Вторник, 6 октября, 2026
14.3 C
Shymkent
Курс доллара США к тенге в Республике Казахстан Курс евро к тенге в Республике Казахстан Курс российского рубля к тенге в Республике Казахстан
Жалпыұлттық аза тұту күні

Редакция таңдауы

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА 300 МОДИФИКАЦИЯЛЫҚ ПӘН КАБИНЕТІ ЖАБДЫҚТАЛДЫ

Түркістан облысы – білім беру ұйымдары мен оқушылар саны бойынша республикадағы ең ірі өңірлердің бірі. Еліміздегі білім беру ұйымдарының шамамен 14 пайызы облыс аумағында орналасқан. Өңір мектептерінде 550 мыңнан астам оқушы білім алады. Яғни Қазақстандағы әрбір жетінші оқушы Түркістан облысында білім алуда.

Бұл көрсеткіш өңірдегі білім беру саласының ауқымын ғана емес, балаларға сапалы білім беруге қажетті жағдай қалыптастырудың маңызын да көрсетеді. Сондықтан білім беру инфрақұрылымын жаңарту, мектептердің материалдық-техникалық базасын күшейту және ауыл мен қала мектептері арасындағы мүмкіндіктер алшақтығын азайту – негізгі басымдықтардың бірі.

Соңғы жылдары облыста жаңа мектептер салумен қатар, қолданыстағы білім беру ұйымдарын жаңғыртуға және олардың ішкі мүмкіндіктерін арттыруға ерекше көңіл бөлініп келеді. 2024–2025 жылдары «Келешек мектептері» бағдарламасы аясында өңірде 29 жайлы мектеп іске қосылды. Бұл мектептерде шамамен 22 900 оқушы білім алады. Жаңа білім ордаларының 9-ы бұрынғы мектептердің орнына салынса, 20-сы жаңа аумақта бой көтерді. Жайлы мектептер заманауи оқу кабинеттерімен, қауіпсіздік талаптарына сай инфрақұрылыммен және оқушылардың жан-жақты дамуына мүмкіндік беретін жағдайлармен қамтамасыз етілген.

Сонымен қатар облыста мектептерді қайта жаңғырту, яғни реновациялау жұмыстары да жүйелі жүргізілуде. Бұл жобаға жалпы 115 мектеп енгізілген. Оның ішінде 2025 жылы – 41, 2026 жылы – 38, 2027 жылы 36 мектепті жаңғырту жоспарланған. Ал 2026 жылы аудан және қалалардағы 81 білім беру нысанында ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, толық аяқталды. Алайда мектеп ғимаратын жаңартып, жөндеумен жұмыс аяқталмайды.

Баланың сапалы білім алуы үшін оның күнделікті оқитын ортасы да заманауи талаптарға сай болуы қажет. Осы бағыттағы маңызды жобалардың бірі – «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен жүзеге асқан бастама. Жоба аясында Түркістан облысының ауылдық елді мекендеріндегі 100 мектеп іріктеліп, оларда 300 модификациялық пән кабинеті жабдықталды. Бұл – жай ғана кабинеттерді жаңа құрал-жабдықпен қамтамасыз ету емес. Жобаның негізгі мақсаты – ауыл мектептеріндегі оқушылардың заманауи білім ресурстарына қолжетімділігін арттырып, білім беру сапасын жаңа деңгейге көтеру. Модификациялық кабинеттердің жабдықталуы мұғалімдерге сабақты тәжірибелік және заманауи тәсілдермен ұйымдастыруға, ал оқушыларға теориялық білімді тәжірибемен ұштастыруға мүмкіндік береді.

Жобаның тағы бір маңызды бағыты – педагогтердің кәсіби әлеуетін арттыру. Осы бастама аясында 4 500 педагог біліктілігін арттыру курстарынан өтті. Сонымен қатар 100 мектеп директоры басқару бағытында біліктілігін жетілдірді. Яғни жоба тек материалдық базаны жаңартумен шектелмей, «заманауи кабинет + білікті педагог + тиімді басқару» қағидаты арқылы мектептің білім сапасын арттыруға бағытталған.

Баланың білім алатын ортасының қолайлылығы сыныптағы құрал-жабдықтармен қатар, оның күнделікті пайдаланатын жиһазы мен оқу құралдарына да байланысты.

Осыған байланысты Түркістан облысы әкімі Нұралхан Көшеровтың қолдауымен білім беру ұйымдарын заманауи әрі сапалы жиһазбен қамтамасыз ету үшін жергілікті бюджеттен 75 мың жаңа парта сатып алуға қаржы қарастырылды.Сонымен қатар мектептердегі оқу процесін жаңғырту мақсатында 10 мың жаңа тақта алуға қажетті қаражат бөлінді.Бұл жұмыстар білім беру ұйымдарындағы оқу кабинеттерін кезең-кезеңімен жаңартып, оқушыларға сабақ кезінде қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.

Баланың психологиялық жай-күйіне де басымдық беріледі. Қазіргі білім беру жүйесінде баланың академиялық жетістігімен қатар оның психологиялық жай-күйіне, өзін қауіпсіз әрі жайлы сезінуіне де ерекше мән берілуде. Осы мақсатта облыста 266 психологиялық кабинет заманауи үлгіде толық жабдықталады. Бұл кабинеттер оқушыларға психологиялық қолдау көрсетуге, олардың эмоционалдық жағдайын бақылауға және қажет болған жағдайда тиісті мамандардың көмегін ұйымдастыруға мүмкіндік беретін қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған.

Басты мақсат – баланың сапалы білім алуына мүмкіндік жасау. Білім беру инфрақұрылымын дамытудағы барлық жобаның түпкі мақсаты бір – баланың сапалы білім алуына, қауіпсіз әрі қолайлы ортада тәрбиеленіп, өз қабілетін толық ашуына мүмкіндік жасау.

Жаңа мектептердің салынуы, қолданыстағы білім нысандарының реновациядан өтуі, ауыл мектептерінің пән кабинеттерімен жабдықталуы, педагогтердің біліктілігін арттыруы және мектептердегі психологиялық қолдау жүйесінің күшеюі – өзара сабақтас бағыттар.

Әсіресе ауыл мектептерінің материалдық-техникалық базасын жақсарту арқылы білім сапасындағы аумақтық алшақтықты азайтуға мүмкіндік мол. Өйткені баланың қай жерде туғанына немесе қай мектепте білім алатынына қарамастан, оның сапалы білім алуға мүмкіндігі бірдей болуы керек.

Түркістан облысында қолға алынған жобалардың негізгі мәні де осында. Мектеп – жай ғана білім алатын ғимарат емес, баланың болашағы қалыптасатын орта. Сондықтан бүгінгі инвестиция – ең алдымен, ертеңгі адами капиталға салынған инвестиция.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар