Түркістан облысы соңғы жылдары кәсіпкерлікті дамыту мен өндіріс саласын қолдауда елеулі нәтижелерге қол жеткізіп келеді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, облыс әкімдігі жаңа жұмыс орындарын ашу, өңірдің экономикалық әлеуетін арттыру және шағын бизнесті қолдау бағытындағы нақты шараларды жүйелі түрде жүзеге асыруда.
Осы ретте облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес, Түлкібас ауданында шағын өнеркәсіптік аймақтар құру жұмыстары қарқын алды. Бұл бастама – кәсіпкерлікті жаңа деңгейге көтеріп, өндірістік әлеуеті жоғары аудандардың бірін дамытудың нақты қадамы.
Қазіргі таңда аудан аумағындағы Майлыкент, Тастұмсық, Балықты және Машат ауылдық округтерінде шағын өнеркәсіптік аймақтардың инфрақұрылымын қалыптастыру ісі басталды. Әрбір аймаққа қажетті жер телімдері бөлініп, құрылыс жұмыстары жоспарлы түрде жүріп жатыр. Бүгінде нысандардың инженерлік желілерін тарту, электр қуатын жеткізу, ауызсу мен кәріз жүйесін орнату, сондай-ақ жолдарға тас төсеу жұмыстары қолға алынған.
Бұл өндірістік аймақтарда жеке кәсіпкерлер мен шағын бизнес өкілдеріне мемлекет тарапынан кешенді қолдау көрсетілмек. Атап айтқанда, кәсіп иелері дайын инфрақұрылымы бар жер телімдерін пайдалану мүмкіндігіне ие болып, жеңілдетілген несие мен гранттық бағдарламалар арқылы өз жобаларын жүзеге асыра алады.
Аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімі мамандарының айтуынша, шағын өнеркәсіптік аймақтарда тамақ өңдеу, құрылыс материалдарын шығару, жиһаз жасау, тігін және жеңіл өнеркәсіп өнімдері өндірісі сияқты бағыттарға басымдық беріледі. Бұл өз кезегінде аудан экономикасының әртараптандырылуына және импортты алмастыру саясатына елеулі үлес қосады.
Түлкібас ауданының әкімі Асқар Естібаев өз сөзінде бұл бастаманың аудан халқы үшін маңыздылығын атап өтті:
📌 «Шағын және орта бизнесті қолдау – өңірдің тұрақты дамуының кепілі. Жаңа өнеркәсіптік аймақтар іске қосылған соң жүздеген тұрғын тұрақты жұмыс орнымен қамтылады. Бұл – халықтың табысын арттырып қана қоймай, жергілікті бюджетке түсетін салық көлемін де ұлғайтады», – деді ол.
Аудан бойынша бүгінде инвестиция көлемі 8,5 миллиард теңгеге жуық жобалар іске асырылып жатыр. Оның басым бөлігі өңдеу өнеркәсібі мен агроөнеркәсіп салаларына бағытталған. Шағын өндіріс нысандарының құрылуы осы үрдісті одан әрі жандандырып, ауылдық жерлердегі кәсіпкерліктің дамуына жаңа серпін береді.
Кәсіпкерлердің айтуынша, шағын өнеркәсіптік аймақтардың басты артықшылығы – инфрақұрылымның дайын болуы мен әкімдік тарапынан көрсетілетін сүйемелдеу қызметі. Бұрын кәсіпкерлер жеке ғимарат салып, жарық пен суды өз қаражатына тартуға мәжбүр болса, енді бұл мәселе жергілікті бюджет есебінен шешілуде.
Тастұмсық ауылындағы кәсіпкер Ерлан Сәрсенбаев былай дейді:
📌 «Бұрын өндірістік ғимарат салу үшін бірнеше рұқсат алу керек болатын. Қазір аудан әкімдігі «бір терезе» қағидасы арқылы барлық құжат рәсімін жеңілдетіп беріп отыр. Бұл – бизнесті ашуға және дамытуға үлкен мүмкіндік», – дейді ол.
