Воскресенье, 4 октября, 2026
21.3 C
Shymkent
Курс доллара США к тенге в Республике Казахстан Курс евро к тенге в Республике Казахстан Курс российского рубля к тенге в Республике Казахстан
Жалпыұлттық аза тұту күні

Редакция таңдауы

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ТЕАТР, КІТАПХАНА, МУЗЕЙЛЕРГЕ КЕЛУШІЛЕР САНЫ АРТҚАН

Түркістан облысында мәдениет саласында негізгі алты бағыт бойынша халыққа қызмет көрсетілуде. Бұл бағыттарға театр саласы, концерттік ұйымдар, музей қызметі, кітапхана, тарихи-мәдени мұралар және тілдерді дамыту мен ономастика салалары кіреді. Облыс көлемінде аталған бағыттар бойынша жауапты басқармаға қарасты барлығы 24 мәдениет мекемесі жұмыс істейді. Мәдениет мекемелерінің жұмысы, халыққа қызмет көрсету деңгейі, мәдениет пен руханият салаларының әлеуетін көтеру мәселелері облыс әкімі аппаратының апталық мәжілісінде жан-жақты талқыланды.

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров мәдениет саласын дамытуға ерекше көңіл бөліп, жауапты басшыларға нақты тапсырмалар берді. «Мәдениет саласы – облыстың рухани дамуының тірегі. Сондықтан мәдениетімізді дамыту үшін жүйелі кемшіліктерді уақытында анықтап, нақты шешім қабылдау қажет. Әрбір іс-шараның концепциясын қайта қарап, креативті идеяларды пайдаланып, жаңа ұсыныстар енгізуіміз керек. Мәдениет саласын дамыту бойынша кешенді іс-шаралар жоспарын бекітіп, аудан мен қалалардағы кітапханалар, мәдениет үйлері мен клубтардың жағдайына тұрақты мониторинг жасап, кезең-кезеңімен шешу қажет», — деді әкім.

Облыстық мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаевтың айтуынша, өңірдегі үш театрда биылғы 9 айда 15 жаңа спектакль сахналанып, жалпы 245 қойылым көрсетілген. Оған 35 мың көрермен қатысқан. Жыл соңына дейін театрларда тағы 15 жаңа қойылым көрермен назарына ұсынылатын болады. Бұл көрсеткіштер өңірдегі театр өнерінің дамып келе жатқанын және көрермендер қызығушылығының артып отырғанын көрсетеді.

Түркістан облысында Ш. Қалдаяқов атындағы облыстық филармония мен «Конгресс холл» көп салалы кешені белсенді қызмет атқарады. Екі концерттік ұйымның ұйымдастыруымен биыл 145 концерт пен мәдени іс-шара өткізілген, оған 85 500 көрермен қатысқан. Бұл көрсеткіш облыс тұрғындарының мәдени шараларға белсенді қатысып, рухани даму деңгейінің артып келе жатқанын аңғартады.

Облыстағы 24 музейде 2025 жылдың 9 айында 552 көрме, 5 983 экскурсия және 482 көпшілік іс-шара ұйымдастырылды. Музейге келушілер саны 205 178 адамды құрады, бұл 2024 жылғы сол кезеңмен салыстырғанда 5%-ға артқан. Биыл музейлерге 2 167 жаңа жәдігер қабылданып, жалпы жәдігер саны 178 134-ке жеткен. Бұл көрсеткіштер музейлердің экспозициялық әлеуетінің кеңейіп, тарихи-мәдени мұраларды сақтау және таныстыру жұмыстарының белсенді жүргізіліп отырғанын көрсетеді.

Қазіргі уақытта облыста 388 кітапхана халыққа қызмет көрсетуде. 2025 жылдың 9 айында кітапханаларда 9 987 көпшілік іс-шара өткізіліп, 23 985 дана жаңа кітап қорға қосылған. Жалпы кітап қоры 6 054 726 данаға жеткен. Кітапханалардағы оқырмандар саны 351 096 адамды құрап, 2024 жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 2,5%-ға артқан. Бұл көрсеткіштер тұрғындардың оқу мәдениетінің артқанын, ақпаратқа қолжетімділіктің жоғарылағанын көрсетеді.

«Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында облыста биыл 7 мәдениет нысанында құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Бұл нысандар Бәйдібек – 1, Мақтаарал – 2, Түлкібас – 1, Сауран – 1, Кентау – 1, Төлеби – 1 аудандарында орналасқан. Жыл соңына дейін бұл нысандар пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Сонымен қатар, 9 нысанның құрылыс жұмыстарына қаржы бөлінген (Сауран – 1, Түлкібас – 2, Сарыағаш – 3, Келес – 1, Ордабасы – 1, Жетісай – 1) және олар 2026 жылы пайдалануға берілмек. Жергілікті бюджет есебінен Түркістан қаласындағы 500 орындық мәдениет үйі пайдалануға берілді.

Қазіргі таңда «Artsport.kz» ақпараттық жүйесі арқылы облыс аумағында 221 өнім беруші арқылы 676 үйірмеде 18 575 бала тегін шығармашылық үйірмелерге қатысып жатыр. Бұл жүйе балалардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға, мәдениет пен өнерге деген қызығушылығын арттыруға мүмкіндік береді. Жүйе арқылы үйірмелерге қатысу және сабақ кестесін бақылау тұрақты жүргізілуде.

Түркістан облысы әкімдігі мәдениет саласында жүйелі жұмыстарды жалғастыра отырып, өңірдің рухани әлеуетін көтеруге, тарихи-мәдени мұраларды сақтауға және жастардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға бағытталған нақты іс-шараларды жүзеге асыруды жалғастыра береді. Облыс тұрғындары мен ұйымдары мәдениет саласындағы барлық бастамаларға белсенді қатысып, өз ұсыныстары мен пікірлерін білдіруге шақырылады.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар