Воскресенье, 4 октября, 2026
22.3 C
Shymkent
Курс доллара США к тенге в Республике Казахстан Курс евро к тенге в Республике Казахстан Курс российского рубля к тенге в Республике Казахстан
Жалпыұлттық аза тұту күні

Редакция таңдауы

ШЫМКЕНТТЕ ЖАСӨСПІРІМДЕР АРАСЫНДА ЖЕҢІЛ АТЛЕТИКАДАН ЕЛ ЧЕМПИОНАТЫ БАСТАЛДЫ

Шымкент қаласында 2012–2013 жылы туған жасөспірім ұлдар мен қыздар арасында жеңіл атлетикалық төрт сайыстан Қазақстан Республикасының чемпионаты бастау алды. Екі күнге жалғасатын жарысқа еліміздің барлық аймақтарынан келген 17 команда қатысып отыр. Жалпы, турнирге 188 спортшы тіркелген. Бұл жас өрендер үшін үлкен спорттағы алғашқы сынақ әрі болашақта үлкен жетістіктерге бастайтын маңызды кезең болмақ.

Чемпионаттың ашылу салтанатына Лондон Олимпиадасының чемпионы, қазақ спортындағы мақтанышымыз Ольга Рыпакова арнайы келіп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Ол өз сөзінде Шымкент қаласының қолайлы климаты жеңіл атлетика спортының дамуына зор мүмкіндік беретінін атап өтті. Басқа өңірлерде ауа райының қолайсыздығына байланысты спортшылар қыс мезгілінде жабық залдарда жаттығуға мәжбүр болса, Шымкентте жыл он екі ай ашық алаңда дайындық жүргізуге жағдай бар. Бұл фактор жасөспірімдердің шынығуына, табиғи ортада жаттығуына үлкен артықшылық береді.

Шымкент қаласы дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ермек Дәрменов та чемпионаттың маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, соңғы жылдары қалада жеңіл атлетиканы дамытуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Соның айқын дәлелі – Қажымұқан атындағы орталық стадионда жүргізілген ауқымды жөндеу жұмыстары. Жүгіру жолақтары халықаралық стандарттарға сай қайта жасалып, жаттығу құрал-жабдықтары толықтай жаңартылған. «Стадионда сегіз жолақты жүгіру алаңы, ядро итеру, диск пен найза лақтыруға арналған арнайы секторлар бар. Құрылыс кезінде Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакованың да ұсыныстары ескеріліп, нысан қазіргі талаптарға сай келтірілді», – деді ол.

Ал Шымкент қаласының аға жаттықтырушысы Әлішер Юупжанов бұл турнирдің жасөспірімдер үшін алғашқы іріктеу алаңы екенін айтты. «Биыл чемпионатқа алғаш рет 17 команда қатысып отыр. Бұл – үлкен жетістік. Жыл сайын қатысушылар саны артып келеді. Бұл жарыстар болашақ Олимпиада және Азия чемпиондарының жолын ашатын алғашқы баспалдақ. Көпсайысқа бейімделудің басты кезеңі – төрт сайыс. Сондықтан мұндай турнирлердің маңызы өте зор», – деді жаттықтырушы.

Шымкентте бастау алған ел чемпионаты – жасөспірім спортшылардың кәсіби деңгейін арттырып қана қоймай, олардың спортқа деген қызығушылығын одан әрі оятатыны сөзсіз. Бұл жарыстар болашақта халықаралық ареналарда ел намысын қорғайтын жаңа чемпиондардың қалыптасуына негіз болады.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар