«AMANAT» партиясының «Taza Qazaqstan» road-эстафетасы Түркістан облысына келіп жетті. Алматы облысынан бастауын алған эстафета Жамбыл облысы аумағын қамтып, Түркістан өңіріне табан тіреді. Қоғамда жаңа экологиялық мәдениет қалыптастыруды, табиғатқа қамқорлық көрсетуді және тарихи мұраға құрметпен қарауды, азаматтардың қоршаған орта алдындағы жауапкершілігін арттыруды көздеген акцияға мыңдаған азамат қатысып, тазалықты өмір салтына айналдыруға күш біріктірді.
Қоршаған ортаға қамқорлық танытып, табиғатты аялауға үндейтін ауқымды жоба биыл екінші рет жүзеге асып жатқанын «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек айтты. «- «Таза Қазақстан» жай ғана акция емес, жалпыұлттық идеологемаға айналды. Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған жоба аз уақыт ішінде еліміздің келбетін ғана емес, азаматтарымызды сана-сезімін өзгерте бастады. Бұл – зор жетістік әрі үлкен жеңіс!», — деп байыптады.
Республикалық эстафета Алматы, Шымкент қалаларын, Алматы, Жамбыл, Қызылорда облыстарын қамтып, оған қатысушылар 1200 шақырым жол жүреді, 10-ға жуық кемпингте, 15 елді мекенде және 3 қалада тазалық жұмыстарын жүргізеді. Эстафета бағдарының 400-ге жуық шақырымы Түркістан облысының аумағына тиесілі. Іс-шара облысымыздың Түлкібас, Сайрам, Ордабасы, Бәйдібек, Сауран аудандары мен Түркістан қаласында ұйымдастырылады.
Эстафета қатысушылары Жамбыл облысының Жуалы ауданынан Түркістан облысының Түлкібас ауданына өтті. Құрамында мәслихат депутаттары, партия мүшелері, «Жастар Рухы» жастар қанатының белсенділері бар топқа жергілікті тұрғындар, жастар көптеп тартылды. Road-эстафетаның алғы шебін «AMANAT» партиясының «Жастар рухы» жастар қанатының жетекшісі Ақерке Искандерова бастап келді.
Жарқын іске жұмылған жастар эстафетасын Түркістан облысының әкімшілік шекарасынан “AMANAT” партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Үмбетәлиев, Түлкібас ауданының әкімі Асқар Естібаев, партияның облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары, облыстық мәслихат депутаты Қалыйма Жантөреева, Түлкібас аудандық мәслихатының төрағасы Серғали Сәрсенбаев, “Жастар рухы” жастар қанаты Түркістан облыстық филиалының төрағасы Жансерік Жұман, еркін күрестен әлем чемпионатының қола жүлдегері Асылжан Есенгелді, партияның Түлкібас аудандық филиалының төрағасы Ержан Жүнісов, аудандық мәслихат депутаттары, қоғам белсенділері, бастауыш партия ұйымдарының жетекшілері күтіп алды.
Эстафета аясында Түлкібас ауданындағы Тұрар Рысқұлов ескерткіші алаңында жергілікті жас буынмен кездесу өтті. Жүз адамнан астам жігерлі жастардың басын қосқан жиында бізді біріктіріп отырған құндылық – табиғатты қорғау идеясы екені айтылды. Әрқайсымыз өз үлесімізді қосқанда ғана «Таза Қазақстан» – шын мәніндегі ұлттық қозғалысқа айналатыны, осы бастаманың қуаты – елдің бірлігінде, жастардың жігерінде, баршамыздың ортақ ынтымағымызда екені жеткізілді
«-Біз – тәуелсіз елдің ертеңін арқалаған жас ұрпақпыз. Сондықтан еліміздің әр бұрышы таза, әрбір көшесі көрікті, әр үйдің ауласы жарық, табиғаты жасыл болып тұруы – біздің қолымызда. Табиғатқа, тарих пен мәдениетке, қоршаған ортаға ұқыпты қарау – тек үлкендердің емес, әсіресе біз, жастардың қасиетті парызы. «Таза Қазақстан» – сенбілікке шығып қоқыс жинап қана қою емес, ол – жүрегіміздегі тазалыққа, ойымыздағы жауапкершілікке, ісіміздегі адалдыққа бастайтын жол. Бұл – әрқайсымыздың күнделікті өміріміздің мәніне айналуға тиіс», — деді партия қанатының жетекшісі Ақерке Искандерова.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Таза Қазақстан – бұл бір күндік науқан емес, бұл – біздің өмір салтымыз» деген сөздері біз үшін бағдаршам іспетті. Бұл сөздер – жастардың идеялық тұғырнамасы, болашаққа бастар жолы екенін «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихаттағы партиялық фракция жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев жеткізді.
