Шымкент қаласында соңғы уақытта сұйытылған мұнай газының (СМГ) тапшылығы байқалғанымен, қазіргі таңда жағдай біртіндеп тұрақтануда. Қала әкімдігі мен Энергетика министрлігі қабылдаған шаралардың нәтижесінде газ жеткізу көлемі арттырылып, ішкі нарықтағы қажеттілік кезең-кезеңімен қамтамасыз етілуде.
Бүгінде қала аумағында сұйытылған газды өткізу және жеткізу бағытында 44 кәсіпкерлік субъектісі тұрақты жұмыс істеп келеді. Олардың қатарында 4 газ толтыру станциясы мен 203 автогаз құю бекеті бар. Бұл нысандар тұрғындар мен кәсіпкерлерді үздіксіз қамтамасыз ету мақсатында тәулік бойы қызмет көрсетуде.
Энергетика министрлігінің мәліметінше, 2025 жылдың IV тоқсанына арналған газ бөлінісі бойынша қазан айында Шымкентке 7 043 тонна сұйытылған газ бөлінген. Бұған қоса, қосымша өтінім негізінде тағы 1 008 тонна қосымша көлем қарастырылған. Ал қараша айына – 8 410 тонна газ жеткізу жоспарланған. Жалпы алғанда, қалаға ай сайын шамамен 12 мың тонна сұйытылған газ қажет етіледі.
Қазіргі таңда Шымкент қаласында 66 мыңнан астам автокөлік сұйытылған газбен жүреді. Соңғы жылдары тұрғындардың экологиялық және экономикалық тұрғыдан тиімді жанармай түріне көшуі нәтижесінде газға деген сұраныс едәуір артқан. Бұған қоса, өзге өңірлерден келетін транзиттік көліктердің де көбеюі уақытша тапшылықтың туындауына әсер етті.
Мәселені шешу мақсатында Энергетика министрлігі мен жергілікті атқарушы органдар бірлесіп газ жеткізу кестесін нақтылап, бөлініс жүйесін оңтайландырды. Қаладағы газ толтыру және сату ұйымдарымен бірге күнделікті мониторинг жүргізілуде. Арнайы жұмыс тобы құрылып, тәуліктік бақылау жүйесі енгізілді. Бұл шаралар газдың жеткілікті әрі уақытылы берілуін қамтамасыз етуге мүмкіндік беруде.
Бүгінде Шымкент қаласында СМГ қорын тұрақтандыру бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы әрбір станциядағы қор көлемін, жеткізу мерзімін және сатылым бағасын қадағалауда. Сонымен қатар, кәсіпкерлер арасында келісімшарттық міндеттемелердің орындалуы да тұрақты бақылауда тұр.
Жалпы алғанда, қабылданған кешенді шаралардың арқасында Шымкент тұрғындары мен кәсіпкерлері сұйытылған газбен кедергісіз қамтамасыз етілетін болады. Алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмыстар тұрақты түрде жалғасып, газ тапшылығының алдын алу мақсатында жүйелі механизмдер енгізіледі.
Толығырақ: https://www.youtube.com/live/mP9jccfb70g?si=stxI4OA3bx20rutd
#РСКШЫМКЕНТ #БРИФИНГ




