Түркістан облысында ҚР Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаевтың жұмыс сапары өтіп, онда алдағы вегетациялық кезеңге дайындық, су үнемдеу технологияларын енгізу, ауыл шаруашылығы алқаптарын әртараптандыру және «Ауыл аманаты» жобасын жүзеге асыру мәселелері кеңінен талқыланды. Мәжіліске жауапты министрліктердің өкілдері, облыс басшылығы және салалық құрылымдар қатысты.
Вице-премьер өз сөзінде су тапшылығының бүгінде бүкіл ел үшін өзекті мәселеге айналғанын атап өтіп, су ресурстарын тиімді басқарудың маңыздылығына ерекше тоқталды.
«Су тапшылығы халықтың өмір сапасына және ел экономикасының тұрақты дамуына кері әсерін тигізуде. Сондықтан су үнемдейтін технологияларды кеңінен енгізу, ирригациялық жүйелердің жағдайына тұрақты мониторинг жүргізу, заңсыз су пайдалану жағдайларын жою – уақыт талабы. Құрғақшылыққа төзімді және аз су қажет ететін дақылдарды енгізу арқылы біз ауыл шаруашылығы өнімділігін арттырып, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етеміз», – деді Қанат Бозымбаев.
Мәжіліс барысында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров өңірде су үнемдеу технологияларын енгізу, жаңа өндіріс орындарын ашу және ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу бағыттары қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен облыста су нысандарын реттеу, магистралды және шаруашылықаралық каналдарды қалпына келтіру, жаңа технологияларды енгізу жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп жатыр.
Облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков су үнемдеу технологияларын енгізудегі нақты көрсеткіштерге тоқталды. Биыл облыста су үнемдейтін технологиялар жоспардағы 27 мың гектардың орнына 59 мың гектарға енгізілген. Оның ішінде 53,7 мың гектарға тамшылатып суару, 6,2 мың гектарға жаңбырлатып суару жүйелері орнатылып, жоспар 2 есе асыра орындалды. Бүгінде облыс көлемінде су үнемдеу технологиялары 114 мың гектар жерге енгізілген, нәтижесінде 195 млн м³ су үнемделген.
Су үнемдеу саласын индустрияландыру мақсатында қуаттылығы 163 мың гектарды қамтитын 4 кәсіпорын іске қосылды. 2026 жылға қарай жылдық қуаттылығы 30 мың гектарға тең тағы 2 өндіріс орны пайдалануға берілмек. Мақта және күріш өсіруде жаңа технологияларды енгізу арқасында өнімділік айтарлықтай артқан.
Жиында «Ауыл аманаты» әлеуметтік-экономикалық жобасын іске асыру барысы да қаралды. 2023–2025 жылдары аталған бағдарламаға Түркістан облысына республикалық бюджеттен 30,2 млрд теңге бөлінген. Оның ішінде 2023 жылғы 19,8 млрд теңге толық игерілді, 2024 жылы 3 млрд теңге игерілсе, 2025 жылға 7,4 млрд теңге қарастырылған.
Бағдарлама аясында 6 бағыт бойынша 3 790 жоба қаржыландырылып, жалпы 25,6 млрд теңге несие берілді. Соның нәтижесінде:
-
шағын кәсіпкерлік субъектілерінің саны 3 662 бірлікке артты;
-
23,2 гектар аумақта 477 жылыжай кешені салынды;
-
мал басы 72 982-ге көбейді;
-
39 қайта өңдеу кәсіпорны іске қосылды;
-
4 174 жаңа жұмыс орны ашылды;
-
атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 441 адамға азайды.
«Ауыл аманаты» жобасының тиімділігі ауылдық жерлердегі экономикалық белсенділікті күшейтіп, жаңа өндіріс көздерінің қалыптасуына ықпал етуімен ерекшеленеді. Бағдарлама аясында көрсетілген қолдаулар ауыл шаруашылығы мен кооперацияны дамытып қана қоймай, ауыл тұрғындарының табысын арттыруға, жұмыссыздықты азайтуға елеулі үлес қосуда.
Түркістан облысы агроөнеркәсіптік кешенде республика бойынша жетекші орынға ие. Еліміздегі жалпы ауыл шаруашылығы өнімінің 13 пайызы осы өңірде өндіріліп, жыл сайын 1 трлн теңгеден астам өнім нарыққа шығарылады. Су ресурстары шектеулі жағдайда облыстың су үнемдеу технологиясына ерте көшіп, жүйелі жұмыс жүргізуі өңір экономикасының тұрақтылығын қамтамасыз етіп отыр.
Жиын қорытындысында Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев жауапты министрліктер мен облыс басшылығына ауыл шаруашылығы саласындағы бастамаларды жандандыруды, су үнемдеу технологияларының қолжетімділігін арттыруды, ирригациялық инфрақұрылымның тиімділігін күшейтуді тапсырды.