«- Шын мәнінде баршамызды туған жерге деген құрмет, табиғатты қорғауға деген ниет біріктіріп отыр. Бұл сөз – ел ертеңіне алаңдаған әр жүрекке үлкен серпін, мол жауапкершілік жүктейді. «Таза Қазақстан» – ол біздің өмірлік ұстаным, мәдениетіміз, болашаққа аманаттар ізгі мұрамыз болуға тиіс. Партия бастамасымен қолға алынған «Таза бейсенбі» акциясының өзі мыңдаған адамды біріктіріп, табиғатты қорғау ісін нақты нәтижелермен толықтыруда. Партиямыздың жас белсенділері қолға алған экологиялық эстафета – соның нақты дәлелі. Өткен жылы Астана мен Алматы арасындағы жол бойында тазалық жұмыстары жүргізілсе, биылғы игі іс Алматыдан Қызылордаға бағыт алды. Тазалықты ұран етіп көтерген жастардың керуені бүгін қасиетті Түркістан топырағына тиіп отыр», — деді Алтынсары Дүйсенбекұлы.
Эстафета аясында Түлкібас ауданында өндірілетін тауарлардың көрмесі таныстырылды. Жастар жергілікті бағбандар өсіретін алма сұрыптарын көрді, “Таза Қазақстан” брендімен шығарылатын көжеден дәм татты. Экспорттық өнім ретінде шығарылатын қымыз, кептірілген жемістен ауыз тиді. Сусынның бірнеше түрімен танысты.
Road-эстафета аясында Халықаралық автодәліздің Түлкібас, Сайрам аудандарына тиесілі жол учаскелерінде тазалық жүргізілді. Ауқымды бастамаға 500-ден астам адам қатысты. Жол бойындағы Машат асуының биігінде орналасқан Сиқым баба кесенесіне келіп жеткен жастар ескерткіш аумағын ретке келітіріп, тарихи өткенімізге құрмет көрсетті.
Сайрам ауданына келген эстафета қатысушыларын Сайрам ауданы мәслихатының төрағасы Шамхат Халмурадов, Сайрам ауданы әкімінің орынбасары Руслан Мұздыбеков, партияның Сайрам аудандық филиалының төрағасы Қуаныш Сыздықов, жергілікті мәслихат корпусы, тұрғындар қарсы алып, тазалық жұмыстарын бірге жүргізді.
Эстафета қонақтары одан әрі Шымкент қаласына жол жүріп, қала жастарының қатысуымен Open Air форматында экологиялық іс-шара өткізді.
Ертең road-эстафета Ордабасы ауданындағы «Бірлік» монумент кешенінде «Вандализмге жол жоқ!» акциясымен жалғасып, тазалық жұмыстары Екпінді, Төрткүл, Шорнақ елді мекендеріне дейін жүргізіледі. Эстафетаға қатысушы Парламент Мәжілісінің депутаттары, «Жастар рухы» жастар қанатының жетекшілері және партияның жауапты өкілдері Төрткүл ауылында қоғамдық қабылдау өткізіп, азаматтардың жеке сұраныстары мен өтініштерін тыңдайтын болады. Сауран ауданының орталығы – Шорнақ ауылында жастардың қатысуымен Eco-activity басқосуы өтіп, табиғатты қорғауға арналған мәдени-ағартушылық іс-шаралар өткізіледі.
Таза табиғат, жасыл атамекен, жарық көше – бәрі өзіміздің қолымызда. Әрқайсысымыз кішкентай ісімізбен үлкен өзгеріс жасай аламыз. Бір адамның әрекеті – тамшы, ал мыңдаған адамның үлесі – теңіз. «AMANAT» партиясы тұрғындарды туған жерді түлетуге үлес қосуға және экологиялық эстафетаның белсенді мүшесі болуға шақырады. Біздің таңдау – Таза Қазақстан!
«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі




