Бүгін Шымкент қаласында ауқымды инвестициялық жобаны жүзеге асыруға мүдделі Қытай Халық Республикасының «Tianjin Youfa Steel Pipe Group Co. Ltd.» компаниясының өкілдерімен ресми кездесу өтті.
Кездесу барысында инвесторлар қала аумағында әртүрлі диаметрдегі түзу жіксіз болат құбырларын шығаратын зауыт салу жоспарын таныстырды. Жоба аясында жылына 200 мың тонна өнім өндіру көзделуде. Сонымен қатар, шамамен 170 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
«Tianjin Youfa Steel Pipe Group Co. Ltd.» – болат құбырларын өндіру бойынша әлемдік жетекші компаниялардың бірі. Бүгінде кәсіпорын 290 өндірістік желіні иеленіп, жылына 300 мың тонна өнімді әлемнің 100-ден астам еліне, оның ішінде Еуропа, Оңтүстік және Солтүстік Америка, Таяу Шығыс, Азия мен Африка елдеріне экспорттайды.
Кездесу барысында жобаға қолдау көрсетуге, қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге және шетелдік серіктестерге жан-жақты көмек көрсетуге дайын екеніміз айтылды. Аталған бастама Шымкенттің индустриялық әлеуетін арттырып, жаңа технологияларды енгізуге, сондай-ақ қосымша жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.
Сонымен бірге, тараптар өндіріс процесінде экологиялық талаптарды сақтау, заманауи сүзгі жүйелерін орнату және энергия тиімділігін арттыру мәселелерін де талқылады. Инвесторлар зауыттың құрылыс кезеңінде жергілікті құрылыс компанияларын, ал кейін өндіріс іске қосылғанда білікті жергілікті мамандарды тартуға ниетті екенін атап өтті. Бұл өз кезегінде Шымкенттегі кадр әлеуетін дамытуға және тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді. Жоба іске асқан жағдайда қала бюджетіне салық түсімі артып, өңірдің өнеркәсіптік картасында жаңа ірі өндіріс орны пайда болады. Келіссөз соңында екі тарап ынтымақтастықты нығайту жөнінде өзара түсіністікке қол жеткізді.




