▪️Түркістан облысындағы Өндірістік парк аумағында мақта, күріш, сондай-ақ басқа да дақылдарды жинауға арналған ауыл шаруашылығы техникаларын құрастыру зауыты салынады. Бұл жоба өңірдегі агроөнеркәсіп саласын жаңа деңгейге көтеріп, ауыл шаруашылығының тиімділігін арттыруға бағытталған маңызды инвестициялық бастама болып отыр. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров «АгромашХолдинг KZ» акционерлік қоғамының президенті Динара Шүкіжанованы қабылдап, кездесуде өңірлік ынтымақтастықты нығайту мен жаңа инвестициялық жобаны іске асыру жолдары талқыланды.
⤵️Облыс басшысы өңірдің инвестициялық мүмкіндіктеріне тоқталып, ортақ бастамаларды жүзеге асыруға дайын екенін жеткізді. Түркістан өңірі ауыл шаруашылығын дамыту үшін ерекше климаттық жағдайларға, еңбек ресурстарына және тиімді логистикалық инфрақұрылымға ие екенін атап өтті.
📌– «Климаттық орналасуы, еңбек ресурстары тұрғысынан Түркістан облысы ауыл шаруашылығы саласын дамытуда Қазақстандағы ең қолайлы өңірлердің бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы агроөнеркәсіп кешенін ұлттық қауіпсіздікпен тікелей байланысты экономиканың стратегиялық саласы ретінде бірнеше рет атап өтті. Әлемдік азық-түлік тұрақсыздығы жағдайында ауыл шаруашылығын инновациялық дамыту, салаға жаңа технологияларды енгізу – біздің ортақ басымдығымыз», – деді Нұралхан Оралбайұлы.
▪️«АгромашХолдинг KZ» компаниясының президенті өңірдің агроөнеркәсіптік әлеуетін тиімді пайдалану және жаңа технологияларды енгізу арқылы жобаны жүзеге асыруға дайын екенін жеткізді. Ол Түркістан облысының ыңғайлы логистикалық орналасуы өңірдегі өндірілген ауыл шаруашылығы техникаларын оңтүстік өңірлер мен республика көлеміне тиімді жеткізуге мүмкіндік беретінін атап өтті. Сонымен қатар, компания өкілі жобаның экологиялық стандарттарға сай жүзеге асырылатынын және жергілікті тұрғындарды жаңа жұмыс орындарымен қамтамасыз ететінін жеткізді.
▪️Қазіргі таңда аталған бастаманы жүзеге асыру бойынша нақты жұмыстар басталып кетті. Жобаны «Jer Arys Group» ЖШС жүзеге асырмақ, ал «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ тарапынан толық сүйемелдеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл жоба өңірде ауыл шаруашылығы техникасын құрастыру саласының дамуына серпін беріп, өндірістің жаңа түрлерін енгізуге жол ашатыны сөзсіз.
▪️Түркістан облысының агроөнеркәсіптік кешені елімізде жетекші орындардың бірін иеленеді. Мемлекеттік аграрлық саланы ауқымды қолдаулар нәтижесінде облыстың инвестициялық тартымдылығы жылдан жылға артып келеді. Биылғы жылдың алғашқы 8 айында ғана салаға 125 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылды. Осы инвестициялар ауыл шаруашылығын дамытуға, өндіріс көлемін арттыруға, жаңа технологиялар мен заманауи техника енгізуге бағытталуда.
▪️Облыста АӨК саласында қолданылатын жалпы техника саны – 17 487. Мемлекет қолдауымен биыл шаруа қожалықтары 618 техника (жалпы құны 2,8 млрд теңге) алды. Бұл – өңірдегі ауыл шаруашылығын механизациялау және автоматтандыру бағытында жасалған нақты қадамдардың бірі. Алдағы уақытта жаңа құрастырылатын зауыттың іске қосылуы жергілікті шаруалар үшін техникалық жабдықтардың қолжетімділігін арттырып, еңбек өнімділігін күшейтеді.
▪️Сонымен қатар, жобаны жүзеге асыру нәтижесінде өңірде жаңа жұмыс орындары ашылады, кәсіби кадрларды даярлау бойынша арнайы бағдарламалар енгізіледі, сондай-ақ ауыл шаруашылығы саласында ғылыми-техникалық жаңалықтарды енгізу мүмкіндіктері кеңейеді. Бұл бастама тек экономикалық пайда әкеліп қана қоймай, агроөнеркәсіп саласының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, өңірдегі әлеуметтік жағдайды жақсартуға және ауылдық елді мекендердің дамуына ықпал етеді.
▪️Жалпы, Түркістан облысының агроөнеркәсіптік саласы – еліміздегі стратегиялық маңызды бағыттардың бірі. Мұнда инвестициялық саясаттың тиімді жүргізілуі, мемлекеттік қолдаудың бар болуы, сондай-ақ өңірдің табиғи және экономикалық әлеуеті біріккен кезде ауыл шаруашылығының дамуы жаңа деңгейге көтерілетіндігі анық. Алдағы уақытта бұл жобаның іске асуы өңірдің агроөнеркәсіп кешенінде жаңа серпіліс беріп, Қазақстанның жалпы азық-түлік қауіпсіздігіне қосқан үлесін арттыратыны сөзсіз.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі




