Түркістан облысында экологиялық ахуалды жақсарту, тұрғындар үшін таза және қауіпсіз ортаны қамтамасыз ету мақсатында қатты тұрмыстық қалдықтарды басқару жүйесін жетілдіру жұмыстары күшейтілді. Бұл бағыттағы мәселелер облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен аппараттық мәжілісте жан-жақты қаралып, алдағы жоспарлар мен өзекті мәселелер сараланды.
Қазіргі таңда облыс аумағында 128 қатты тұрмыстық қалдық тастайтын полигон бар. Оның ішінде 35-і аудандық, 40-ы ауыл округінде орналасқан, ал 50-і сенімгерлік басқаруға берілген. Жүргізілген талдау нәтижесінде полигондардың көпшілігі санитарлық-экологиялық талаптарға сәйкес еместігі анықталды. Осыған байланысты облыс басшысы аудан және қала әкімдеріне нақты тапсырмалар беріп, полигондарды талапқа сәйкестендіру, қалдықтарды тиімді басқару және сұрыптау бағытындағы шараларды күшейтуді міндеттеді.
– Қатты тұрмыстық қалдықтар тастайтын полигон орындарын талапқа сәйкестендіріп, оңтайландыру қажет. Аудан, қала әкімдері сенімгерлік басқаруға берілген полигондардың міндеттемелерін орындауын қамтамасыз етуі тиіс. Бей-берекет қоқыс орындарын алдын алу бағытында тиісті жұмыстарды күшейтуді тапсырамын. Жауапты басқарма полигондарды тиімді пайдалану, қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу бойынша нақты ұсыныстар әзірлесін, – деді Нұралхан Көшеров.
Мәжілісте облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Ғалымжан Төлепов 2024-2026 жылдарға арналған қалдықтарды басқару іс-шаралары жоспарын таныстырды. Баяндамасында өткен жылы үш полигонның құрылысына 598 млн теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары жүргізілгенін жеткізді. Биыл полигондарды оңтайландыру арқылы 33 полигон жабылуы тиіс еді, алайда кейбір аудан, қала әкімдіктерінде тиісті жұмыстар толық жүргізілмеген. Сонымен қатар 29 полигонды санитарлық-экологиялық талаптарға сәйкестендіру жұмыстары жоспарланған. Қазіргі таңда Арыс қаласында – 3, Шардара ауданында – 3, Созақ ауданында – 4 полигон қалпына келтірілуде. Жұмыс көлемі – 537,7 млн теңге.
Сонымен қатар қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу бағытында жаңа жобалар іске қосылуда. Мысалы, Сарыағаш ауданындағы «Sadyk Bereke» ЖШС «Жасыл даму» АҚ механизмі арқылы қағаз қалдықтарын қайта өңдеп, жұмыртқа лотогын дайындайтын қондырғыны іске қосты. Бұл қондырғы «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ-ның жеңілдетілген қаржыландыруымен құрылып, қалдықтарды өңдеудің тиімді моделін ұсынады.
Түркістан облысын дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған жоспарына сәйкес, қалдықтардың қайта өңдеу үлесін 2025 жылға 31% деңгейіне жеткізу көзделген. Биылдың 10 айы бойынша бұл көрсеткіш 30%-ға жетті. Келесі жылы қалдықтарды қайта өңдеу үлесін 33%-ға жеткізу жоспарлануда.
Бұдан бөлек, бей-берекет қоқыс орындарын анықтау және жою мақсатында «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұйымының түсірілімдері пайдаланылды. Соның нәтижесінде облыс аумағында 249 нүкте (16 ауданда) анықталып, қазіргі уақытта толық тазалау жұмыстары жүргізілген. Бұл шаралар табиғатқа келетін залалды азайтып, экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған.
Қалдықтарды басқарудың тиімді жүйесін қалыптастыру, санитарлық талаптарды сақтау және қайта өңдеу инфрақұрылымын дамыту арқылы Түркістан облысы «Таза Қазақстан» бағдарламасының мақсаттарына толық сәйкес келеді. Бағдарлама аясында полигондарды реттеу, қоқысты сұрыптау, қайта өңдеу және бей-берекет қоқыс орындарын жою сияқты іс-шаралар экологиялық мәдениетті арттыруға, қоршаған ортаны қорғауға және өңірдің жасыл экономика қағидаттарын іске асыруға ықпал етеді.
Облыс әкімінің тапсырмасымен атқарылып жатқан бұл жұмыстар тек табиғатты қорғауға ғана емес, тұрғындар үшін қауіпсіз және таза ортаны қалыптастыруға да бағытталған. Алдағы кезеңде қалдықтарды қайта өңдеу көлемін ұлғайту, полигондарды талапқа сәйкестендіру және экологиялық шараларды тұрақты жүргізу арқылы Түркістан облысы экологиялық тұрғыдан сау және жасыл өңірге айналуға ұмтылуда.




