
Түркістан сарайында Ханбибі Есенқарақызының 75 жылдығына арналған «Хан қызындай Ханбибі» атты шығармашылық кеш өтті.
Ғимараттың фойесінде ақынның шығармашылығына арналған кітап көрмесінің таныстырлымы болды. Сондай-ақ, “Қазақ ұлт аспаптар” оркестрінің орындауында дәстүрлі әндер орындалды. Шараға Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков пен елімізге белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Әдеби кештің модераторы — ақын Бауыржан Жақып.
Шарада Шымкент қаласының өнерпаздары мерей той иесінің сөзіне жазылған әндерді орындап, жырлар оқыды. Шара барысында ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған бейнеролик те көрсетілді.
Қала әкімі Ханбибі Есенқарақызын арнайы құттықтау хатын табыстады.
— Өр тұлғалардың ізін жалғаушы, поэзия әлемінде махаббат пен қайсарлықты жүрегінен өткізіп жырлаған Ханбибі апамыз проза жанрында да айрықша із қалдырды. Оның «Қанат қақты», «Бұлтсыз аспан», «Жұлдызым», «Жан гүлім», «Жанайқайы» сынды туындылары тек Қазақстанда ғана емес, шетелде де танымал. Көптеген өлеңдері орыс, украин, якут, өзбек және қырғыз тілдеріне аударылған. Сондай-ақ, ол «Алтынай», «Қадиша», «Дос іздедім», «Көңілгүл» және «Нурикамал» сияқты танымал әндердің сөзін жазған автор. Жуырда «Нурикамал» әнінің желісімен көркемфильм түсіріліп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Ханбибі Есенқарақызы қазақ әдебиетінде, әсіресе поэзия жанрында ерекше орын алады,-деді Ғ.Сыздықбеков.
Шығармашылық кеште, ҚР Парламенті Сенатының депутаттарының, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттарының және Қазақстан Жазушылар Одағының ақынға арналған құттықтау хаттары табысталды.




