Түркістан облысында мектеп инфрақұрылымын жаңғырту, оқушы орындарының тапшылығын азайту және білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайту бағытындағы жұмыстар жалғасуда.
Мемлекет басшысының 1 300 мектепті жаңғырту жөніндегі тапсырмасы аясында өңірде үш жылда 115 мектепті реновациядан өткізу жоспарланған. Оның ішінде 2025 жылы 41 мектеп жаңғыртудан өтсе, 2026 жылы 38, 2027 жылы тағы 36 білім беру ұйымы қамтылады.
Сонымен қатар 2027-2029 жылдары облыста 16 830 оқушы орнына арналған 58 жаңа білім беру нысанын салу қажеттілігі анықталған. Оның 40-ы – жаңа мектеп, 18-і – мектептерге арналған қосымша ғимараттар. Бұл жобалар үш елді мекенде мектептің болмауы, 15 саман және 20 ыңғайластырылған мектеп мәселесін шешуге бағытталған.
Қазіргі таңда жекелеген елді мекендердегі өзекті мәселелер де кезең-кезеңімен шешілуде. Мәселен, Сайрам ауданындағы Бөкейхан мектебінде оқушы саны жобалық қуатынан 2,8 есе асып, сабақ үш ауысымда жүргізіліп келген. Осы мәселені шешу үшін 300 орындық қосымша ғимарат салынып, жаңа оқу жылында пайдалануға беріледі.
Ал Жетісай ауданындағы №57 «Сарыарқа» мектебінің орнына жеке инвестор есебінен 574 орындық жаңа мектеп ғимараты бой көтеруде. Бұл жоба апатты мектеп мәселесін шешуге мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, 2025 жылы «Келешек мектептері» жобасы аясында 29 білім беру нысаны, облыстық бюджет есебінен тағы 17 нысан іске асырылды.
Білім беру инфрақұрылымын дамыту аясында ағымдағы жөндеу жұмыстарына да көңіл бөлінуде. 2025 жылы жөндеу жұмыстары жоспарланған 125 мектептің 60-ында жұмыс аяқталып, қалған 65 нысанның мәселесін шешуге 5 млрд теңге қарастырылған.
Жаңа мектептер мен заманауи кабинеттердің басты мақсаты – оқушыларға қолайлы орта қалыптастырып қана қоймай, білім сапасын арттыруға ықпал ету. Сондықтан алдағы кезеңде инфрақұрылымдық жобалардың нәтижесі оқушы жетістігі мен оқу үдерісінің сапасы арқылы бағаланатын болады.




