Пятница, 2 октября, 2026
17.3 C
Shymkent
Курс доллара США к тенге в Республике Казахстан Курс евро к тенге в Республике Казахстан Курс российского рубля к тенге в Республике Казахстан
Жалпыұлттық аза тұту күні

Редакция таңдауы

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ПАРТИЯЛЫҚ ЖҮЙЕ МЕН АЗАМАТТЫҚ ҚОҒАМДЫ ДАМЫТУ БАҒЫТЫНДАҒЫ ЖҮЙЕЛІ ЖҰМЫСТАР ЖАЛҒАСУДА

Қазіргі таңда Қазақстанда қоғамдық-саяси тұрақтылықты сақтау, халық пен билік арасындағы байланысты нығайту, азаматтардың қоғамдық өмірге белсенді қатысуын арттыру мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының біріне айналды. Бұл ретте Түркістан облысында партиялық жүйені жетілдіру, азаматтық қоғам институттарын дамыту және қоғамдық бастамаларды қолдау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Әсіресе өңірдегі бастауыш партия ұйымдарының белсенділігі артып, тұрғындардың өзекті мәселелерін көтеру мен оларды шешу бағытындағы жұмыстар жаңа деңгейге көтерілуде.

Бүгінде қоғамдағы өзекті мәселелерді ашық талқылау, тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін ескеру және халықпен тікелей байланыс орнату саяси ұйымдардың негізгі міндеттерінің біріне айналып отыр. Осы бағытта «AMANAT» партиясы Түркістан облысында ауқымды жобаларды жүзеге асырып, тұрғындардың әлеуметтік мәселелерін шешуге және қоғамдық белсенділікті арттыруға басымдық беруде.

Түлкібас ауданында өткен «Агро» бастауыш партия ұйымы мүшелерімен, аудан жастары және студенттермен ұйымдастырылған кездесу партиялық жүйені дамытуға бағытталған маңызды шаралардың бірі болды. Кездесу барысында бастауыш партия ұйымдарының қоғаммен байланысын нығайту, жастардың белсенділігін арттыру, әлеуметтік мәселелерді талқылау және партиялық жобаларды жүзеге асыру бағытындағы жұмыстар кеңінен сөз болды.

Жиынға қатысқан «AMANAT» партиясы Түлкібас аудандық филиалының төрағасы Ержан Жүнісов өз баяндамасында бастауыш партия ұйымдарының халықпен етене жұмыс жүргізудегі рөлін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, қазіргі таңда партиялық жүйенің басты мақсаты – тұрғындардың мұң-мұқтажына құлақ асып, олардың мәселелерін нақты шешуге ықпал ету.

Соңғы жылдары Түркістан облысында бастауыш партия ұйымдарының жұмысы айтарлықтай жанданды. Аудан көлемінде тұрақты түрде қоғамдық кездесулер, ашық қабылдаулар және пікір алмасу алаңдары ұйымдастырылып келеді. Бұл жұмыстар халықтың партияға деген сенімін арттырып қана қоймай, қоғамдық мәселелердің дер кезінде көтерілуіне мүмкіндік беруде.

Тек биылғы жылдың алғашқы тоқсанында ғана аудан көлемінде ондаған кездесу ұйымдастырылып, тұрғындар тарапынан көтерілген ұсыныстар мен мәселелер назарға алынған. Атап айтқанда, ауыз су мәселесі, интернет сапасы, электр жарығы, жолдардың жағдайы, каналдарды мемлекет меншігіне қайтару және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту бағытындағы өзекті түйткілдер талқыланды.

Бұл жұмыстар азаматтық қоғам институттарының нығайып келе жатқанын көрсетеді. Өйткені қазіргі қоғамда тұрғындардың қоғамдық процестерге қатысуы, өз пікірін ашық білдіруі және әлеуметтік мәселелерді бірлесіп шешуге атсалысуы маңызды рөл атқарады.

Азаматтық қоғамды дамытуда жастардың орны ерекше. Бүгінде өңір жастары қоғамдық бастамаларға белсенді қатысып, түрлі әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға атсалысып келеді. Осы бағытта «Жастар Рухы» жастар қанаты маңызды жұмыстар атқаруда.

Жастар арасында қоғамдық белсенділікті арттыру, көшбасшылық қабілеттерді дамыту, патриоттық тәрбиені нығайту және еріктілік мәдениетін қалыптастыру бағытындағы жобалар жастар тарапынан кең қолдау тауып отыр. Соның нәтижесінде қоғамдық жұмыстарға қатысатын белсенді жастар саны артып келеді.

Қоғамдық қауіпсіздік мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. «Қауіпсіз қоғам» жобасы аясында аудан көлемінде ондаған іс-шара ұйымдастырылып, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жүргізілді. Атап айтқанда, инженерлік құдықтардың қауіпсіздігі, судағы қауіпсіздік, өрттің алдын алу және жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу мәселелері қамтылды.

Бұл жұмыстар полиция бөлімдерімен, жастар ұйымдарымен және қоғам белсенділерімен бірлесіп жүзеге асырылды. Мұндай жобалар қоғамдағы жауапкершілік мәдениетін қалыптастырып, азаматтардың қауіпсіздікке деген көзқарасын күшейтуге ықпал етеді.

Сонымен қатар әскери-патриоттық тәрбие беру бағытындағы «QAISAR» жобасы да өз нәтижесін көрсетіп келеді. Жоба аясында жастарға әскери қызметтің артықшылықтары түсіндіріліп, Қарулы Күштер құрылымдарындағы бос жұмыс орындары таныстырылды. Нәтижесінде әскери борышын өтеп келген көптеген жас тұрақты жұмыспен қамтылды.

Жастарды спортқа баулу және салауатты өмір салтын қалыптастыру бағытында да ауқымды жұмыстар жүргізілуде. «Чемпиондық рух» жобасы аясында әлем чемпиондары жастармен кездесіп, тәжірибелерімен бөлісті. Мұндай кездесулер жас спортшыларға мотивация беріп, олардың спортқа деген қызығушылығын арттыруда.

Экологиялық мәдениетті қалыптастыру мәселесіне де ерекше назар аударылуда. «Таза QAZAQSTAN», «Таза бейсенбі», «Мөлдір бұлақ» акциялары аясында аудан көлемінде ондаған экологиялық іс-шаралар ұйымдастырылды. Бұл акцияларға жастар, еріктілер және аудан тұрғындары белсенді қатысты.

Акциялар барысында көшелер тазартылып, бұлақ көздері ашылып, тарихи-мәдени нысандар ретке келтірілді. Мұндай жұмыстар қоғамдағы экологиялық жауапкершілікті арттырып қана қоймай, туған жерге деген жанашырлықты қалыптастыруға ықпал етуде.

Сарапшылардың пікірінше, партиялық жүйе мен азаматтық қоғам институттарының тиімді дамуы елдегі тұрақтылық пен қоғамдық келісімді нығайтады. Өйткені қоғам мен билік арасындағы сенімнің артуы әлеуметтік мәселелерді тиімді шешуге мүмкіндік береді.

Бүгінде Түркістан облысында жүзеге асырылып жатқан жобалар мен қоғамдық бастамалар өңірдегі қоғамдық-саяси белсенділіктің артып келе жатқанын көрсетеді. Әсіресе жастардың қоғамдық жұмыстарға тартылуы, тұрғындардың ашық пікір білдіруі және қоғамдық бастамаларға қолдау көрсетуі азаматтық қоғамның дамып келе жатқанының айқын белгісі.

Алдағы уақытта да өңірде партиялық жүйені жетілдіру, азаматтық қоғам институттарын дамыту, жастарды қолдау және әлеуметтік мәселелерді бірлесіп шешу бағытындағы жұмыстар жалғасын таба бермек

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар