Шымкент қаласында Ішкі істер министрлігінің тапсырмасына сәйкес, «резеңке пәтерлерге» қатысты кешенді тексеру жұмыстары жүргізілді. Бұл іс-шара азаматтарды нақты тұрғылықты жері бойынша тіркеу тәртібін қатаң сақтау, көші-қон заңнамасын бұзу деректерін болдырмау және халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ұйымдастырылды.
ҚР ІІМ «Халықты құжаттандыру және тіркеу» ақпараттық жүйесінің мәліметтеріне сәйкес, қала аумағындағы сегіз мекенжайда бір үйге 20-дан астам адам тіркелгені анықталған. Бұл мекенжайларда барлығы 360-қа жуық азаматтың тіркеуде тұрғаны белгілі болды. Осы дерекке байланысты, 2025 жылғы 25 қыркүйекте қалалық Полиция департаменті аудандық басқармаларға тиісті нұсқау жолдап, көрсетілген мекенжайларда нақты тексеру жүргізуді және тұрғылықты жерде тұрмайтын тұлғаларды тіркеуден шығаруды тапсырды.
Тексеру нәтижесінде анықталған мекенжайлардың үшеуі жоғары оқу орындары мен колледждердің жатақханалары болып шықты. Атап айтқанда, Әл-Фараби ауданындағы Сматлаева көшесі №111 үйде Ташенов университеті мен М.Тынышбаев колледжінің студенттері тұрады. Сондай-ақ Ғ.Иляев көшесі №25 мекенжайында «Мирас» университетінің жатақханасы орналасқан. Ал Еңбекші ауданындағы Сайрам көшесі №190/11 үйде қыздарға арналған жатақхана бар. Бұл нысандардағы тіркеулер заң талаптарына толық сәйкес жүргізілген.
Дегенмен, қалған бес мекенжай бойынша (Дулати көшесі 92 және 86 үйлер, Ынтымақ шағынауданы №251 үй, Тұран шағынауданы №53а үй 51-пәтер, және 18-шағынаудан №6 үй 32-пәтер) тұрғын үй иелері заңды бұзған. Осыған байланысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 493-бабына сәйкес үй иелеріне әкімшілік хаттамалар толтырылды. Ал нақты тұрмайтын тұлғалар тіркеуден шығарылды.
Полиция департаментінің хабарлауынша, мұндай «резеңке пәтерлер» көбіне тұрғын үй нарығында көлеңкелі экономикалық тетіктердің пайда болуына, сонымен қатар көші-қон есебінің бұрмалануына алып келеді. Бұл өз кезегінде тұрғын үй қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртіпке кері әсер етеді. Осыған орай, қала аумағында профилактикалық тексерулер тұрақты түрде өткізіліп тұрады.
Құқық қорғау органдары тұрғындарға өз мекенжайы бойынша тіркеу рәсімдерін заң аясында орындауды, сондай-ақ бөтен тұлғаларды пайдакүнемдік мақсатта тіркеуге жол бермеуді қатаң ескертеді. Тұрғылықты жері бойынша тіркеу — тек құқықтық міндет емес, сонымен бірге қоғамдық қауіпсіздік пен әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етудің маңызды тетігі.
Мамандардың айтуынша, бүгінде тіркеу есебін нақтылау – қала инфрақұрылымын жоспарлау, әлеуметтік қызметтер мен мемлекеттік бағдарламаларды тиімді жүзеге асыру үшін де аса маңызды. Сондықтан бұл бағыттағы бақылау шаралары жалғасатын болады.




