Вторник, 6 октября, 2026
8.3 C
Shymkent
Курс доллара США к тенге в Республике Казахстан Курс евро к тенге в Республике Казахстан Курс российского рубля к тенге в Республике Казахстан
Жалпыұлттық аза тұту күні

Редакция таңдауы

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ЖАҢА СУ ҚОЙМАЛАРЫНЫҢ САЛЫНУЫ – СУ РЕСУРСТАРЫН ҚОРҒАУ ЖӘНЕ ЖАСЫЛ ЭКОНОМИКАҒА БАҒЫТТАЛҒАН СТРАТЕГИЯЛЫҚ ЖОБА

Түркістан облысында су ресурстарын тиімді басқару, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және ауыл шаруашылығының тұрақты дамуына жағдай жасау мақсатында ірі инфрақұрылымдық жобалар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Соның айқын дәлелі – өңірде салынып жатқан «Бәйдібек-ата» және «Қарақуыс» су қоймаларының құрылысы. Қазіргі таңда бұл нысандардың құрылысы аяқталуға жақын, ал олардың іске қосылуы облыс үшін экологиялық әрі экономикалық тұрғыдан үлкен маңызға ие болмақ.

Көлемі 68 миллион текше метрді құрайтын «Бәйдібек-ата» су қоймасы Түркістан облысының Бәйдібек ауданында, Балабөген және Үлкен Бөген өзендерінің қосылатын тұсында, жалпы аумағы 860 гектар жерге салынып жатыр. Ауқымды нысанның бөгетінің ұзындығы 1,75 шақырымды, ал биіктігі 26 метрді құрайды. Қазіргі таңда жоба аясындағы құрылыс жұмыстарының 75 пайызы аяқталған.

Аталған су қоймасының негізгі мақсаты – тасқын және еріген қар суларын жинақтап, вегетациялық кезеңде қосымша су көлемін Бөген су қоймасына тиімді бағыттау. Бұл өз кезегінде су ресурстары тапшылығының алдын алып, өңірдегі суармалы егіншіліктің тұрақты дамуына мүмкіндік береді. Су қоймасы арқылы жиналған су қоршаған ортаға зиян келтірмей, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану қағидаттарына сай бөлінеді.

«Бәйдібек-ата» су қоймасынан Бөген су қоймасына су жеткізу мақсатында «Сарқырама» каналының құрылысы да қатар жүргізілуде. Ұзындығы 21,7 шақырым болатын бұл канал секундына 12 текше метрге дейін су өткізе алады. Нәтижесінде 2,5 мың гектар суармалы алқап тұрақты түрде сумен қамтамасыз етіледі. Қазіргі таңда шамамен 21 шақырым учаскеде құрылыс жұмыстары толық аяқталып, жоба жоспарға сай іске асуда.

Сонымен қатар, Түркістан облысының Төлеби ауданында көлемі 1,2 миллион текше метрді құрайтын «Қарақуыс» су қоймасының құрылысы жүргізіліп жатыр. Бұл нысанның құрылыс-монтаж жұмыстары 90 пайызға аяқталған. Су қоймасы іске қосылған соң, 500 гектарға жуық суармалы жерді сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл – жергілікті ауыл шаруашылығы өндірісінің өнімділігін арттырып, өңір экономикасының дамуына серпін беретін маңызды фактор.

Жаңа су қоймаларының салынуы экология мен су ресурстарын қорғау бағытындағы мемлекеттік саясаттың маңызды бөлігі болып табылады. Климаттың өзгеруі, жауын-шашын мөлшерінің азаюы және су тапшылығы жағдайында су қорын жинау, сақтау және тиімді пайдалану – стратегиялық маңызы бар міндет. Осы тұрғыда аталған жобалар су ресурстарын басқарудың заманауи тәсілдерін енгізуге мүмкіндік беріп отыр.

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов атап өткендей, барлық құрылыс жұмыстары заманауи сапа стандарттарына сай жүргізілуде. Жаңа су қоймалары тасқын және еріген қар суларын тиімді пайдалануға жол ашып, су ресурстары азайып жатқан кезеңде аса өзекті мәселелердің шешімін табуға ықпал етеді. Сонымен қатар, қосымша суармалы алқаптарды игеруге, Бөген су қоймасындағы су деңгейін қауіпсіз реттеуге мүмкіндік береді.

Гидрологиялық есептеулерге сәйкес, Бөген өзені арқылы орташа жылдық су ағыны 165 миллион текше метрге жетеді. Осы суды жинап, жүйелі түрде реттеп, халық пен ауыл шаруашылығы қажеттіліктеріне бағыттау – өңірдің экологиялық қауіпсіздігі мен экономикалық тұрақтылығы үшін маңызды. Бұдан бөлек, жаңа су қоймалары ауыл шаруашылығымен қатар, балық шаруашылығын, мал шаруашылығын және экологиялық туризмді дамытуға да қолайлы жағдай жасайды.

Жалпы алғанда, Түркістан облысында салынып жатқан «Бәйдібек-ата» және «Қарақуыс» су қоймалары – жасыл экономика қағидаттарын іске асыруға, су ресурстарын қорғауға және қоршаған ортаны сақтауға бағытталған ірі әрі стратегиялық жобалар. Бұл нысандар өңірдің ұзақ мерзімді дамуына қызмет етіп, болашақ ұрпақ үшін табиғи ресурстарды сақтауға мүмкіндік береді.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар