2025 жылдың 18 қарашасында Шымкент қаласында қала әкімінің тапсырмасына сәйкес «Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында маңызды әлеуметтік маңызы бар іс-шара – «Еңбек – өмірдің тұтқасы» атты қалалық бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Іс-шара «Көрме» орталығында өтті және қала тұрғындары үшін жұмысқа орналасу мүмкіндіктерін кеңейтетін тиімді алаңға айналды. Жәрмеңкеге қатысқан жүздеген азаматтар жұмыс берушілермен жеке сөйлесіп, бос орындармен танысып қана қоймай, кәсіби кеңес алу мүмкіндігіне ие болды.
Жәрмеңке барысында 400 АЕК-ке дейінгі мемлекеттік қайтарымсыз грант иегерлері арасынан 60-қа жуық жас және тәжірбиелі кәсіпкерлер өз өнімдері мен қызмет түрлерін ұсынды. Бұл шағын және орта бизнестің дамуына қосымша серпін беріп, тұрғындардың кәсіпкерлікке деген қызығушылығын арттырды. Сонымен бірге іс-шара пробация қызметінде есепте тұрған азаматтарды, бас бостандығынан айыру орындарынан жаңа босатылғандарды, мүмкіндігі шектеулі азаматтарды, сондай-ақ әлеуметтік қиындықтарға тап болған берешегі бар тұрғындарды еңбек нарығына қайта бейімдеуге бағытталды.
Жалпы жәрмеңкеге 700-ден астам адам қатысып, олардың әрқайсысына жеке кеңес беріліп, жұмысқа орналасуға нақты қолдау көрсетілді. Нәтижесінде:
• 86 адам тұрақты жұмысқа жолдама алды;
• 19 адам субсидияланатын жұмыс орындарына орналастыруға мүмкіндік алды (алғашқы жұмыс орны, жастар практикасы, қоғамдық жұмыс);
• 60 азамат enbek.kz порталында «жұмыс іздеуші» ретінде тіркелді;
• 56 адам ерікті қоныс аудару бағдарламасы бойынша түсіндіру жұмыстарын алды;
• 12 қатысушы кәсіптік оқыту курстарына жазылды;
• 32 адам жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыру үшін мемлекеттік грантқа өтініш берді.
Бұл көрсеткіштер аталған жәрмеңкенің еңбек нарығын жандандыруға, әлеуметтік осал санаттағы азаматтарды қолдауға және тұрғындарды тұрақты табыс көздерімен қамтамасыз етуге бағытталған тиімді құрал екенін дәлелдейді. Жәрмеңке қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып, еңбекке ынталандыруға, жұмыссыздық деңгейін төмендетуге оң әсерін тигізді.




