Вторник, 6 октября, 2026
13.3 C
Shymkent
Курс доллара США к тенге в Республике Казахстан Курс евро к тенге в Республике Казахстан Курс российского рубля к тенге в Республике Казахстан
Жалпыұлттық аза тұту күні

Редакция таңдауы

ТҮРКІСТАНДА ХАЛЫҚАРАЛЫҚ СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚПЕН КҮРЕС КҮНІНЕ ОРАЙ АҒАШ ОТЫРҒЫЗУ ШАРАСЫ ӨТТІ

Түркістанда 9 желтоқсан – Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күні қарсаңында мәні терең экологиялық акция ұйымдастырылды. Бұл шара Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» ұлттық бағдарламасының аясында өткізілді. Аталған бастама өңірде жүйелі түрде жалғасып келеді. Жоғарыда аталған мерекеге орай Түркістан қаласындағы «Парасат» саябағында 150-ге жуық ағаш отырғызылып, жаңа «Бірлік аллеясы» салтанатты түрде ашылды.

Іс-шараға Түркістан облысының мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов, облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Абылайхан Наурызбаев, басқарма мен департамент жетекшілері, мемлекеттік қызметкерлер және ерікті жастар қатысты.

Шара барысында сөз алған мәслихат төрағасы Нұралы Әлмаханұлы жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мен табиғатқа жанашырлық идеясының астасып жатқанын атап өтті.

– Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күнін ағаш отырғызу арқылы атап өту – терең символдық мәнге ие. Себебі жемқорлықпен күрес те ағаш өсірудей табандылықты, жаңаруды және тазалықты талап етеді. Әрбір егілген көшет – қоғамдағы жаңару мен ашықтыққа деген талпынысымыздың белгісі. Бұл – келешек ұрпаққа аманат, – деді ол.

Ал облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Әбдісаттарұлы Президенттің 5 жыл ішінде 2 миллиард түп ағаш отырғызу жөніндегі тапсырмасының орындалуы бойынша өңірде атқарылып жатқан нақты жұмыстары туралы айтты. Ол бұл іске қала тұрғындарын, мемлекеттік органдар мен жастарды белсенді түрде атсалысуға шақырды.

Экологиялық маңызы зор шара концерттік бағдарламаға ұласты. Биылғы жылдың күзгі маусымында өңірде 500 мыңнан астам ағаш отырғызу жоспарланған. Бүгінге дейін орман шаруашылығы мекемелерінен 400 мыңнан аса көшет босатылып, егілуде. Оның ішінде қарағай, терек, қарағаш, үйеңкі секілді ағаш түрлері бар.

Түркістан өңірінде көгалдандыру мен экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады. Бұл бастама табиғатқа жанашырлық таныту мен қоғамның адалдыққа ұмтылысын біріктіретін маңызды қадам болып табылады.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар