Воскресенье, 4 октября, 2026
21.3 C
Shymkent
Курс доллара США к тенге в Республике Казахстан Курс евро к тенге в Республике Казахстан Курс российского рубля к тенге в Республике Казахстан
Жалпыұлттық аза тұту күні

Редакция таңдауы

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ИНТЕГРАЦИЯЛАНҒАН ЭКОЖҮЙЕЛІК ӨНДІРІСТІК ПАРК ҚҰРУ КӨЗДЕЛУДЕ

Бүгінде Түркістан облысы еліміздің ең серпінді дамып келе жатқан аймақтарының бірі саналады. Соңғы жылдары өңірдің әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері айтарлықтай өсіп, инвестициялық ахуалы жақсаруда. Географиялық тұрғыдан алғанда, облыстың орналасу ерекшелігі оның стратегиялық маңызын арттырады. Түркістан арқылы өтетін «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі өңірді жаһандық сауда мен логистикалық байланыстардың маңызды торабына айналдыруда. Бұл дәліз Қазақстанды ғана емес, күллі Орталық Азияны әлемдік нарықтармен байланыстырып тұрған экономикалық көпір іспеттес.

Сонымен қатар, еліміздің Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болуы Түркістан өңірінің экспорттық мүмкіндігін кеңейтіп, 185 миллионнан астам тұтынушысы бар үлкен нарыққа тікелей шығуға жол ашты. Бұл факторлар аймақтың инвестициялық тартымдылығын арттырып, шетелдік және отандық инвесторлардың назарын аударуда.

Осыған орай, Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров шетелдік инвесторлармен және ірі өндіріс өкілдерімен бірқатар кездесулер өткізіп, өзара әріптестік орнату мәселелерін талқылады. Кездесу барысында тараптар өңірде интеграцияланған экожүйелік өндірістік парк құру туралы бастаманы жан-жақты талдап, жобаның экономикалық тиімділігін қарастырды.

Аймақ басшысы өңірдің әлеуеті мен артықшылықтарына тоқтала отырып, тиімді ұсыныстарды қолдауға дайын екенін жеткізді.
– Қазақстан мақта талшығы бойынша экспорттаушы ел ретінде танылса да, дайын өнім – жіп, мата және киім-кешек өндірісінде импортқа тәуелді болып отыр. Бізде шикізат жеткілікті, алайда дайын өнімге айналдыру процесін кеңейту қажет. Осы бағытта Түркістан облысы зор әлеуетке ие. Өңіріміз еліміз бойынша мақта өсіру мен өңдеудің негізгі орталығы саналады. Биылғы жылы облыс бойынша мақта алқаптарының көлемі 38 мың гектарға ұлғайып, жалпы 144,5 мың гектар жерге мақта егілді. Нәтижесінде шамамен 470 мың тонна шитті мақта жиналады деп күтілуде. 50 мың гектар алқапта озық технологиялар енгізілген. Демек, шикізат жеткілікті, ендігі міндет – өңдеу тізбегін толық жолға қою, – деді Нұралхан Көшеров.

Әкімнің айтуынша, қазіргі таңда облыс аумағында 25 мақта өңдеу зауыты жұмыс істейді. Бұл кәсіпорындар жыл сайын ішкі нарық пен шетелдік серіктестерге мыңдаған тонна өнім экспорттайды. Алайда өнімнің басым бөлігі бастапқы өңдеуден аспай, дайын тауар түрінде шетелге жөнелтілуде. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында жаңа экожүйелік парк құрылмақ.

Жаңа өндірістік парк аясында тек тоқыма емес, сонымен қатар мата, жіп, киім-кешек, тұрмыстық текстиль, сондай-ақ логистика және сауда орталықтары да біртұтас жүйеге біріктіріледі. Бұл жобаның басты ерекшелігі – шикізаттан бастап, дайын өнім мен саудаға дейінгі толық циклды қамтуы.

Инвесторлар жоба шеңберінде заманауи өндіріс орындарын, қойма және логистикалық хабтарды, цифрлы басқару жүйесін енгізуді көздеп отыр. Сондай-ақ экологиялық тұрақтылыққа мән беріліп, өндіріс үдерісінде энергия үнемдейтін және қалдықсыз технологиялар пайдаланылмақ.

Жоба толық қуатында іске қосылған кезде 12 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарланған. Бұл өз кезегінде өңірдегі жұмыссыздық деңгейін төмендетіп қана қоймай, тұрғындардың табысын арттыруға зор мүмкіндік береді. Сонымен қатар өндіріс көлемі артып, өңірдің жалпы ішкі өніміндегі өнеркәсіп үлесі едәуір өседі.

Мұндай экожүйелік өндірістік парк құру Түркістанды Орталық Азиядағы тоқыма және жеңіл өнеркәсіптің ірі орталығына айналдыруға ықпал етпек. Жоба іске асқан жағдайда, облыс шекарасынан тыс аймақтармен де тығыз экономикалық байланыстар орнайды. Түркістан өңірі экспортқа бағытталған өнім өндірудің маңызды платформасына айналмақ.

Сонымен қатар инвесторлар жобаны жүзеге асыру барысында жоғары технологиялы өндіріс желілерін енгізуді, цифрландыру деңгейін арттыруды, жасанды интеллект элементтерін қолдануды жоспарлап отыр. Бұл өз кезегінде өнімнің сапасын арттырып, өндіріс шығындарын азайтуға мүмкіндік береді.

Жоба аясында кадрлық әлеуетті дамыту да назардан тыс қалмайды. Өндірістік парк аумағында оқу орталықтары мен тәжірибелік цехтар ашылып, мамандарды даярлау және қайта оқыту жүйесі жолға қойылады. Бұл бастама жастарды кәсіби тұрғыда дамуға ынталандырып, өңірде инженерлік және технологиялық мамандықтардың беделін арттырады.

Бұдан бөлек, инвесторлар Түркістан облысының кәсіпкерлерімен бірлесіп, электрондық сауда алаңдарын дамытуды, өнімді ішкі және сыртқы нарықтарда сату тетіктерін жетілдіруді көздеуде. Осы мақсатта аймақтық логистикалық және қойма орталықтарын салу, сондай-ақ шекаралас елдермен тауар айналымын арттыру жоспарланған.

Интеграцияланған экожүйелік парк жобасының табысты іске асуы Түркістан облысының экономикалық дамуына жаңа серпін береді. Бұл жоба агроөнеркәсіп, жеңіл және өңдеу өнеркәсібін, көлік және логистика секторларын бір арнаға тоғыстырып, кешенді экономикалық экожүйе қалыптастырады.

Айта кету керек, қазіргі таңда облыс аумағында инвесторларға барынша қолайлы жағдай жасау мақсатында «Turan» арнайы экономикалық аймағы жұмыс істеп келеді. Мұнда салықтық және кедендік жеңілдіктер қарастырылған, сондай-ақ дайын инфрақұрылымы бар индустриалды аймақтар мен шағын өнеркәсіптік парктер инвесторларға ұсынуда.

Мұндай бастамалар еліміздің экономикалық саясатына да сай келеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында өндірісті әртараптандыру, өңдеу секторын дамыту және шетелдік инвестиция тарту бағытында нақты міндеттер қойған болатын. Осы тұрғыдан алғанда, Түркістан облысында қолға алынған жаңа өндірістік парк жобасы – ұлттық экономиканы нығайтудың нақты қадамы.

Жоба жүзеге асқан соң облыс бюджетіне түсетін салық түсімдері артып, жаңа әлеуметтік нысандардың құрылысына да мүмкіндік туады. Өңірдің экспорттық әлеуеті артып, шетелдік серіктестіктермен жаңа экономикалық байланыстар орнайды.

Түркістан облысы соңғы жылдары инвестиция тарту бағытында республика бойынша алдыңғы қатарда. Өткен жылы өңірге тартылған инвестиция көлемі 1 трлн теңгеден асқан. Бұл көрсеткіш 2018 жылмен салыстырғанда 3 есеге артқанын көрсетеді.

Сондықтан интеграцияланған экожүйелік парк жобасы Түркістанды тек еліміздегі емес, бүкіл Орталық Азиядағы өндірістік және сауда орталығына айналдыру жолындағы маңызды қадам болмақ.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар