Пятница, 2 октября, 2026
24.3 C
Shymkent
Курс доллара США к тенге в Республике Казахстан Курс евро к тенге в Республике Казахстан Курс российского рубля к тенге в Республике Казахстан
Жалпыұлттық аза тұту күні

Редакция таңдауы

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ЖАСЫЛ ЭКОНОМИКА ҚАҒИДАТТАРЫ АЯСЫНДА АГРОӨНДІРІСТІК КЕШЕНДЕР ДАМЫТЫЛУДА

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде «жасыл экономикаға» көшу, энергия тиімділігін арттыру, су ресурстарын үнемді пайдалану және қоршаған ортаны қорғау мәселелері мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының біріне айналды. Осы бағытта Түркістан облысында жүйелі жұмыстар жүргізіліп, экологияға зияны аз, заманауи технологияларға негізделген инвестициялық жобалар іске асырылуда.

Түркістан облысы – аграрлық әлеуеті жоғары өңір. Бұл ретте су ресурстарын тиімді пайдалану, ауыл шаруашылығында заманауи әрі экологиялық таза технологияларды енгізу аса маңызды. Өңір басшылығы шетелдік және отандық инвесторлармен бірлесе отырып, су үнемдеу, энергия тиімді өндірістерді дамытуға басымдық беріп келеді.

Осы мақсатта Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров шетелдік инвесторлармен кездесіп, өңірде жүзеге асырылып жатқан және алдағы уақытта қолға алынатын жобаларды талқылады. Кездесу барысында облыс басшысы Түркістан өңірінің инвестициялық тартымдылығы жоғары екенін атап өтіп, экологияға бағытталған, жасыл экономика қағидаттарына сай жобаларға жан-жақты қолдау көрсетілетінін жеткізді.

– Біз үшін ең бастысы – экологияны қорғау мен экономиканы қатар дамыту. Су ресурстарын үнемдеу, энергия тиімді технологияларды енгізу – болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілігіміз. Осы бағыттағы әрбір тиімді жобаға қолдау көрсетуге дайынбыз, – деді Нұралхан Оралбайұлы.

Су үнемдеу – ауыл шаруашылығының басты бағыты

Түркістан облысында су тапшылығы мәселесі өзекті екені белгілі. Сондықтан өңірде тамшылатып суару, су үнемдейтін технологияларды енгізу кеңінен қолға алынуда. Осы орайда Жетісай ауданында жүзеге асырылып жатқан агроөндірістік кешен жобасы – жасыл экономиканың нақты көрінісі.

Жетісай ауданы, Асықата кентіндегі индустриалды аймақта «Altyn kun group» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бастамасымен су үнемдеу жабдықтарын өндіруге бағытталған ірі жоба іске асырылуда. Жоба Қытай елінің озық тәжірибесіне негізделіп, ауыл шаруашылығында суды тиімді пайдалануға мүмкіндік беретін өнімдер шығаруға бағытталған.

Аталған жоба аясында индустриалды аймақта жалпы аумағы 8 гектар жерге 4 бірдей зауыт салу жоспарланған. Қазіргі таңда шетелдік инвестиция есебінен жобаның бірінші кезеңі жүзеге асырылып, 4 гектар аумақта жылына 3000 тонна ПВХ құбырын өндіретін зауыт іске қосылды. Бұл құбырлар суару жүйелерінде кеңінен қолданылып, су шығынын азайтуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар жылына 3 миллион метр тамшылатып суару лентасын өндіретін зауыттың құрылысы аяқталуға жақын. Тамшылатып суару технологиясы суды 40-50 пайызға дейін үнемдеуге мүмкіндік беріп, егін өнімділігін арттыруға ықпал етеді. Бұл – су ресурстарын қорғау және экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз етудің тиімді жолы.

Алдағы уақытта қалған 4 гектар аумақта қуаттылығы жылына 5000 тонна агрономикалық пленка және 5000 тонна гранула өндіретін зауыттар іске қосылмақ. Бұл өнімдер де ауыл шаруашылығында энергия тиімділігі мен экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған.

Инвестиция және жаңа жұмыс орындары

Жобаның жалпы инвестициялық құны 10 миллион АҚШ долларын құрайды. Инвесторлар биылғы жылы жобаны толық аяқтап, 100-ге жуық жаңа жұмыс орнын ашуды жоспарлап отыр. Бұл өз кезегінде өңір тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамтуға және әлеуметтік-экономикалық жағдайды жақсартуға оң әсерін тигізеді.

«Altyn kun group» ЖШС құрылтайшысы Лю Кесонг жобаның алғашқы өндірістік желісі небәрі 3 ай ішінде іске қосылғанын атап өтіп, облыстық және аудандық әкімдік тарапынан көрсетілген қолдау үшін алғысын білдірді. Сондай-ақ ол болашақта смарт технологиялар арқылы егін егу жобаларын жүзеге асыруға ниетті екенін жеткізді.

Қытайлық серіктестер де Түркістан өңірінің инвестициялық әлеуетіне жоғары баға беріп, агросала, құрылыс және сауда бағыттарындағы жобаларын ұсынды. Бұл – өңірдің халықаралық деңгейдегі сенімді әріптеске айналып келе жатқанын көрсетеді.

Жасыл экономика – тұрақты даму кепілі

Түркістан облысында жүзеге асырылып жатқан бұл жоба «жасыл экономика» қағидаттарына толық сәйкес келеді. Су үнемдеу, энергия тиімді өндіріс, экологиялық таза өнім шығару – өңірдің тұрақты дамуына бағытталған маңызды қадамдар.

Айта кетейік, 2025 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша Түркістан облысының экономикасына 1,4 трлн теңге инвестиция тартылып, өсім 123 пайызды құрады. Нәтижесінде 146 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылды. Ал Жетісай ауданына осы кезеңде 42,4 млрд теңге инвестиция тартылып, нақты көлем индексі 110,6 пайызға жетті.

Бұл көрсеткіштер Түркістан облысының инвестициялық тартымдылығының артып келе жатқанын және жасыл экономикаға бағытталған саясаттың тиімді жүзеге асырылып жатқанын айқын көрсетеді.

Алдағы уақытта өңірде су ресурстарын қорғау, энергия тиімділігі, экологияны сақтау бағытындағы жобалар жалғасын табады. Бұл бастамалар «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының мақсаттарымен де үндесіп, қоршаған ортаны қорғау мәдениетін қалыптастыруға септігін тигізеді.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар