Түркі әлемінің рухани ордасы саналатын Түркістанда тағы да ірі ғылыми басқосу басталды. Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде ХІ Халықаралық Түркология Конгресі өз жұмысын бастады. Екі жылда бір рет дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын бұл ауқымды ғылыми жиын түркі халықтарының тарихын, тілін, мәдениетін және рухани байланысын терең зерттеуге бағытталған маңызды алаң болып табылады.
Биылғы конгрестің тақырыбы – «Түркология және Түркі дүниесі». Оны Түркология ғылыми-зерттеу институты ұйымдастырса, бірлесіп өткізушілер қатарында Түркияның Хажеттепе университеті, Селчүк университеті, Анкара Қажы Байрам Вели университеті, Қазақстандағы М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты, Өзбекстандағы Ә.Науаи атындағы Мемлекеттік әдебиет музейі және Әзірбайжан Ұлттық ғылым академиясы бар.
Ғылыми жиынға Қазақстанмен қатар, Ресей, Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан, Қытай, Әзірбайжан, Башқұртстан, Татарстан және Қарақалпақстан елдерінен келген түрколог-ғалымдар қатысты. Конгреске барлығы 500-ге жуық зерттеуші онлайн және оффлайн форматта қатысып, өздерінің ғылыми тұжырымдарын ортаға салуда.
Ашылу салтанатында сөз алған университет ректоры, профессор Жанар Темірбекова түркология ғылымының әлемдік деңгейдегі маңыздылығына тоқталды.
– Түркі халықтарының ортақ тарихы мен мәдениеті – біздің болашағымыздың берік іргетасы. Түркі тілдері мен өркениеттерін ғылыми тұрғыда зерделеу – бірлігіміздің басты кепілі. Қожа Ахмет Ясауи атындағы университет әрқашан түркология ғылымының дамуына қолдау көрсетіп келеді. Бұл конгресс – тек ғылыми пікірталас емес, бауырлас халықтардың арасындағы рухани көпір, – деді ол.
Конгресстің басты мақсаты – түркология ғылымының қазіргі даму бағыттарын айқындау, жаңа ғылыми тұғырнамалар қалыптастыру және түркі дүниесі бойынша ортақ зерттеу кеңістігін құру. Осы арқылы түркі елдері арасындағы ғылыми ынтымақтастықты нығайту және бірегей мәдени мұраны әлемдік деңгейде насихаттау көзделген.
Жиын барысында ғалымдар түркологиялық зерттеулердің теориялық және әдістемелік қырларын талдап, олардың практикалық маңызын айқындау мәселелеріне басымдық берді. Сонымен қатар, түркі тілдерінің дамуы, жазу реформалары, әдеби байланыстар, этнографиялық және тарихи зерттеулер төңірегінде мазмұнды пікірталастар өтті.
Конгресс аясында 30-дан астам белгілі ғалым 120 баяндама оқиды. Әр секциялық отырыста түркологияның өзекті бағыттары қамтылып, қатысушылар өз зерттеулерінің нәтижелерімен бөлісуде. Ғылыми бағдарлама алты негізгі бағыт бойынша жүргізілуде:
Түркі тілі және әдебиеті,
Түркі мәдениеті және өнері,
Түркі тарихы және әлеуметтік-мәдени құрылымдар,
Түркі дүниесі және халықаралық қатынастар,
Түркі тілдерін оқыту және тіл саясаты,
Түркі дүниесіндегі қазіргі әлеуметтік-саяси және экономикалық дамулар.
Сонымен қатар, конгресс барысында 24 секциялық отырыс ұйымдастырылып, ғалымдар өзара пікір алмасып, ортақ ғылыми тұжырымдар қалыптастырды. Түрлі елдерден келген қатысушылар түркі халықтарының тілдік және мәдени байланыстарының тамыры тереңде жатқанын атап өтіп, осы бағыттағы зерттеулерді жүйелеудің маңыздылығын айтты.
Басқосу аясында жас ғалымдарға арналған пікірталас алаңы да ұйымдастырылды. Онда түркі әлемінің жас зерттеушілері өз идеяларын ұсынып, ғылыми жобаларын таныстырды. Бұл бастама – жаңа буын түркологтарының кәсіби дамуына жол ашып, ғылымдағы сабақтастықты қамтамасыз етудің тиімді тәсілі.
Конгресс жұмысы бірнеше күнге созылады. Қорытынды отырыста халықаралық ғылыми қауымдастық түркологияны дамыту жөнінде арнайы резолюция қабылдап, келесі басқосуды Түркия жерінде өткізу жөнінде ұсыныс жасамақ.
Түркістан төрінде өтіп жатқан ХІ Халықаралық Түркология Конгресі – бауырлас елдердің бірлігін, мәдени тұтастығын және ортақ тарихқа деген құрметін паш еткен айтулы оқиға болды. Бұл жиын түркі әлемінің ғылыми байланысын нығайтып, түркологияның болашақтағы жаңа бағыттарын айқындауға зор серпін бермек.




