Түркістан облысында биыл 180 нысанның құрылысы жүйелі түрде жүргізілуде. Оның ішінде 52 жаңа нысан, ал қалған 128 нысан – өтпелі, яғни бұған дейін басталып, биыл жалғасын тапқан жобалар болып саналады. Нақтырақ айтқанда, әкімшілік саласында 2 ғимараттың, білім беру саласында 17 нысанның, сонымен қатар «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 16 мектептің құрылысы басталып, қарқынды жалғасуда. Денсаулық сақтау саласында 4 нысан бой көтеріп, мәдениет саласында 19 жаңа ғимарат салынуда. Сондай-ақ спорт инфрақұрылымын дамыту мақсатында 26 спорт нысанының құрылысын жүргізу қолға алынған.
Ауыл шаруашылығы саласында 4 нысан, абаттандыру жұмыстары аясында 1 нысан, инженерлік инфрақұрылым саласында 54 нысан, ал «Тұран» АЭА инженерлік инфрақұрылым жүйелерінде 4 нысан бой көтеруде. Сонымен қатар әлеуметтік салада 1, тұрғын үй құрылысы саласында 32 нысанның жұмыстары белсенді түрде атқарылуда. Жыл қорытындысымен 104 нысан пайдалануға берілу жоспарланса, қалған 76 нысанның құрылысы 2026 жылы аяқталмақ. Бүгінгі таңда 68 нысанның құрылысы толық аяқталып, пайдалануға дайын. Ал қалған 36 нысанды жылдың соңына дейін ел игілігіне беру жоспарланған.
Түркістан облысында тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету бағытында да ауқымды шаралар жүзеге асырылуда. Бұл мақсатта жалпы ауданы 132,5 мың шаршы метрді құрайтын кредиттік тұрғын үйлердің құрылысына бюджеттен қажетті қаржы бөлініп, 2138 пәтерлі 30 тұрғын үй толық пайдалануға берілді. Сонымен қатар 176 пәтерлі 4 арендалық тұрғын үйді жыл соңына дейін пайдалануға беру көзделуде. Атап айтқанда, Төлеби ауданында 3 тұрғын үй, Жетісай ауданында 1 тұрғын үй пайдалануға беріледі.
Одан бөлек, облыс аумағында 578 арендалық пәтер сатып алу жоспарланып, бүгінгі таңда 180 пәтер алынған. Қалған 398 пәтер жыл соңына дейін жоспарға сәйкес сатып алынады. Сонымен қатар 2015 пәтерлі кредиттік тұрғын үй сатып алу жоспары бар, оның ішінде қазіргі уақытта 1 720 пәтерге келісімшарттар жасалып, Кентау қаласы мен Сайрам ауданында 108 пәтер сатып алынған. Түркістан, Кентау, Арыс қалалары мен Ордабасы және Жетісай аудандарында тұрғын үйлердің құрылысы белсенді түрде жүргізілуде.
Инженерлік-инфрақұрылыммен қамту бойынша биыл 29 нысанды пайдалануға беру жоспарланған. Қазіргі уақытта 11 нысан пайдалауға қабылданып, қалған 18 нысан жыл соңына дейін пайдалануға берілмек. Бұл шаралар аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуын жеделдетуге және тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған.
Барлық нысандардың құрылыс барысы Түркістан облысы әкімі Нұралхан Көшеровтің тікелей бақылауында. Әкім өңірдегі барлық құрылыс жобаларының сапалы және уақытылы орындалуын қамтамасыз ету үшін арнайы мониторинг жүргізіп отыр. Сонымен қатар, өңірде атқарылып жатқан құрылыс жұмыстары тұрғындар мен кәсіпкерлердің де қатысуымен ашық және есепті түрде жүргізілуде.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі мәліметінше, биылғы құрылыс науқанының нәтижесінде аймақта тұрғын үй, әлеуметтік, мәдени, спорт және инженерлік инфрақұрылым салаларында елеулі жетістіктерге қол жеткізілмек. Бұл жұмыстар өңірдің тұрақты дамуына, тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға және экономикалық серпін беруге бағытталған.




