Воскресенье, 4 октября, 2026
21.3 C
Shymkent
Курс доллара США к тенге в Республике Казахстан Курс евро к тенге в Республике Казахстан Курс российского рубля к тенге в Республике Казахстан
Жалпыұлттық аза тұту күні

Редакция таңдауы

ТҮРКІСТАН: ЖЕТІСАЙ АУДАНЫНДА ЗАМАНАУИ ЗАУЫТТЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ БАСТАЛДЫ

Түркістан облысында индустриялық әлеуетті арттыру, жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыру және жұмыссыздық деңгейін төмендету бағытында ауқымды шаралар жүргізілуде. Осыған орай, Жетісай ауданында заманауи зауыт құрылысын бастау жұмыстары қолға алынды. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасы бойынша индустриялық аймақтарда инфрақұрылымдық мәселелер шешіліп, жаңа жобаларды іске асыру арқылы аудан экономикасын дамыту жоспарланған.

Атап айтқанда, Жетісай ауданында жалпы аумағы 59 гектарды құрайтын «Жетісай» өңірлік маңызы бар индустриялық аймақ құруға қажетті инфрақұрылымдық жұмыстар басталды. Жобалау-сметалық құжаттар әзірленіп, қаржыландыру бойынша қажетті рәсімдер жүргізілуде. Аудан әкімі Серік Мамытов индустриялық аймаққа барып, құрылыс алаңын аралап, шетелдік инвесторлармен кездесу өткізді. Кездесу барысында жаңа зауыттарды іске қосу, инвестиция тарту және өндірістік қуатты арттыру мәселелері талқыланды.

Жетісай индустриялық аймағында құрылысы басталған зауыт жалпы құны 15 млн АҚШ долларын (шамамен 7,5 млрд теңге) құрайды. Бұл зауыт ауыл шаруашылығы саласына қажетті тамшылатып суғару құрал-жабдықтары мен пленкаларды шығаратын болады. Соңғы 30 жылда ауданда алғаш рет іске қосылатын зауыт бола отырып, аудан экономикасына тың серпіліс берері сөзсіз. Бұл өндіріс аудандағы ауыл шаруашылығы секторын заманауи технологиялармен қамтамасыз етіп, жергілікті фермерлердің өнімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Бүгінде аудан әкімдігі әлеуетті жобаларды іске асыруға ынталы инвесторлармен келіссөздер жүргізуде. Нәтижесінде индустриялық аймақта орналастыруға межеленген жалпы құны 31,2 млрд теңге болатын 9 жобаның 6 жобасы, нақтырақ айтқанда: сүт өңдеу зауыты, мақта өңдеу зауыты, жіп иіру фабрикасы, су үнемдеу жабдықтарын өндіру зауыты және полиэтилен қалдықтарын қайта өңдеу зауыттары, 2026 жылы пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Жаңа зауыттардың іске қосылуы нәтижесінде ауданда 1 083 тұрақты жұмыс орны ашылады. Бұл көрсеткіш өңірдегі жұмыспен қамту деңгейін елеулі түрде жақсартуға септігін тигізеді.

Айта кетейік, соңғы жылдары Жетісай ауданына тартылған инвестициялар қарқынды өсіп келеді. 2022 жылы ауданда 14,9 млрд теңге инвестиция тартылса, 2023 жылы бұл көрсеткіш 25,4 млрд теңгені құрады. 2024 жылы 43,7 млрд теңге инвестиция тартылып, ал биылғы жылдың 8 айында 22,3 млрд теңге қаржы аударылды. Соңғы 5 жылда инвесторлар есебінен негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 94,5 млрд теңгеге жетті. Ал 2024-2030 жылдар аралығында индустриялық аймақтарды дамыту және жаңа өндірістерді іске қосу мақсатында бұл бағытқа 419,6 млрд теңгенің инвестициясын тарту жоспарлануда.

Жетісай ауданындағы индустриялық аймақтарды дамыту жобалары өңір экономикасының тұрақты өсуіне, кәсіпкерліктің дамуына және тұрғындардың әлеуметтік жағдайының жақсаруына айтарлықтай үлес қосады. Жаңа зауыттар мен өндірістер тек жұмыс орындарын ашып қана қоймай, сонымен қатар ауданның инфрақұрылымдық әлеуетін арттырып, экспорттық мүмкіндіктерін кеңейтеді. Инвесторларға қолайлы жағдай жасау, инфрақұрылымды дамыту және жобаларды сапалы орындау облыс әкімдігінің басты назарында болып отыр.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар