Түркістан облысында ауыл шаруашылығы саласын дамыту мен тұрақты өнім өндіру ісі мемлекет тарапынан жүйелі түрде қолдау табуда. Биыл өңірдің агросаласын өркендетуге және ауыл еңбеккерлерін ынталандыруға бағытталған түрлі мемлекеттік бағдарламалар арқылы 48,5 миллиард теңге қаржы бөлінді. Оның ішінде облыстық бюджеттен 43,3 миллиард теңге, ал үкіметтік резерв есебінен 5,2 миллиард теңге қаражат қарастырылған.
Бүгінгі таңда аталған қаражаттың 42 миллиард теңгесі шаруаларға нақты бағытталып, егістік алқаптары мен мал шаруашылығы кешендерінің дамуына жұмсалуда. Бұл қолдаулардың арқасында облыстағы ауыл шаруашылығы өндірісінің көлемі мен табысы айтарлықтай артып, өнім түрлері мен сапасы да жақсарған.
Аталған мәселелер Түркістан облысы әкімдігі жанындағы апталық аппараттық жиында кеңінен талқыланып, саладағы жетістіктер мен алдағы жоспарлар пысықталды.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеров өз сөзінде аграрлық сектор аймақ экономикасының негізгі тіректерінің бірі екенін атап өтіп, шаруаларды қолдау бағытындағы мемлекеттік саясаттың жалғасын табатынын жеткізді.
– «Бүгінгі таңда мемлекет тарапынан беріліп жатқан субсидиялар мен жеңілдетілген несиелер – ауыл тұрғындарының табысын арттыруға, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған нақты шаралар. Бұл қолдаулар облыстың өз кірістерін көбейтіп, ауылдық аймақтардағы экономикалық белсенділікті арттыруға серпін береді. Сондықтан аудан және қала әкімдері осы бағыттағы жұмыстарды күшейтіп, шаруаларға нақты көмек көрсетуге баса мән беруі тиіс», – деді аймақ басшысы.
Оның айтуынша, ауыл шаруашылығына бағытталған инвестиция мен субсидиялардың тиімді жұмсалуы – аграрлық сектордың тұрақтылығының кепілі. Осы мақсатта басқармалар мен аудандық әкімдіктерге нақты тапсырмалар беріліп, әр бағыт бойынша мониторинг жүйесі жолға қойылған.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Файзулла Байдуллаев өз баяндамасында биылғы мемлекеттік қолдау шараларының нәтижесінде ауыл шаруашылығында бірқатар оң өзгерістер байқалғанын айтты.
Мәселен, «Басым дақылдардың өндірісін субсидиялау» бағдарламасы аясында 4,4 миллиард теңге қаржы бөлінген. Бұл бағдарлама әсіресе жылыжай шаруашылықтарын қолдауға және көкөніс өнімдерінің маусымаралық кезеңде тапшылығын болдырмауға зор үлес қосып отыр.
Мысалы, соңғы екі жылда жылыжайлардан алынған өнім көлемі 1,3 есеге артқан. Егер 2023 жылы 78 мың тонна өнім жиналса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 101,5 мың тоннаға жеткен. Нәтижесінде наурыз–сәуір айларында, яғни маусымаралық кезеңде, көкөніс өнімдерінің бағасы тұрақтанып, нарықтағы баға өсімі тежелді. Бұл өз кезегінде тұтынушылардың да, кәсіпкерлердің де мүддесіне сай келді.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемін екі есеге ұлғайту міндеті қойылған. Осы мақсатта ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі әзірлеген 2024–2028 жылдарға арналған жол картасы аясында Түркістан облысына үлкен жауапкершілік жүктелді.
Жол картасына сай, 2025 жылы өңір бойынша 189,8 мың тонна минералды тыңайтқыш енгізу көзделіп отыр. Бұл бағытқа облыстық бюджеттен 12,2 миллиард теңге қаржы бөлінді.
Қазіргі таңда бұл жоспар артығымен орындалып, егістік алқаптарына 206 мың тонна тыңайтқыш енгізілді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,4 есе көп. Мұндай көрсеткіш – шаруалардың жаңа технологияларды тиімді пайдаланып, өнім сапасын арттыруға деген ынтасының нәтижесі.
Түркістан облысы республикадағы ең ірі аграрлық өңірдің бірі саналады.
Бүгінде республика бойынша:
ірі қара малдың 13 пайызы немесе 1 миллион 143,6 мың бас,
ұсақ малдың 22 пайызы немесе 4 миллион 947,6 мың бас,
жылқының 11 пайызы немесе 495,8 мың бас,
түйенің 14 пайызы немесе 43,2 мың бас
осы өңірдің үлесінде.
Бұл көрсеткіштер Түркістан облысының ауыл шаруашылығындағы әлеуетін айқын көрсетеді.
2024 жылдың алғашқы сегіз айында облыс шаруалары 123 мың тонна ет, 367 мың тонна сүт, 177 миллион дана жұмыртқа өндірген.
Мал шаруашылығын қолдау бағытында 25 түрлі мемлекеттік бағдарлама мен субсидиялау тетігі қарастырылған.
2024 жылдан бастап асыл тұқымды аналық мал бастарын сатып алуға ерекше басымдық беріліп отыр. Соның арқасында соңғы жылдары өңірде асыл тұқымды мал саны тұрақты өсуде.
Өткен жылмен салыстырғанда асыл тұқымды ірі қара малы 17 пайызға, ұсақ мал 3,9 есеге, ал жылқы саны 1,2 пайызға артқан.
Сонымен қатар, қайта өңдеуші кәсіпорындардың шығындарын субсидиялау бағдарламасы аясында 2023 жылы 1,3 миллиард теңге, 2024 жылы 1,85 миллиард теңге, ал 2025 жылы 1 миллиард теңге қаржы бөлінді.
Бұл қолдау өңірдегі тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібін жандандырып, ауыл шаруашылығы өнімдерінің қосылған құнын арттыруға мүмкіндік беріп отыр.
Облыста агроөнеркәсіп кешенін дамытудың кешенді бағдарламасы шеңберінде ауыл шаруашылығы кооперативтері құрылып, ұсақ шаруашылықтарды біріктіру жұмыстары да қарқын алған. Бұл өз кезегінде ұжымдық тиімділікті арттырып, өнімді өткізу нарығын кеңейтуге жол ашты.
Мысалы, 2024 жылы өңір бойынша жаңадан 15 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылып, 400-ге жуық отбасы бірігіп, бірлескен шаруашылық түрін қолға алған.
Сондай-ақ ауыл шаруашылығында цифрландыру және жаңа технологияларды енгізу бағытында да айтарлықтай нәтижелер бар. Диқандар су үнемдеу технологияларын, тамшылатып суару жүйесін және дрон арқылы егістік алқаптарын өңдеу тәсілдерін кеңінен қолдана бастады.
Бұл тәсілдер өнімнің сапасын арттырып қана қоймай, шығын көлемін азайтуға, еңбек өнімділігін арттыруға және экологиялық тепе-теңдікті сақтауға мүмкіндік беруде.
Ауыл шаруашылығын қаржыландыру саласында да оң өзгерістер бар. «Аграрлық несие корпорациясы» және «ҚазАгроҚаржы» арқылы шаруаларға жеңілдетілген несие беру жалғасуда. Мәселен, 2024 жылы тек Түркістан облысы бойынша 3 мыңнан астам шаруа қожалығы жеңілдетілген несие алып, өз шаруашылықтарын кеңейтті.
Бұдан бөлек, агроөнеркәсіп саласындағы экспорттық әлеуетті арттыру мақсатында да жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі таңда облыс өнімдері Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан нарықтарына тұрақты түрде экспортталуда. Экспорт көлемі өткен жылмен салыстырғанда 12 пайызға артқан.
Мемлекеттік қолдаулардың нәтижесінде ауыл шаруашылығы саласында еңбек өнімділігі артып, ауыл тұрғындарының әл-ауқаты жақсаруда.
Түркістан облысы еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде және экспорттық бағыттағы өнім өндірісін ұлғайтуда көш басында келеді.
Облыс әкімдігі мен тиісті басқармалар алдағы уақытта да ауыл шаруашылығын қолдау шараларын жалғастырып, ауылдық жерлердегі инфрақұрылым мен өндірістік әлеуетті арттыруға күш салмақ.
Бұл бағыттағы жұмыстар ауыл өмірінің сапасын жақсартуға, жастардың ауылда тұрақтап, кәсіппен айналысуына және ел экономикасының дамуына зор үлес қосатыны сөзсіз.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі




