Вторник, 6 октября, 2026
13.3 C
Shymkent
Курс доллара США к тенге в Республике Казахстан Курс евро к тенге в Республике Казахстан Курс российского рубля к тенге в Республике Казахстан
Жалпыұлттық аза тұту күні

Редакция таңдауы

ТҮЛКІБАСТА ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ТУРИЗМДІ ТАНЫМАЛ ЕТЕТІН ТУРИСТІК-САУЫҚТЫРУ КЕШЕНІ БОЙ КӨТЕРУДЕ

Түлкібас ауданы өзінің табиғи байлығы, таза ауасы, тау бөктеріндегі ерекше ландшафтымен еліміздегі экологиялық туризмді дамытуға ең қолайлы өңірлердің бірі саналады. Соңғы жылдары аймақта туризм саласын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған жобалар қарқын алып келеді. Соның бір айқын дәлелі – Жаскешу ауылдық округіне қарасты Пістелі ауылында салынған жаңа «Saumal DE Lux» туристік-сауықтыру кешені. Бұл кешен табиғи ортаның мүмкіндігін тиімді пайдалана отырып, өңірде экологиялық туризмді кеңінен танымал етуге бағытталған ірі жобалардың қатарында.

Жоба бірнеше бағытты қамтиды: саумалмен емдеу, жылқы туризмі, табиғат аясында серуендеу, ұлттық тағамдарды дайындау дәстүрін жаңғырту, сондай-ақ демалушыларға толыққанды тынығу қызметін көрсету. Саумалмен емделу – денсаулықты жақсартудың тиімді табиғи әдісі ретінде танылған. Ал жылқы туризмі мен табиғи маршруттар бойынша серуендеу – шетелден келетін туристер үшін де, отандық саяхатшылар үшін де тартымды бағыттардың бірі. Сонымен бірге кешенде таба нан, қолдың майы сияқты ұлттық тағамдарды дайындау дәстүрін көрсету арқылы елдің мәдени мұрасын дәріптеу көзделген.

Аудан әкімі Асқар Естібаев нысанның құрылыс барысымен арнайы танысып, атқарылып жатқан жұмыстарды пысықтады. Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстарының 80 пайызы аяқталған. Жоба 2026–2027 жылдар аралығында үш кезең бойынша жүзеге асырылады. Алғашқы кезең 2026 жылы толық іске қосылады деп жоспарлануда.

Бірінші кезеңде жалпы ауданы 1280 шаршы метрді құрайтын заманауи қонақ үй, мейрамхана, жазғы алаңша және үш бірегей типтегі коттедж салынады. Әр коттедждің аумағы 160 шаршы метрден тұрады. Бұл нысандар табиғатпен үйлесімді стильде бой көтеріп, демалушылардың жайлы тынығуына барлық мүмкіндік жасамақ.

Екінші кезең 2026–2027 жылдары жүзеге асады. Бұл кезеңде заманауи спорт кешені, жазғы бассейн, 10 глемпинг, 5 киіз үй салу жоспарланған. Аталған инфрақұрылым табиғи туризмге деген сұранысты арттырып, экологиялық бағытқа негізделген демалыс түрін кеңейтуге мүмкіндік береді. Глемпингтер мен киіз үйлер – табиғатқа жақын болғысы келетін туристер арасында үлкен танымалдыққа ие заманауи формат. Олар экологиялық туризмді сақтап, табиғи ортаны бұзбай, жайлы демалуға жағдай туғызады.

Үшінші кезеңде балық шаруашылығын дамыту, Көкбұлақ өзені үстінен екі аспалы көпір салу және тау бөктерінде 1,5 шақырымдық жаяу жүргінші жолын жасау жоспарланған. Бұл жұмыстар аймақтың туристік маршрутын кеңейтіп, табиғи көркем жерлерге қолжетімділікті арттырады. Жаяу жүргінші жолы демалушыларға таза ауада серуендеп, тау бөктерінің ерекше табиғатын тамашалауға мүмкіндік бермек.

Жоба толық іске асқанда, Түлкібас ауданының туризм саласы жаңа серпін алып, өңір экономикасына қосымша табыс көзін қалыптастырады. Экологиялық бағыттағы туризм – қазіргі таңда әлемде кең қолданысқа ие трендтердің бірі. Ал табиғаты көркем Түлкібас бұл бағытты дамытуға әбден лайық.

Кешеннің ашылуы жергілікті тұрғындар үшін жаңа жұмыс орындарын құрып қана қоймай, ауылдағы шағын кәсіпкерліктің дамуына да ықпал етеді. Ұлттық тағамдарды ұсыну, қолөнер бұйымдарын сату, жергілікті агрөнімдерге деген сұраныстың артуы ауыл экономикасының жандануына жол ашады. Сонымен бірге, заманауи туристік нысандардың көбеюі – өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыратын маңызды фактор.

Түлкібас өңірі табиғи сұлулығымен, экологиялық таза ауасымен және мәдени ерекшеліктерімен еліміздің туристік картасында ерекше орын алуға лайық. «Saumal DE Lux» кешенінің салынуы – осы әлеуетті толық пайдалануға бағытталған маңызды қадам. Табиғат пен ұлттық болмысты үйлестірген жаңа туризм орталығы алдағы уақытта өңірге мыңдаған турист тартуға қабілетті.

Кешеннің бірінші кезеңінің ашылуы 2026 жылдың наурыз айының екінші жартысына жоспарланып отыр. Бұл жоба іске қосылған сәттен-ақ аймақ экологиялық туризмді дамытудың жаңа деңгейіне көтеріле түсетіні сөзсіз.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар