Түркістан облысында ауыл мектептерінің білім беру әлеуетін арттыру, дарынды оқушыларды қолдау және жаратылыстану бағытындағы пәндерді тереңдетіп оқытуға жағдай жасау жұмыстары қолға алынған.
Өңірдегі мектептердің 87 пайызы ауылдық елді мекендерде орналасқан. Сондықтан ауыл оқушыларының сапалы білімге, заманауи зертханаларға және кәсіби тәлімгерлерге қол жеткізуі білім саласындағы маңызды бағыттардың бірі саналады.
Осы мақсатта «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен жаңа оқу жылында облыстағы 100 ауыл мектебін 300 заманауи физика, химия және биология кабинетімен жабдықтауға 5 млрд 114 млн теңге бағытталуда.
Жоба аясында 4 600 педагог пен 100 мектеп директорының біліктілігін арттыру жоспарланған. Сонымен қатар «Білім-Инновация» халықаралық қорымен бірлесіп, үш жылдық менторлық қолдау ұйымдастырылады.
Ауыл оқушыларының зияткерлік әлеуеті түрлі олимпиадалар мен ғылыми байқауларда да көрініс тауып келеді. 2025-2026 оқу жылында мектепішілік олимпиада кезеңіне 368 мыңнан астам оқушы қатысқан. Облыстық деңгейдегі 30-дан астам олимпиада мен байқауға шамамен 6 мың бала қатысып, 330 оқушы республикалық кезеңге жолдама алған. Олардың 93-і – ауыл мектептерінің оқушылары.
Сонымен қатар облыстың ауыл мектептері командасы «Ең үздік олимпиадалық команда» аталымы бойынша Бас жүлдені иеленген. Халықаралық Жәутіков олимпиадасына қатысқан алты оқушының төртеуі жүлдегер атанды.
Робототехника мен инженерия бағытында да жетістіктер бар. Төлеби ауданының «TOLEBI DARYN» командасы ALEM TECH FEST-2026 фестивалінде Бас жүлдеге ие болған.
Алдағы кезеңде дарынды балаларды қолдау тек олимпиадалық жетістіктермен шектелмейді. Негізгі міндет – ауыл оқушыларының қабілетін ерте анықтап, олардың сапалы білім алуына, ғылыми ізденіспен айналысуына және халықаралық деңгейде тәжірибе жинақтауына мүмкіндік жасау.
Ауыл баласының да үлкен жетістіктерге жетуіне барлық жағдай жасалуы тиіс. Бұл – өңірдің зияткерлік әлеуетін арттырудың маңызды тетігі.
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ АУЫЛ МЕКТЕПТЕРІНДЕ 100 ОҚУШЫЛЫҚ ЗЕРТХАНА ОРТАЛЫҒЫ ЖАҢАРТЫЛАДЫ




