Воскресенье, 4 октября, 2026
18.3 C
Shymkent
Курс доллара США к тенге в Республике Казахстан Курс евро к тенге в Республике Казахстан Курс российского рубля к тенге в Республике Казахстан
Жалпыұлттық аза тұту күні

Редакция таңдауы

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА МҰНАЙ ӨНІМДЕРІН САҚТАЙТЫН ЗАМАНАУИ ҚОЙМА САЛЫНАДЫ

Түркістан облысында энергетикалық инфрақұрылымды дамыту және өңірдің транзиттік әлеуетін арттыру бағытында ауқымды инвестициялық жоба жүзеге асырылмақ. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров «ҚазМұнайГаз-Аэро» ЖШС-нің бас директоры Ильдар Шамсутдиновпен кездесу өткізіп, мұнай өнімдерін сақтайтын заманауи қойма салу жобасын талқылады. Кездесу барысында тараптар өңірдің инвестициялық мүмкіндіктері мен көлік-логистикалық инфрақұрылымын жетілдіру бағытындағы ынтымақтастық мәселелерін ортаға салды.

Аймақ басшысы өз сөзінде Түркістан облысының географиялық және экономикалық тұрғыдан ерекше әлеуетке ие екенін атап өтті. Облыс Қазақстанның оңтүстігінде, халықаралық көлік дәліздерінің торабында орналасқан. Бұл өңір арқылы республиканың ішкі нарығы мен көршілес Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан елдеріне бағытталған жүк және жанармай тасымалы жүзеге асырылады. Осыған байланысты мұнай өнімдерін сақтау және тарату жүйесін жетілдіру – стратегиялық маңызы бар қадам болып саналады.

📌 – Мемлекет басшысы өз Жолдауында көлік логистикасын одан әрі дамыту жөнінде нақты тапсырма берген болатын. Түркістан облысының транзиттік әлеуетін тиімді пайдалану – еліміздің экономикасы үшін маңызды бағыттардың бірі. Сіздің компания ұсынған мұнай өнімдерін сақтайтын заманауи қойма құрылысы осы мақсатпен үндес келеді. Жоба жүзеге асқан жағдайда өңірдің көлік және энергетика инфрақұрылымы дамып, халықаралық деңгейдегі әріптестік байланыстар күшейе түседі. Біз өз тарапымыздан барлық қолдауды көрсетуге дайынбыз, – деді облыс әкімі Нұралхан Көшеров.

Инвестор тарапынан ұсынылған жоба Түркістан облысында жанар-жағармай және мұнай өнімдерін сақтайтын ірі резервуарлық парк (мұнай базасы) салуды көздейді. Қойманың жалпы сыйымдылығы – 20 000 текше метр. Оның ішінде 12 000 текше метрін авиаотын құрайды. Нысанның құрылысы 2026–2028 жылдары жүзеге аспақ. Жобаның жалпы құны – 5 млрд теңге көлемінде бағалануда.

Мұнай қоймасының құрылысы аяқталған соң, ол өңірдегі отын қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды тетігіне айналады. Сонымен қатар, әуе компанияларын тарту арқылы аймақтың жолаушы және жүк тасымалы әлеуеті артады. Түркістан халықаралық әуежайының жанар-жағармаймен үздіксіз қамтамасыз етілуі – авиация саласының халықаралық қауіпсіздік стандарттарына толық сәйкес келеді. Бұл өз кезегінде жаңа әуе бағыттарын ашуға, туристік және бизнес бағыттардың кеңеюіне жол ашады.

Сонымен бірге, жоба шеңберінде жаңа жұмыс орындары ашылып, жергілікті кадрларды даярлау мен өндірістік оқыту бағдарламалары іске асырылмақ. Инвестор компания өндіріс процесінде заманауи автоматтандырылған басқару жүйелерін, экологиялық қауіпсіздік талаптарына сай технологияларды енгізуді жоспарлап отыр. Бұл мұнай өнімдерінің сақталу сапасын арттырумен қатар, қоршаған ортаға зиянды әсерін азайтуға мүмкіндік береді.

Түркістан облысының индустриалды-инвестициялық саясаты бүгінде нақты нәтижелер беруде. Соңғы жылдары өңірде бірнеше ірі өндіріс орны, соның ішінде газ, құрылыс материалдары, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу және логистикалық орталықтар іске қосылған. Осы жобалардың әрқайсысы облыстың жалпы өңірлік өніміндегі өнеркәсіп үлесін арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға сеп болуда.

Мұнай өнімдерін сақтайтын қойманың салынуы өңірдің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтып қана қоймай, Түркістанды Орталық Азиядағы стратегиялық логистикалық хабқа айналдыру жолындағы маңызды қадам болып табылады. Себебі бұл нысан арқылы Түркістан халықаралық әуежайына, аймақтық автокөлік және теміржол желілеріне, сондай-ақ жақын шетел елдеріне отын жеткізу тізбегі тиімді жолға қойылады.

Кездесу соңында тараптар өзара келісімге келіп, жобаны іске асыру бойынша нақты қадамдарды қамтитын жол картасын әзірлеуге уағдаласты.

Бұл бастама өңір экономикасын әртараптандыру, инвестициялық тартымдылықты арттыру және жаңа өндіріс орындарын ашу мақсатында қолға алынған стратегиялық бағыттардың бірі ретінде бағаланып отыр.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар