Түркістан облысында су ресурстарын қорғау және тиімді пайдалану бағытында маңызды қадам жасалуда. Су ресурстары және ирригация министрлігінің бастамасымен өңірде суару суын жеткізуге арналған келісімшарттарды цифрлық форматта рәсімдеуге мүмкіндік беретін жаңа биллинг ақпараттық жүйесі пилоттық режимде енгізілуде. Бұл бастама экология мен су ресурстарын қорғау саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарына толық сәйкес келеді.
Аталған жобаны іске асыру мақсатында Су ресурстары және ирригация министрлігі, «Су ресурстары ақпараттық-талдау орталығы» КЕАҚ және «Қазсушар» РМК мамандарынан құралған жұмыс тобы Түркістан облысының Жетісай, Мақтаарал, Шардара, Созақ және Отырар аудандарында түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Мамандар шаруалармен, канал басшыларымен және су пайдаланушылар бірлестіктерінің өкілдерімен кездесіп, цифрлық биллинг жүйесінің артықшылықтары мен жұмыс тәртібін жан-жақты таныстыруда.
Жаңа жүйенің басты мақсаты – суару суын жеткізуге қатысты барлық құжат айналымын толықтай цифрлық форматқа көшіру. Бұған дейін көп уақыт пен қағазбастылықты талап еткен өтініш беру, келісімшарт жасасу, төлем жүргізу және орындалған жұмыстар бойынша актілерді алу процестері енді бір платформа арқылы онлайн режимде жүзеге асырылады. Бұл су пайдаланушылар үшін қолайлылықты арттырып қана қоймай, адами фактордың әсерін азайтып, қызмет көрсету сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.
Цифрлық биллинг платформасы Бірыңғай жер кадастрымен, салық жүйесімен және Су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесімен интеграцияланады. Соның нәтижесінде пайдаланушылардың қатысуынсыз барлық қажетті деректер автоматты түрде алынады. Электрондық цифрлық қолтаңба арқылы өтініштер бірнеше минут ішінде рәсімделіп, электронды келісімшарт су беру кезегін автоматты түрде айқындайды. Ал төлемдер мобильді қосымшалар мен интернет-банкинг арқылы жүргізіледі. Барлық құжаттар мен қаржылық операциялар пайдаланушының жеке кабинетінде сақталып, кез келген уақытта қолжетімді болады.
Бұл жүйе су беру мен су тұтыну көлемдерін нақты есепке алуға мүмкіндік береді. Нәтижесінде су ресурстарын тиімді жоспарлау, артық шығындардың алдын алу және су тапшылығының тәуекелдерін төмендету қамтамасыз етіледі. Әсіресе ауыл шаруашылығы дамыған Түркістан облысы үшін мұндай цифрлық шешімдердің маңызы зор. Су ресурстарын ұтымды пайдалану экологиялық тепе-теңдікті сақтауға, жердің тұздануы мен тозуының алдын алуға ықпал етеді.
Су ресурстары ақпараттық-талдау орталығының басқарма төрағасы Қайратғали Хайрулланың айтуынша, цифрлық биллинг платформасын енгізу су шаруашылығы саласындағы процестердің ашықтығы мен тиімділігін арттырады. Бұл өз кезегінде экология мен су ресурстарын қорғау бағытындағы жүйелі жұмыстарды жаңа деңгейге көтереді.
Жалпы алғанда, Түркістан облысында іске асырылып жатқан бұл жоба «Таза Қазақстан» экологиялық бастамаларының, жасыл экономика қағидаттарының және табиғи ресурстарды ұқыпты пайдалану саясатының нақты көрінісі болып табылады. Су ресурстарын басқаруда заманауи цифрлық технологияларды қолдану өңірдің тұрақты дамуына, экологиялық қауіпсіздікке және халықтың әл-ауқатын арттыруға қызмет етеді.