Майлыкент ауылдық округінде де жұмыс қызу жүріп жатыр. Мұнда болашақта азық-түлік өнімдерін өңдеу және қаптау цехы, ет және сүт өнімдерін қайта өңдеу орталығы, сондай-ақ жергілікті шеберлерге арналған өндірістік шеберханалар ашылмақ. Әрбір жобаның жүзеге асуы ауыл тұрғындарына жаңа жұмыс орындарын ұсынып, ауыл шаруашылығымен қатар өндірістік бағыттағы экономиканы да дамытады.
Облыстық Өнеркәсіп және индустриалды-инновациялық даму басқармасының мәліметінше, Түркістан өңірінде соңғы екі жылда 15-ке жуық жаңа индустриалды аймақ пен шағын өндірістік парк ашылған. Оның ішінде Сайрам, Шардара, Кентау, Созақ және Түлкібас аудандары инвестиция тарту көлемі бойынша алдыңғы қатарда.
Мұндай өндірістік аймақтар тек кәсіпкерлер үшін ғана емес, жастар үшін де жаңа мүмкіндіктер ашпақ. Себебі мұнда техникалық мамандар, инженерлер, құрылысшылар және логист мамандар сұранысқа ие болмақ. Бұл жастардың ауылдан қалаға көшуін азайтып, ауылды жерде тұрақтап, еңбек етуіне жағдай жасайды.
Сонымен қатар, жобаның экологиялық аспектісі де ескерілген. Барлық жаңа нысандар энергия тиімді технологиялармен, жасыл стандарттарға сай жүйелермен жабдықталады. Өндіріс орындарында қалдықсыз технологиялар қолданылып, қоршаған ортаға әсері барынша азайтылмақ.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің айтуынша, өңірде кәсіпкерлікті дамыту – экономикалық саясаттың басты бағыттарының бірі.
📌 «Түркістан облысы – инвестиция тартуға қолайлы өңір. Біздің міндетіміз – бизнеске ашық әрі қолайлы жағдай жасау. Инфрақұрылымы бар шағын өндіріс аймақтарын дамыту арқылы жаңа жұмыс орындарын ашып, тұрғындардың табысын арттырамыз. Бұл – экономикалық өсімнің басты тетігі», – деді әкім.
Жалпы, Түлкібас ауданында жүзеге асырылып жатқан жобалар аяқталған соң, шамамен 350-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Алдағы уақытта кәсіпкерлер саны артып, өндірістік қуаттар ұлғая түскен сайын бұл көрсеткіш одан әрі өсе түсетіні анық.
Жоба аясында келесі жылы тағы екі ауылдық округте – Қарабұлақ пен Азнабай елді мекендерінде де өндірістік аймақтар ашу жоспарланып отыр. Бұл бағыттағы жұмыстарға облыстық бюджеттен тиісті қаражат бөлініп, жобалық-сметалық құжаттамалар дайындалуда.
Экономикалық сарапшылардың пікірінше, мұндай бастамалар өңірлік дамудың теңгерімділігін қамтамасыз етеді. Себебі, шағын өнеркәсіп нысандарының ашылуы ауылдық жерлерде жаңа өндіріс ошақтарын қалыптастырып, ішкі нарықты отандық өнімдермен қамтамасыз етуге, импортқа тәуелділікті азайтуға сеп болады.
Мұндай аймақтарда өндірілген өнімдер болашақта Түркістан қаласы мен көршілес облыстардың нарығына шығарылады. Бұл өз кезегінде аймақаралық сауданы кеңейтіп, логистика мен көлік инфрақұрылымын дамытуды қажет етеді. Осыған байланысты аудан әкімдігі мен облыстық басқармалар бірлесіп, жол, су және байланыс жүйесін жетілдіру бойынша кешенді жоспар әзірлеуде.
Жалпы алғанда, Түлкібаста басталған бұл жұмыс өңірдің өндірістік әлеуетін арттырып қана қоймай, жергілікті тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға, жастардың өз ауылында еңбек етуіне, шағын және орта бизнестің өркендеуіне жол ашпақ.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі




