Түркістан облысы агросекторының әлеуетін арттырумен қатар, жасыл экономика қағидаттарын дәйекті енгізу бағытында ауқымды жобалар жүзеге асырылып келеді. Соның бірі – Келес ауданында іске қосылған «Ecoculture-Eurasia» ЖШС жылыжай кешені. Жылына 27 мың тонна көкөніс өндіретін бұл нысан заманауи технологияларды қолдануымен, ресурс тиімділігін сақтауға бағытталған инженерлік шешімдерімен және экологиялық тұрғыдан таза өндірістік тәсілдерімен өңірдегі стратегиялық жобалардың қатарына кірді.
Жобамен ҚР Парламенті Сенатының Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің депутаттары арнайы танысты. Делегация құрамында комитет төрағасы Әли Бектаев, комитет мүшелері, облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков, облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов және ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Файзулла Байдуллаев болды. Қонақтар жылыжай кешенінің инфрақұрылымымен, өндірістік қуаттылығымен және енгізіліп жатқан жаңа технологиялармен танысып, өңірдің жасыл экономика бағытындағы жүйелі жұмыстарына оң бағасын берді.
Жоба жалпы 51,88 гектар аумақты қамтиды. Биыл оның 21 гектары қосымша пайдалануға берілмек. Ал толық қуатында жұмыс істеген кезде жылыжайда жылына 27 мың тонна көкөніс – негізінен қызанақтың ұсақ және ірі жемісті сорттары өсіріледі. Голландиялық жоғары өнімділікке негізделген технологияны қолдану арқасында бұл өндіріс экологиялық тиімділік пен энергия үнемдеу талаптарына толық сәйкес келеді. Жоба шеңберінде суды үнемдейтін тамшылатып суару жүйесі, жылу балансы қатаң бақыланатын климаттық бақылау жабдықтары, газбен жылытудың жоғары тиімді қазандықтары орнатылған.
Жылыжай кешенін іске қосу барысында энергетикалық тиімділікке ерекше мән берілді. Кешендегі 9 қазандықтың жалпы қуаттылығы 14 МВт құрайды. Олар еуропалық стандарттарға сай келетін, жылу шығынын төмендетуге мүмкіндік беретін қондырғылармен жабдықталған. Сонымен қатар, жылыжайдың барлық блоктары полиэтиленмен қапталып, энергия жоғалту көрсеткіші барынша азайтылған. Инженерлік инфрақұрылымды қамтамасыз ету мақсатында газ, электр және су жүйелері тартылуда. Бұл шаралар энергия тиімділігін арттырумен қатар, парниктік газдар шығарындыларын азайтуға ықпал етеді.
Жоба өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына да елеулі үлес қосады. Қазіргі таңда екі блокта 12,5 гектар аумақта көшет отырғызуға дайындық аяқталған. Қазан айында 6,25 гектарға “Климон F1” қызанақ сортының көшеттері отырғызылып, алғашқы кезеңде 100 адам жұмыспен қамтылды. Жалпы жоба толық іске қосылғанда 1 337 адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ. Бұл – ауылдық аймақтың еңбек нарығын қолдаумен қатар, заманауи агроөндірістік мамандарды даярлауға мүмкіндік беретін маңызды бастама. Кәсіпорында қызметкерлерді оқыту және тәжірибеден өткізу жүйесі де енгізілген.
«Ecoculture-Eurasia» жылыжай кешені Түркістан облысының аграрлық секторының жаңа сапалық деңгейге көтерілуіне ықпал етеді. Көкөністердің қысқы-көктемгі маусымдағы тапшылығын төмендету, экспорттық әлеуетті арттыру, экологиялық таза өнім өндірісін ұлғайту – жобаның негізгі артықшылықтары. Сонымен бірге, жылыжай кешенінің іске қосылуы өңірде су ресурстарын ұтымды пайдалану, энергия тиімділігі саясатын күшейту және жасыл экономикаға көшу бағытындағы жұмыстардың нақты нәтижесін көрсетеді.
Делегация мүшелері жылыжай кешенінің өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі, энергия үнемдеу технологияларын енгізудегі және жасыл экономика қағидаттарын ілгерілетудегі маңызын ерекше атап өтті. Түркістан облысында осындай ірі жобалардың жүзеге асуы өңірдің агроөнеркәсіп кешенін әртараптандырумен қатар, экологиялық таза әрі ресурс үнемдейтін өндіріс моделін кеңінен дамытуға мүмкіндік береді.




