Түркістан қаласында тұрғындардың әлеуметтік жағдайын қолдау және азық-түлік бағасының тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында кезекті ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Бұл шара халыққа күнделікті тұтынатын негізгі өнімдерді қолжетімді бағамен сатып алуға мүмкіндік берді. Сонымен қатар, жәрмеңке жергілікті тауар өндірушілер мен кәсіпкерлер үшін өз өнімдерін тікелей нарыққа шығарып, тұтынушыларға жеткізуге жол ашты.
Жәрмеңкеде ауыл шаруашылығы өнімдерімен қатар, «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ның және жергілікті кәсіпкерлердің тауарлары ұсынылды. Сауда алаңына әкелінген өнімдер нарықтағы бағадан 30-50 пайызға төмендетілген құнмен сатылды. Бұл жағдай халық тарапынан үлкен қызығушылық туғызып, жәрмеңке жоғары сұранысқа ие болды.
– Бұл жәрмеңке ең алдымен халықтың әлеуметтік жағдайын қолдауға бағытталған. Сонымен бірге, жергілікті тауар өндірушілер үшін өнімдерін тікелей тұтынушыға жеткізіп, арадағы алыпсатарлық тізбекті қысқартуға үлкен мүмкіндік береді. Өткен аптада «Отырар» мөлтек ауданында өткізілген жәрмеңке бүгін «Бірлік» секторында жалғасын табуда. Алдағы уақытта кезекті жәрмеңке 10-қазан күні «Яссы» секторында, яғни Хақназар хан көшесіндегі фронт-офис жанында өтеді деп жоспарланып отыр, – деді «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ Басқарма төрағасы Бекжан Бисенбаев.
Жәрмеңке барысында қала тұрғындары картоп, сәбіз, пияз, қырыққабат, ет және сүт өнімдерін тиімді бағамен сатып алды. Әсіресе, қыстық көкөніс пен азық-түлікті алдын ала қамдап алуға келген тұрғындардың қарасы көп болды. Бұл шара халық үшін үнемді әрі қолжетімді сауда алаңы ретінде үлкен маңызға ие болып отыр.
Сонымен қатар, жәрмеңке әлеуметтік қолдаудан бөлек, жергілікті шаруашылықтардың дамуына серпін беруде. Кәсіпкерлер өз өнімін ешқандай қосымша шығынсыз, делдалсыз тікелей халыққа ұсыну арқылы тұрақты тұтынушы табуға мүмкіндік алды. Бұл өз кезегінде өңірдің экономикалық белсенділігін арттыруға ықпал етеді.
Айта кету керек, Түркістан облысында азық-түлік бағасын тұрақтандыруға бағытталған кешенді жұмыстар тұрақты түрде жүргізілуде. Әкімдік пен жауапты мекемелердің үйлесімді әрекетінің арқасында қала тұрғындары арзан әрі сапалы өніммен қамтамасыз етілуде. Жәрмеңкенің негізгі мақсаты – тұрғындардың тұрмыстық шығынын азайту, сонымен қатар азық-түлік нарығындағы бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу.
Жалпы, мұндай жәрмеңкелер алдағы уақытта да жалғасын тауып, қаладағы әртүрлі мөлтек аудандар мен секторларда ұйымдастырылатын болады. Бұл халықтың ыңғайына қарай өнімді тиімді бағамен сатып алуына жағдай жасайды. Түркістан қаласы әкімдігі мен «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының бастамасы тұрғындар тарапынан оң бағасын алып отыр.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі




