2025 жылдың қаңтар–шілде айларында Шымкент қаласының өнеркәсіп кәсіпорындары 812,6 млрд теңгенің өнімін өндіріп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда көлемін 15,8%-ға ұлғайтты. Бұл көрсеткіш бойынша қала республика өңірлері арасында үшінші орынға шықты.
Өңдеу өнеркәсібінің үлесі жалпы өндіріс көлемінің 89 пайызын құрап, 724,2 млрд теңгеге жетті. Әсіресе, химия өнеркәсібі 2,5 есеге, машина жасау 2 есеге, ал сусын өндірісі 81,2%-ға артқан. Бұл – қала экономикасының нақты секторында оң серпін қалыптасқанын көрсетеді.
Қазіргі таңда Шымкентте жалпы аумағы 1 276 гектарды қамтитын жеті индустриялық аймақ жұмыс істейді. Мұнда 685,9 млрд теңгенің 446 инвестициялық жобасы жүзеге асырылып, 11 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды.
«Оңтүстік», «Тассай», «Жұлдыз», «Бозарық» индустриялық аймақтарында және арнайы экономикалық аймақта ірі өндіріс орындары іске қосылып, инвестициялар тартылуда.
Мысалы, «QazAlPack» алюминий қаптамасын шығару зауыты – 30 млрд теңгелік жоба аясында 112 адамды жұмыспен қамтыды. Ал «ZeineP» компаниясы медициналық бұйымдар өндірісін жолға қойып, 80 жұмыс орнын ашты.
2025 жылдың жеті айында қала экономикасына 425,4 млрд теңге инвестиция тартылды, оның 314,9 млрд теңгесі – жеке капитал. Бұл кәсіпкерлік белсенділіктің және бизнеске қолайлы жағдай қалыптасуының айғағы.
Алдағы бес жылда құны 4,9 трлн теңге болатын 211 жоба жүзеге асырылып, 26 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылмақ. Тек биылдың өзінде 65,7 млрд теңгенің 22 жобасы іске қосылып, 1 200-ден астам адам тұрақты жұмыспен қамтылатын болады.
Олардың қатарында газобетон, құрылыс материалдары, қағаз және ылғалды майлықтар өндірісін жолға қоятын жаңа кәсіпорындар бар.
Шымкенттің индустриялық аймақтары алдағы уақытта да кеңейтіледі. Қалада металлургия, мұнай-химия, тамақ және құрылыс индустриясы бағыттарында ірі жобалар жүзеге асырылмақ.
Бұл бастамалар экономиканы әртараптандыруға, инвестициялық тартымдылықты арттыруға және жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамту деңгейін көтеруге айтарлықтай әсер етеді.




