Воскресенье, 4 октября, 2026
19.3 C
Shymkent
Курс доллара США к тенге в Республике Казахстан Курс евро к тенге в Республике Казахстан Курс российского рубля к тенге в Республике Казахстан
Жалпыұлттық аза тұту күні

Редакция таңдауы

ТҮРКІСТАН: БІЛІМ САПАСЫН АРТТЫРУ ЖӘНЕ ҰСТАЗДАРДЫҢ БІЛІКТІЛІГІН КӨТЕРУ БОЙЫНША ЖАҢА ҰСЫНЫСТАР ТАЛҚЫЛАНДЫ

Түркістан облысында соңғы жылдары білім саласын жүйелі түрде жетілдіру бағытында ауқымды жұмыстар қолға алынуда. Бұл – өңір басшылығының басты басым бағыттарының бірі. Өйткені сапалы білім – қоғамның тұрақты дамуы мен өңірдің әлеуметтік-экономикалық өркендеуінің негізгі кепілі. Осы мақсатта облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, білім беру мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайту, педагог кадрлардың кәсіби әлеуетін көтеру, инновациялық тәсілдерді енгізу бағытындағы бастамалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді.

Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес, өңірдің барлық мектептерінде оқу сапасын арттыру және заманауи әдістемелерді ендіру – басым бағыт болып белгіленді. Әкімдік пен облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасы мұғалімдердің біліктілігін жетілдіруге ерекше назар аударып, жаңа форматтағы оқыту модельдерін енгізу бойынша тұрақты ізденіс жүргізіп келеді.

Осы бағыттағы жұмыстардың бірі ретінде Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаевтың қатысуымен өткен маңызды кездесу ерекше атап өтуге тұрарлық. Кездесуде Ертай Алтаев «EdCrunch Academy» білім беру институтының негізін қалаушы, халықаралық деңгейдегі сарапшы Нұрлан Қиясовпен жүздесті. Келіссөз барысында білім саласындағы өзекті мәселелер мен оларды шешудің нақты жолдары талқыланды.

Нұрлан Қиясов Түркістан өңірінде білім сапасын арттыруға бағытталған арнайы жобаны жүзеге асыру туралы ұсыныс білдірді. Оның айтуынша, аталмыш жоба аясында облыстағы 50 мектептің директорлары мен орынбасарлары кәсіби қайта даярлаудан өтеді. Сонымен қатар, мұғалімдер үшін заманауи педагогикалық әдістер мен цифрлық оқыту құралдарын қамтитын семинарлар мен тренингтер ұйымдастырылмақ. Бағдарламаның басты мақсаты – білім сапасын басқарудың жаңа жүйесін қалыптастыру, мектеп әкімшіліктерін стратегиялық ойлауға және халықаралық стандарттарға сай басқарушылық дағдыларға үйрету.

Жоба аясында Түркістан өңірінің мектеп басшылары мен педагогтары шетелдік тәжірибені де меңгеретін болады. Атап айтқанда, Еуропаның бірқатар елдеріндегі (Финляндия, Эстония, Венгрия және Нидерланд) үздік білім беру ұйымдарында тағылымдамадан өту жоспарлануда. Бұл іссапарлардың басты мақсаты – шетелдік білім беру модельдерін зерделеп, отандық мектеп жүйесіне бейімдеу арқылы оқу үдерісін тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік жасау.

Облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев өз сөзінде білім сапасын арттырудың тек материалдық емес, сонымен қатар адами капиталға негізделген кешенді тәсілдерді қажет ететінін атап өтті. «Біздің басты міндетіміз – әр баланың сапалы білім алуына жағдай жасау. Бұл үшін ұстаздардың кәсіби әлеуетін арттыру, басқарушылық мәдениетті жетілдіру және үздік халықаралық тәжірибелерді өңір мектептеріне енгізу қажет», – деді ол.

Кездесу қорытындысында тараптар бірлескен жұмысты жалғастыруға, ұсыныстарды егжей-тегжейлі зерделеп, өңірдің нақты ерекшеліктеріне бейімдеуге уағдаласты.

Айта кетейік, Түркістан облысында бүгінде 83 мыңнан астам ұстаз еңбек етуде. Олар – жас ұрпақтың болашағы үшін талмай еңбек етіп жүрген білім саласының басты тірегі. Соңғы жылдары педагогтердің мәртебесін арттыру бағытында бірқатар ауқымды жобалар жүзеге асырылып келеді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, «1000 көшбасшы» ұлттық жобасы аясында Түркістан өңірінен 600-ге жуық педагог іріктеліп, олардың 46-сы білім беру ұйымдарында басшылық лауазымдарға тағайындалды. Бұл бастама мектеп басшыларының кәсіби өсуіне, жас кадрлардың басқару тәжірибесін қалыптастыруға зор мүмкіндік берді.

Сонымен қатар, «Daryn Teacher» халықаралық бағдарламасы арқылы облыстың 25 үздік мұғалімі Малайзия, Сингапур, Финляндия және Эстония елдерінде тағылымдамадан өтті. Олар алған білімдері мен тәжірибелерін өз мектептерінде қолдана отырып, оқыту сапасын арттыруға және инновациялық әдістерді енгізуге үлес қосып келеді.

Осы үздік тәжірибелердің арқасында өңірдің білім сапасы жыл сайын жақсарып келеді. Бүгінде Түркістан облысының 152 мектебінің түлегі әлемнің жетекші жоғары оқу орындарына түсіп, халықаралық деңгейде білім алуда. Бұл – облыс ұстаздарының кәсіби деңгейінің, білім беру жүйесінің тиімділігінің нақты нәтижесі.

Білім саласындағы реформалар тек кадр даярлау немесе жаңа нысандар салумен шектелмейді. Соңғы екі жылда облыстағы 100-ден астам мектеп жаңартылып, жаңа оқу корпустары пайдалануға берілді. Ауылдық елді мекендерде шағын жинақты мектептерді ірілендіру, оқушыларды тасымалдау мәселесін шешу мақсатында 250 жаңа автобус сатып алынды.

Бұдан бөлек, білім беру саласына цифрлық технологиялар қарқынды енгізіліп келеді. Мектептерде электронды күнделік, онлайн-бақылау жүйесі және қашықтан оқыту платформалары кеңінен қолданысқа енді. Бұл тәсілдер оқу сапасын арттырумен қатар, ата-аналардың да балаларының оқу үлгерімін тұрақты бақылауына мүмкіндік беруде.

Түркістан облысы білім басқармасы мен жергілікті әкімдіктер бірлесе отырып, әр аудан мен қалада педагогикалық шеберлікті арттыру орталықтарын ашу мәселесін де қарастыруда. Мұндай орталықтар мұғалімдердің үздіксіз кәсіби дамуына, тәжірибе алмасуына және инновациялық әдістемелерді меңгеруіне жағдай жасайды.

Кездесу барысында талқыланған ұсыныстар өңірдің білім саласына жаңа серпін берері сөзсіз. Алдағы уақытта аталған жобалар толыққанды жүзеге асқан жағдайда Түркістан облысы педагогтарының әлеуеті артып, мектеп басшыларының басқарушылық дағдылары жетіледі, білім сапасы жаңа деңгейге көтеріледі.

Білім – ел болашағының негізі. Сол себепті Түркістан облысы әкімдігі бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелі жалғастырып, оқу-тәрбие үдерісін жетілдірудің заманауи жолдарын іздестіруді тоқтатпайды. Ұстаздардың кәсіби дамуы мен оқушылардың сапалы білім алуы – өңірдің басты басымдығы болып қала береді.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар