Түркістан қаласында 570 орынға арналған заманауи көпбейінді аурухана құрылысы жалғасуда. Ауқымды жоба Түркияның «YDA Group» компаниясы тарапынан жеке бастама ретінде жүзеге асырылып жатыр.
ҚР Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев Түркістан облысына жұмыс сапары барысында облыс әкімі Нұралхан Көшеровпен бірге құрылыс алаңына барып, нысандағы жұмыстардың барысын тексерді. Мердігер компания өкілдерімен кездесу өткізіліп, жобаның негізгі мәселелері мен алдағы міндеттері талқыланды.
Премьер-министрдің орынбасары нысанның өңір үшін стратегиялық маңызы бар екенін атап өтіп, құрылыс сапасын бақылауды күшейтуді және инженерлік инфрақұрылымды толық аяқтауды тапсырды.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеров болашақ аурухананы заманауи медициналық жабдықтармен қамтамасыз ету және мамандарды алдын ала даярлау қажеттігін айтты. Оның айтуынша, бұл нысан өңірге жоғары технологиялы медициналық қызмет көрсететін ірі орталық болады.
Жоба туралы негізгі ақпарат
-
Аумағы: 15,6 гектар
-
Ғимарат: 7 қабат
-
Жалпы ауданы: 83 277 шаршы метр
-
Құрылыс дайындық деңгейі: 87%
-
Пайдалануға беру мерзімі: келесі жыл
Көпбейінді аурухана іске қосылғаннан кейін Түркістан облысының тұрғындарына кең көлемде медициналық қызмет ұсынатын жаңа аймақтық орталыққа айналады.




