Шымкент қаласының тұрғындары енді шаһардың дамуы мен көркеюіне қатысты өз ой-пікірлері мен ұсыныстарын тікелей жеткізе алады. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифинг барысында қала әкімінің орынбасары, Шымкент қаласы әкімдігінің ресми өкілі Сәрсен Абайұлы Құранбек мәлімдеді.
Қаланың басқару жүйесін жаңғырту, тұрғындармен тиімді кері байланыс орнату және қоғамды қаланы дамыту үдерісіне белсенді тарту мақсатында жаңа цифрлық жоба іске қосылды. Шымкент қаласы әкімі Ғабит Сыздықбековтің бастамасымен жүзеге асырылған “Шымкентті дамытуға халықтың үлесі” жобасы енді әрбір қала тұрғынына өз пікірін білдірудің заманауи әрі қолжетімді тәсілін ұсынады.
Бұған дейін қала әкімі мен оның орынбасарлары тұрғындармен кездесулер өткізіп, түрлі шағынаудандарды аралау кезінде көптеген ұсыныстар айтылып келген. Алайда сол пікірлерді жүйелі түрде жинақтап, нақты шешім қабылдауға бағыттау қажеттілігі туындаған болатын. Енді жаңа жоба бұл процесті айтарлықтай жеңілдетіп отыр.
Жоба аясында қаланың қоғамдық орындарына, аялдамалар мен әкімдік ғимараттарына, білім беру және денсаулық сақтау мекемелеріне, сондай-ақ қоғамдық көліктердің ішіне арнайы QR-кодтар орнатылады. Тұрғындар аталған кодты смартфон арқылы сканерлеп, қаланы абаттандыру, көлік инфрақұрылымын жақсарту, экологиялық мәселелерді шешу немесе әлеуметтік нысандардың жұмысын жетілдіру жөніндегі өз ұсыныстарын онлайн түрде жолдай алады.
Қала әкімі Ғабит Әбдімәжитұлы Сыздықбеков бұл бастама азаматтардың белсенділігін арттырып, басқару жүйесін барынша ашық және тиімді етуге бағытталғанын атап өтті.
«Біз қаланы дамыту ісінде тұрғындардың ойын, талабын және ұсынысын ескеруді басты қағидатқа айналдырдық. Әр шымкенттік өз идеясын ортаға салып, туған қаласының көркеюіне тікелей үлес қоса алады. Әрбір өтініс пен ұсыныс жауапсыз қалмайды, олар сарапталып, ең өзекті идеялар нақты іске асырылатын болады», — деді әкім.
Сонымен қатар, әкімдік жанынан арнайы жұмыс тобы құрылып, QR-код арқылы келіп түскен ұсыныстарды талдап, олардың орындалу барысын қадағалайтын болады. Бұл — жергілікті билік пен халық арасындағы өзара сенім мен ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған маңызды қадам.
Мамандардың айтуынша, цифрлық құралдарды енгізу арқылы тұрғындар белсенділігін арттыру тәжірибесі бүгінде әлемнің жетекші қалаларында кеңінен қолданылады. Шымкент бұл бағытта заманауи қалалық басқару мәдениетін қалыптастырып, «ақылды қала» концепциясын кезең-кезеңімен жүзеге асырып келеді.
Аталған бастама қоғамның пікірін ескеруге, қалалық инфрақұрылым мен әлеуметтік жобаларды тұрғындардың шынайы қажеттілігіне бейімдеуге мүмкіндік береді. Нәтижесінде әрбір азамат өз қаласының даму процесіне қатысып, өзгерістердің нақты нәтижесін көруге жол ашады.
Толығырақ: https://www.youtube.com/live/tdctUfs06IU?si=S4aLAUl9S6s-D-4L
#РСКШЫМКЕНТ #БРИФИНГ




