Түркістан облысында Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылып келе жатқан «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында облыс аумағында тұрақты түрде экологиялық тазалық шаралары жүргізілуде. Өткен аптада ғана аймақ бойынша 201 тазалық іс-шарасы ұйымдастырылып, оған облыстың әр түрлі қалалары мен аудандарынан 57 654 тұрғын қатысты. Нәтижесінде, жалпы көлемі 177 тоннаға жуық тұрмыстық және құрылыс қалдықтары шығарылды. Бұл ақпаратты Түркістан облысы әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен апталық аппарат мәжілісінде мәлім етті.
Әкімнің айтуынша, «Таза Қазақстан» бағдарламасы тек экологиялық жағдайды жақсартумен шектелмей, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға, қоғамдық кеңістікті тәртіпке келтіруге бағытталған маңызды әлеуметтік іс-шара болып табылады. «Облыс аумағында өткізілген әрбір тазалық шарасы жүйелі түрде ұйымдастырылуы тиіс. Әкімдерге барлық елді мекендерде санитарлық тазалықты күшейту, рұқсатсыз қоқыс төгілген орындарды анықтап, оларды жою бойынша нақты іс-шаралар жүргізу тапсырылады», — деді Нұралхан Көшеров.
Аппарат мәжілісінде облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов «Таза Қазақстан» акциясының өңірдегі орындалуы жөнінде егжей-тегжейлі баяндады. Оның сөзінше, бағдарлама аясында бекітілген жоспарлардың орындалуы тұрақты бақылауда ұсталып отыр. Соның ішінде «Таза жағалау» акциясы ерекше атап өтілді. Өткен аптада өткізілген бұл акцияға 7110 мемлекеттік және өзге де мекемелердің қызметкерлері мен тұрғындар белсенді қатысып, 1 016,1 шақырым өзен жағалаулары тазаланды. Жиналған қоқыс көлемі 143 тоннадан асты, бұл өз кезегінде өңірдегі су айдындарының, жағалаулар мен демалыс орындарының көркеюіне үлкен үлес қосты.
«Таза Қазақстан» бағдарламасын тиімді іске асыру мақсатында халыққа арналған насихаттық, түсіндіру жұмыстарын кеңінен жүргізу жоспарланып, нақты нәтижелерге қол жеткізілуде. Бүгінгі күнге «TazaQazBot» ақпараттық жүйесіне жалпы 3 104 өтінім түскен. Оның ішінде 3 192 өтінім толық орындалып, 12 өтінім қазіргі уақытта шешім қабылдау кезеңінде тұр. Сонымен қатар, қоғамдық орындарда санитарлық талаптарды сақтамаған тұлғаларға қатысты әкімшілік шаралар қолданылуда. Биылғы жылы 16 993 хаттама толтырылып, жалпы сомасы 502,7 млн. теңгеге айыппұл салынды. Одан бөлек, 270,9 млн. теңге өндіріліп, мемлекет бюджетін толықтыруға бағытталды.
Түркістан облысы бойынша жұмысшы топтар әр апта сайын аудан және қала аумағына мониторинг жүргізіп, қоқыс жиналатын орындарды бақылауда ұстауда. Алайда, әлі де кейбір аймақтарда қоқыс мәселесі толық шешілмей отыр. Анықталған қоқыс орындары бойынша аудан және қала әкімдіктері тиісті жұмыстарды жалғастырып, қоқысты уақытылы шығару, қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу шараларын белсенді жүргізуде. Тазалық жұмыстары тұрақты түрде жүзеге асырылып, өңірдің көркі мен тұрғындардың денсаулығы үшін жағдай жасалуда.
Сонымен қатар, аппарат мәжілісінде облыс әкімінің басшылығымен жылыту маусымына дайындық жұмыстарының барысы да қаралды. Жылыту маусымына техникалық құрал-жабдықтар, жылу желілері мен қазандықтарды тексеру жұмыстары жүргізіліп, барлық қалалар мен аудандардың коммуналдық қызметтеріне нақты тапсырмалар берілді. Сондай-ақ, «Келешек мектептері» жобасы аясында салынып жатқан мектептердің құрылыс барысы пысықталып, құрылыс жұмыстарының сапасы мен уақытылы аяқталуына ерекше назар аударылды.
Түркістан облысының әкімдігі өңірде экологиялық мәдениетті қалыптастыру, тұрғындардың қоғамдық тәртіпке жауапкершілігін арттыру және табиғатты қорғау бағытындағы барлық іс-шараларды жүйелі түрде жалғастыра береді. «Таза Қазақстан» бағдарламасы тек тазалық акциясы емес, ол — елді мекендерді дамытудың, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартудың, жасыл экономика мен тұрақты даму принциптерін енгізудің тиімді құралы болып табылады. Облыс әкімдігі азаматтар мен ұйымдарды бұл шараларға барынша белсенді қатысуға шақырады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі




