласы кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Ермек Тұрманов, Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Бауыржан Бердалиев, Shymkent Invest – Front Office директоры Дінмұхамед Зиятбеков, сондай-ақ шаһардағы ірі және орта бизнес өкілдері, жас кәсіпкерлер мен салалық мамандар қатысты.
Кездесуді ашқан Ермек Тұрманов Мемлекет басшысының Жолдауында елдің экономикалық тұрақтылығы мен кәсіпкерлікті қолдау мәселесіне айрықша мән берілгенін атап өтті. Оның айтуынша, қазіргі таңда Шымкент қаласында өнеркәсіп саласы, соның ішінде өңдеу өнеркәсібі қарқынды дамып келеді.
– Әкімдік тарапынан инвестициялық ахуалды жақсарту бағытында жүйелі шаралар қолға алынған. Қалада жалпы аумағы 1276 гектарды қамтитын жеті өндірістік аймақ жұмыс істейді. Бұл – жаңа кәсіпорындар ашуға, қосымша жұмыс орындарын құруға және экономикалық өсімді арттыруға мүмкіндік беріп отыр. Бүгінгі жиынның басты мақсаты – кәсіпкерлердің ұсыныстарын тыңдап, өзара тиімді іс-қимылдың нақты жолдарын айқындау, – деді Е.Тұрманов.
Басқосу барысында қатысушылар өзекті мәселелерді көтеріп, сала мамандарынан нақты жауаптар алды. Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Бауыржан Бердалиев отандық тауар өндірушілер үшін сертификаттау және стандарттау үдерістерін жеңілдету бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Ал Shymkent Invest – Front Office директоры Дінмұхамед Зиятбеков инвесторларды тарту, жобаларды қаржыландыру және мемлекеттік қолдау тетіктері жөнінде жан-жақты түсініктеме берді.
Жиын соңында қатысушылар Мемлекет басшысының Жолдауында көрсетілген экономикалық реформаларды табысты жүзеге асыру үшін мемлекеттік құрылымдар мен бизнес қауымдастық арасындағы тұрақты диалогтың маңыздылығын атап өтті. Осындай ашық пікір алмасу алаңдары кәсіпкерлердің өзекті мәселелерін дер кезінде шешуге, әкімдік пен бизнес арасындағы серіктестікті нығайтуға мүмкіндік береді.
Іс-шара қорытындысы бойынша қатысушылар бірлесіп әрекет етуге, жаңа бастамаларды қолдап, ел экономикасының дамуына үлес қосуға дайын екендіктерін білдірді. «Жолдаудың басты мақсаты – әділетті экономика құру және халықтың әл-ауқатын арттыру болса, бұл бағытта әр кәсіпкердің белсенділігі мен еңбегі маңызды рөл атқарады», – деген ортақ ой жиынның түйініне айналды.




