Биыл Түркістан облысында өнеркәсіп саласында бірқатар ірі жобалар іске қосылып, заманауи өндіріс көлемі 1,3 трлн. теңгеге жетті. Бұл көрсеткіш өңір экономикасының тұрақты дамуын, энергия тиімділігін арттыру мен жасыл экономика қағидаттарын енгізудің нақты нәтижесін көрсетеді.
Облыс әкімінің хабарлауынша, 2025 жылдың алғашқы 10 айында өнеркәсіп саласында 22 жоба іске асырылып, жалпы құны 107 млрд. теңге болатын жобалар жүзеге асты. Нәтижесінде 2 443 жаңа жұмыс орны құрылды. Атап айтқанда, Созақ ауданында табиғи уран өңдеу кешені («Катко» ЖШС) іске қосылды. Жоба құны 35 млрд. теңге, 300 жұмыс орны қамтамасыз етілді. Отырар ауданында 2 мақта өңдеу зауыты («Kazakhstan Lihua» ЖШС) іске қосылып, 960 жаңа жұмыс орны құрылды. Бұл өндіріс кәсіпорындарында заманауи технологиялар қолданылып, шикізатты тиімді өңдеу және энергияны үнемдеу шаралары енгізілуде.
Сонымен қатар Түлкібас ауданында RC Cola сусындарын шығаратын зауыт («Beibars Bottlers» ЖШС) 96 жұмыс орнымен пайдалануға берілді, Сайрам ауданында заманауи ет комбинаты («KazEcoMeat» ЖШС) жұмысын бастады. Ордабасы ауданында алюминий бұйымдарын шығаратын зауыт («Central Asia Aluminium» ЖШС) іске қосылды. Барлық жобалар өндірістік қуатты арттырып қана қоймай, энергия тиімділігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Жыл соңына дейін 103,5 млрд. теңгеге қосымша 8 өнеркәсіп жобасын іске қосу жоспарлануда. Бұл жобалар өңірде энергияны үнемдеуді, жасыл технологияларды енгізуді және өндірістік процестерді экологиялық таза деңгейге жеткізуді қамтамасыз етеді.
Президенттің Жолдауына сәйкес, өңірде Орталық Азия елдерімен экономикалық байланыстарды күшейтуге ерекше көңіл бөлінуде. Осы мақсатта көршілес Өзбекстанмен келіссөздер нәтижесінде 100 гектар аумақта «Орталық Азия халықаралық кооперация орталығы» құрылды. Бұл орталық кеден бекетімен заманауи қоймалар мен өндірістік нысандарды интеграциялай отырып, логистикалық қызмет көрсетеді. Қазіргі таңда 7 инвестор осы орталықта жобаларды жүзеге асыруға қызығушылық танытып отыр. Жобалар іске асырылғаннан кейін өңір экономикасына 185 млрд. теңге инвестиция тартылып, 1 175 жұмыс орны құрылуы, бюджетке қосымша 355 млн. теңге салық түсуі жоспарланып отыр.
Өнеркәсіп өнімдерінің жалпы көлемі 10 айда 1,3 трлн. теңгеге жетіп, өсім деңгейі 113,4%-ды құрады. Бұл көрсеткіш өңірде жасыл экономика қағидаттарын енгізу және энергия тиімділігін арттыру бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстың нақты нәтижесін көрсетеді. Индустриалды аймақтар, шағын өндірістік парктер мен арнайы экономикалық аймақтарда іске асырылып жатқан жобалар энергияны үнемдеуге, экологиялық таза технологияларды пайдалануға және өндірістің тұрақты дамуына мүмкіндік беріп отыр.
Қазіргі таңда Түркістан облысы жаңа технологияларды енгізу арқылы энергияны тиімді пайдалану, экологиялық таза өндіріс жүргізу және жасыл экономиканың қағидаттарын іс жүзінде іске асыру арқылы республиканың жетекші өңірлерінің бірі болып отыр. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасып, жаңа өндіріс орындары мен инвестициялық жобалар экономика мен экологияны қатар дамытатын стратегияға қызмет етеді.
Барлық жоба мен өндірістік кәсіпорындар энергия тиімділігін, экологиялық таза технологияларды және жасыл экономиканы басшылыққа ала отырып құрылып, өңірдің тұрақты дамуына, экологиялық жағдайдың жақсаруына және жаңа жұмыс орындарының ашылуына үлес қосып отыр.




